Гемодиализ орталығында тексеріліңіз!
Атырау қаласында гемодиализ жасау орталығы жұмыс жасауда. Бұл ғимараттың бүйрек ауруына ұшыраған науқастар үшін маңызы ерекше. Жыл сайын осы дертке шалдыққандар саны артып отырғанын ескерсек, биыл ашылған орталықтың науқастар үшін қолайлылығы зор.
Аталған мекеме директоры Бауыржан Мақсотұлының айтуынша, гемодиализ – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қанды бүйректен тыс тазартуға арналған.
– Бұл әдістің процедурасы кезінде ағзадан зат алмасудың улы өнімдері жойылады, сұйықтық және электролит балансының бұзылыстары қалыпқа келтіріледі. Науқастың қан айналымы жүйесін «жасанды бүйрек» аппаратына қосу арқылы гемодиализ жүзеге асырылады, — деді Бауыржан Мақсотұлы.
Жаңа орталықта медициналық көмектің осындай әдісіне арналған Швеция және Германия елдерінен әкелінген 11 заманауи аппарат бар. Сондай-ақ, орталық науқастарға арналған креслолармен жабдықталған. Медбике бекеті ұйымдастырылған. Бұдан басқа, пациенттерге арналған оңаша изолятор бөлмесі де бар, онда улы заттардың әсерінен ластанған қанды тазартатын аппарат, кресло, қабырғаға орнатылған бактерицидті сәуле шашқыш құрылғы орналастырылған.
Ал, ерітіндіні деминерализациялау бөлмесінде су дайындау жүйесі қойылған. Емделушілерге екі дәрігер, бес медбике және екі санитарлық қызметкер екі ауысыммен алты күн бойы қызмет көрсетеді. Бір мезетте – 12, ал, бір күнде 42 емделушіні қабылдайтын мүмкіндік бар.
Емделуші Өтеуғали Науқанбаев орталықтағы дәрігерлердің қызмет көрсетуі көңілден шығатынын айтты. «2004 жылы бір бүйрегімді ауыстырып, екі жыл бойы өзімді жақсы сезініп жүрдім. Кейін қайтадан гемодиализ алуға тура келді. Бүгінде осы орталықтан ем алып жүрмін. Мұнда науқастар үшін барлық жағдай жасалған», — деді ол.
Қазір мұндай орталық облыс бойынша Құлсары және Атырау қаласында халық игілігі үшін қызмет етуде.
Аймақта бүйрек ауруына шалдыққан науқастар саны артып отыр. Биылдың өзінде 249 науқас тізімде тұр. Олардың ішінде гемодиализді қажет ететін жүзден астам адам бар. Жас мөлшерінен ең кішісі 18-19 жасты құрайды.
Негізінен бір науқастың бір күндік гемодиализ әдісіне 26 мың теңге қаржы кетеді. Бұл көрсеткішті бір айға есептегенде 312 мың теңге жұмсалады. Ал, жаңадан ашылған орталықта осы қызметтің бәрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тегін көрсетіледі.