Жарнама
МедицинаҚоғам

«Індеттен қорғайтын ЕКПЕ ғана!»

Жұт – жеті ағайынды» деген рас екен. Әлемді жайлаған коронавирустың будандастырылған жаңа түрлері шығып, ел-жұртты әбігерге салуда. Мұны дәрігерлер «үнділік штамм» – «дельта» деп атайды. Ең қорқыныштысы, ковидтың бұл түрі тез тарап барады. Осындай қысылтаяң кезде еліміздің билік басындағы азаматтары көпшілікті екпе алуға шақырып, ауыр дерттің алдын алуды ойластырып отыр.

Дүниежүзінің иммунолог-дәрігерлері сияқты медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибелі профессоры Рафаил Розенсонның бұл тақырыпқа қатысты айтатын ойы, өзіндік ұстанымы бар. Сонымен, маманның сөзіне назар аударсақ…

– Қай кезден де екпе – адамзаттың ең үздік ғылыми жаңалығы. 1794 жылы дәрігер Эдвард Дженнер сиыр желінінен алынған шешек вирусын ағылшындарға еккеннен кейін шешекпен ауырғандар кәдімгідей азайды. Ал, 70 жылдан кейін француз Луи Пастер вирусты әлсіретіп, соны вакцина ретінде егу жолын ойлап тапты. Қазіргі күнде коронавирусқа дейін барлық вакцинаны жасаған кезде осы принцип басшылыққа алынған,- дейді ғалым.

Рафаил Розенсонның айтуынша, вирусқа қарсы антидене мен клетканы, фагоцентар, комплиментар қалыптастырады. Әр вакцина әртүрлі қызмет атқарады, бірақ бәрінің мақсаты – ағзаны вирус шабуылына төтеп беруге дайындау. Микроб, бактерия мен вирус ағзаға түскенде өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Оларды жаттыққан антиденелер тосып алып, әрмен қарай жібермейді.

«Ғылымның дәлелдегені не? Ол – екпе алғандардың шамамен 92 пайызы ковидпен ауырмайды. Ал шамамен 8 пайызына ковид жұғуы мүмкін. Дегенмен ол ауыр жағдайға соқтырмайды. Ауру әлдеқайда жеңіл өтеді» деді ол.

Жалған ақпар жарға жығар

Вакцина алуға қарсы адамдар «Бізге қайдағы бірдеңені салып, чиптеп жатыр, генетикамызды өзгертуді көздеуде» деп шулауда. Шынында, мұның бәрі бос сөз екендігі белгілі. Егер расымен солай болса, адамзат баласы жер бетінен мүлде жойылып кетпей ме?! Өзім сонау 1958 жылы шешекке қарсы вакцина алдым. Сол кездің менімен қатар балаларының бәрі егілді. Бұл егу жұмысы тек 1962 жылы ғана тоқтады. Себебі, жер бетінде қауіпті ауру – шешек жойылды. Мен егде жастамын. Соған қарамастан екпе алдым. Бір жақсысы, екпе маған теріс әсер еткен жоқ. Өз басымнан айтарым, егер егде адам екпе алса, теріс әсері азырақ болады. Керісінше балаларым алғанда олардың бірер күн қызуы көтеріліп, өздерін ыңғайсыз сезінді. «Спутник V» құрамында әлсіретілген вирус бар. Егер әлсіреген вирустан қорықсаңыз, реактагендігі төмен қазақстандық «QazVac» немесе «Hayat Vax» алсаңыз болады. Медик ретінде айтарым, егер сіз «QazVac» пен «Hayat Vax» алсаңыз, кемінде бір жыл қорғанышта жүресіз, — деді профессор.

Қабылдайтындар мен қарсылар

Әлемде бір жаңа дүние шықса, адамдар оны қабылдайтындар мен қарсылар болып екіге бөлінеді. Вакцина атаулының жер бетінде алғаш пайда болғанына 225 жылдай уақыт өтіпті. Айталық, Дженнер өзі тұратын Лондонда адамдарға вакцина егуді ұсынғанда, жұрт оны күлкі еткен екен. «Дженнердің екпесін алсақ, бізге мүйіз, мұрын өсіп шығады» деп шулаған. Бастапқыда осылай деп түңілгендер кейін Дженнерге қошемет көрсетіп, «қандай кемеңгер адам» дескен. Байқасаңыз, қазіргі күні де дәл соған ұқсас жағдай қалыптасып отыр. Өкінішке қарай, көп арасынан түрлі болжам айтып, байбалам салушылар табылуда. Қараңызшы, 230 жыл уақыт көрсеткендей, қазір вакцинаға балама жоқ. Екпені алмастыратындай дәрі табылмады.

– Вакцина коронавирустың жаңа түрлерінен де қорғайды. Осыған дейін айтып жүргеніміздей, ковидтың құрамы екі бөліктен тұрады: ядро және тікен пішінді ақуыз. Оның ішкі компоненттері шамалы өзгеріп еді, бразилия мутациясы, оңтүстік африкалық мутация, бр]тан мутациясы дегендер пайда болды. Одан соң… үнді мутациясы шықты. Бірақ, тікен пішінді ақуыздар өзгерген жоқ. Сол себепті де екпе осындай түрлі мутациядан қорғайды, — дейді Рафаил Розенсон.

Үнді штамы

Үнді штамы – залалы көп вирус. Егер екпе алған адамға үнді штамы жұқса, онда ол аса қатты ауырмайды. Ал екпе алмаған болса, қауіп ұлғаяды. Бізде бұл вирусқа қарсы вакцинадан басқа қорғаныс жоқ. Тек хайп қуатындар ғана «сіздерге екпе салып, сынақ жүргізіп жатыр» дейді.

«Білікті дәрігер ретінде қайталап айтамын: бұл жерде ешқандай сынақ жүргізіліп жатқан жоқ, қазір әлемнің 30 пайызына жуығы ковидке қарсы вакцина алды. Ал, АҚШ халқының 80 пайызы, израильдықтардың 90 пайызы екпе алды. Ел-елдің заңы басқа. Англияда, АҚШ, Израильде «Сізге екпені тегін саламыз. Егер вакцина алмай, кейін ауырсаңыз, онда ем-домға кететін шығынды өзіңіз төлейсіз!» деді ол.

Әлемде бар тәжірибе

Жалпы дүние жүзінде түрлі ынталандыру шарасы бар. Соның бірі – лотерея ойыны. Бұл әдіс бүгінде Атырауда да қолға алынды. Вакцина алған адамдар өзара түрлі сый-сияпат пен ақшалай заттай ұтысқа үміткер бола алатыны жайында жақында өткен онлайн-брифингте кеңінен айтылды.

Сондай-ақ, ұтыс ойынының әрбір он күн сайын ойнатылатыны, бас жүлденің қомақты қаржы – 10 млн. теңге екені, бұларға қоса алыс-жақын шетелдерге жолдама бары да әңгіме болды. «Қымбатты қазақстандықтар, өз еліміздің патриоты болып, вакцина алайық. Елімізді, жерімізді, бір сөзбен, оттан да ыстық Отанымызды сүйсек, екпе алып, айналадағы туыстар мен бауырлардың алуларына да мұрындық болайық. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырып, күшімізді біріктірейік!» дейді бас қаламыздың иммунолог-дәрігері, профессор Рафаил Иосифұлы.

Дайындаған Лиза ШАЙХАШҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button