
Флюорографиядан өткен 5,6 млн. адамның 4 мыңнан астамынан туберкулез анықталды
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Жыл сайын 24 наурызда әлем туберкулезге қарсы күресте бірігеді. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді халықаралық деңгейде белсенді күш-жігерді қажет ететін жаһандық проблема деп жариялады.
ДДҰ мәліметтері бойынша жыл сайын 10 миллионға жуық адам туберкулезбен ауырады. Туберкулезден болатын өлім шамамен 1,5 миллион адамды құрайды. ДДҰ-ның 2024 жылғы ұраны: «Иә, біз туберкулезді жеңе аламыз: міндеттенеміз, инвестиция саламыз, әрекет етеміз».
–Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылықтың тұрақты төмендеуі байқалады, бұл ауруды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізудің арқасында мүмкін болды.
Ауру мен өлім динамикасына тоқталсақ, соңғы 6 жылда сырқаттанушылықтың көрсеткіші 27%-ға төмендеді. Туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 50%-ға азайды. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық көрсеткіші 4%-ға, ал өлім көрсеткіші 16,7%-ға бәсеңдеген, — делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кету керек, Қазақстанда туберкулезді анықтау үшін заманауи әдістер белсенді қолданылады.
Соның ішінде былтыр флюорография әдісімен 5 624 782 адам зерттеліп-қаралды, бұл туберкулездің 4016 жағдайын анықтауға мүмкіндік берген. 12 991 пациент, оның ішінде 7 256 бала профилактикалық емдеуден өтті 2023 жылмен салыстырғанда 22,4%-ға көп.
2024 жылдың аяғында туберкулезбен ауыратын 6 380 пациент амбулаториялық емделуде болды. Емдеу пациенттер үшін ең жоғары тиімділік пен ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған.
А.ҚҰРМАШЕВА
Сурет: gov.kz