Жарнама
Медицина

Кеңес дәуірінен бері шешілмеген мәселе

Ауырған жан дертіне дауа іздейді. Ондайда жүгінетіні – дәрігер. Бірақ қазір емханадағы ұзын-сонар кезек сырқат түгілі, сау адамның өзін қажытып жіберетіні жасырын емес. Оны бәрі білсе де, ашық айтпайды. Себебі, елде дәрігер тапшылығы туралы жыл сайын айтылғанымен, кеңес дәуірінен бері шешілмей келе жатыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы. Соның салдарынан науқас жандар емхана жағалап, айлап кезек күтуге мәжбүр. Медицина қызметкерлерінің артық жүктемемен жұмыс істеп отырғаны да сондықтан. Жыл сайын күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе Атырау облысында да өзекті. Бұл жайт баршамызға ортақ проблемаға айналған. Әсіресе жас дәрігерлер шалғай ауылға барып жұмыс істегісі келмейді.

Зейнеткерлер жұмыста жүр

Енді Атыраудағы ахуалға зер салайық. Облыстық денсаулық басқармасының мәліметі бойынша өңірде 1660 дәрігер, 5339 орта медициналық қызметкер жұмыс жасайды. 10 мың халыққа шаққанда мамандардың қамтамасыз етілуі тиісінше 23,4 және 78,1%. Бүгінде облыста 139 дәрігер жетіспейді. Мәселен, емдеу-сауықтыру мекемелерінен жиналған ақпараттарды жіліктесек, биылғы тоғыз айда 107 дәрігер жұмысқа қабылданса, түрлі себеппен 224 дәрігер жұмыстан шығып кеткен. Ал, зейнет жасындағы 173 дәрігер әлі жұмыстан қол үзбеген.

Негізінен жетіспейтіні акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, терапевт, хирург, сәулелік диагностика дәрігерлері екен. Ал, ауылдарда 9 жалпы тәжірибелі дәрігер, 3 акушер-гинеколог және 3 терапевт маманға сұраныс жоғары.

Қазіргі статистика облыс бойынша 213 дәрігердің босану және бала күтімі бойынша демалыста отырғанын көрсетіп тұр. Оның 45-і – 2022 жылдан бері, 82-сі – 2023 жылдан бері әлеуметтік демалыста, тек биылдың өзінде 86 дәрігер әлеуметтік демалысқа кетіпті. Олардың тек 50-і биыл жұмысқа қайта қосылды.

«Жастар ауылға бармайды…»

Дәрігер тапшылығы – ауылда өте өзекті мәселе. Қазір емдеу-сауықтыру мекемелерінде жұмыс істейтіндердің ішінде зейнеткерлер көп. Бұл да мәселені тереңдете түседі екен.

Тәжірибелі жалпы тәжірибелік дәрігер Жарқын Әбілқайыровтың пікірінше, жастардың ауылға келіп, еңбек етуге аса құлшынысы жоқ. оны өздері де түсіндіре алмайды.

– Өзі туып-өскен ауылға келіп, жанашырлық сезіммен сауапты қызметке білек сыбана кіріспесе, өзге өңірдегі мамандар бізге қайдан келсін?! Мемлекет тарапынан қомақты көмек-қолдау үшін әлеуметтік төлем алатындар ғана келісім-шарт негізінде үш немесе бес жыл жұмыс істеуге мәжбүр. Олар жұмыстан кеткен соң мәселе қайтадан күн тәртібіне шығады, — дейді ол.

Құрманғазы ауданына жақсы таныс дәрігер-акушер-гинеколог Лиза Шайхимова жасы жетпіске таяса да, аудандық ауруханада әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр. Жастарды медицина саласына үйретіп, 40 жылдан астам еңбек тәжірибесімен де бөліседі. Білікті дәрігер медицина саласын таңдаған жас маманның еңбек жолын ауылда бастағаны кейін көп көмек болатынын айтады.

– Ауданға мамандар көптеп келсе, жұмыс істеу де қызықты болар еді. Өкінштісі, жастар қаладағы емханаларда жұмыс істегенді тәуір көреді. Өмірімді осы салаға арнағандықтан, дәрігерге қажетті тәжірибені ауылдан алып келе жатырмын. Қаладағы ауруханаларда жас маман отаға бірден қатыса алмайды. Ал, ауданда мол тәжірибе жинап, ысылып, жетіледі. Өз басым бізге келген жастарға қамқорлығым мен көмегімді аямаймын. Олар біздің орнымызды басуы қажет қой. Өкінішке қарай, мұны түсініп жатқан жастар аз. Мемлекет жас маманға қолайлы жағдайдың барлығын жасап отыр. Егер әрбір жастың бойында өз мамандығына шын берілгендік, еліне деген сүйіспеншілік болса шешімін таппайтын проблема болмас еді деп ойлаймын, — деп ағынан жарылды Лиза Каримқызы.

Наркоз беру оңай емес

Денсаулық сақтау саласында пенденің қолы жеткен ұлы жаңалықтың бірі – жанды ауыртпай күрделі оталар жасау, наркоз арқылы небір дерттерді сылып тастау. Ондайда анестезиолог-реаниматологтың біліктілігі өте жоғары маңызға ие. Білікті маманның арқасында кез-келген хирургиялық араласу кезінде науқастар қиналмайды. Сырқаттың жанын аман алып қалу үшін ажалмен тікелей күресетін дәрігер атануға мықты жүрек пен темірдей төзім қажет.

Мұны облыстық кардиологиялық орталықтың реанимация бөлімінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Жангелді Қадыров та растайды. 30 жылға жуық тәжірибесі бар жоғары санатты дәрігер облыста биылғы қаңтарда 51 анестезиолог-реаниматолог қызмет етсе, қазір олардың саны 75-ке өскенін айтып қуанды. Алайда әлі де 44 дәрігер жетіспейді екен. Былтыр мемлекеттік және жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде резидентура бағдарламасы бойынша білім алған 6 дәрігер, биыл 10 дәрігер жұмысқа орналасыпты. Жас мамандарға бір реттік көмек, қызметтік пәтер берілген.

Жыл басталғалы облыста анестезиолог-реаниматологтардың көмегімен 1000-ға тарта күрделі ота жасалыпты. Оның 300-ге жуығы – жүрекке жасалған ашық түрдегі ота. Маман жетіспеушілігінен тәулік бойы тынымсыз еңбек ететін анесте­зиолог-реаниматологтарға физиологиялық тұрғыда да, психикалық тұрғыда да жүк артылатыны аңғарылады.

– Біздің жұмыстағы ең күрделі мәселелердің бірі – күйзеліс. Себебі, өте ауыр жағдайдағы пациенттер түседі. Сол себепті тез әрекет қабылдап, дұрыс шешім қабылдап, науқасқа көмек жасау қажет. Бұл асқан жауапкершілікті талап етеді. Адам ауруханаға түскен кезде бізге өз өмірін тапсырады. Отадан кейін науқас наркоздан оянғанша жанында болып, бақылап жүреміз. Ауыр науқастардың жай-күйін іштей сезініп, тіпті комада жатқанда да олармен сөйлесіп жүреміз. Ал, жағдайы жақсарып, аяғына тұрып, бөлімшеге ауысқан кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — дейді Жангелді Есенжанұлы ағынан жарылып.

Түлектер қайда кетіп жатыр?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау филиалы ашылғанына да бірер жылдың жүзі аунады. Филиал басшысы Гүлнар Әбілова басты проблеманы түбегейлі шешу мақсатында нақты қадам жасалып жатқанын айтты. Мысалы, белгілі бір бағытқа машықтанған 8 клиникалық мамандық бойынша резидентура бағдарламасымен филиалда I-IV курста оқып жатқан 38 резидент, 57 интерн тәжірибеден өтіп, еңбек жолын бастаған. Оларға бекітілген 19 тәлімгер тиісті бағыт-бағдар беріп келеді екен.

2023-2024 жылдары облыс бойынша 58 маман білім жетілдіру курстарынан өтіпті. Былтырдан бастап көшпелі циклді ұйымдастыру жүргізілуде. Әлі атқарылатын жұмыс жеткілікті.

Мемлекеттен қолдау көп

Жас дәрігерлерге мем­лекеттен де, жергілікті әкімдік тарапынан да қолдау тетіктері қарастырылған. 2018 жылдан бастап резидентура бағдарламасы бойынша білім алушыларға грант бөлініп келеді. Биыл дәрігер болуға ниетті 113 атыраулық облыс әкімдігінің грантына ие болған. Оның 82-сі – бакалавриат, 31-і резидентураға оқуға түсті.

Кадрларды тұрақтандыру мақсатында облыс әкімі Серік Шәпкенов былтырғы 5 мамырда Атырау облысына медицина қызметкерлерін тарту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Соған орай 2023 жылға дейін Атырау облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес ауылдарға жіберілген жас және өзге өңірлерден шақырылған мамандарға 1 миллион теңге көлемінде бекітілген әлеуметтік жәрдемақы беріліп келген еді. Былтырғы 3 тамызда енгізілген өзгерістерге байланысты мұның көлемі қаладағы медицина мекемелеріне келген мамандарға 3 миллион, ал ауылдық елді мекендерге келген мамандарға 5 миллион теңгеге дейін көбейтілген.

Сөйтіп, былтыр облысқа 118 жас және шақырылған маман келіп жұмысқа орналасыпты. Оның 34-іне 5 миллион теңгеден, 63-іне 3 миллион теңгеден әлеуметтік қолдау берілген. Ал, 9 маманның 2022 жылы жұмысқа келгені ескеріліп, 1 миллион теңге көлемінде қолдау жасалды.

Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың қолдауымен медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге берілетін біржолғы әлеуметтік қолдау көлемі биыл 1 тамыздан бастап қалаға келген маманға 5 миллион, аудан орталығындағы медициналық мекемелерге орналасқандарға 8,5 миллион, ауылдық деңгейдегі мекемелерге жұмысқа орналасқан медицина қызметкеріне 10 миллион теңгеге дейін өскен.

Сондай-ақ облыста бұл проблеманы болдырмау үшін медицина қызметкерлерінің баспана мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері дәрігерлерге 105 пәтер берілген. Бір реттік көтерме ақы бойынша 97, жеңілдетілген ипотека бойынша 40 маман пәтерге ие болып отыр.

Облыс әкімдігі тарапынан сала қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуы үшін олардың біліктілігін арттыруына толық жағдай бар. 2022 жылы облыста 846 бейінді маман, оның ішінде 105 маман Израиль, Германия мемлекеттерінде біліктілігін арттырып келсе, Израиль елінен мамандар келіп жергілікті 132 маманға көшпелі шеберлік сабақтарын өткізген. Былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы арқылы 431 маманның біліктілігі арттырылған.

Әрине, жауапты министрлік пен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынған жұмыс та аз емес. Бірақ зейнет жасындағы кадрлар мен соған жақындаған дәрігерлер көп ұзамай орнын босататынын, ал жоғары оқу орнына түскен мамандар ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындайтынын ескерсек, кеңес дәуірінен бері шешімін таппаған медицина саласындағы кадр тапшылығының жақын арада шешілуі екіталай.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button