ЕМІ ДАУА, ҚЫЗМЕТІ МІНСІЗ

Қашанда Елбасымыз халықтың денсаулығын бірінші кезекке қойып келеді. Өйткені, дені сау халық мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік, рухани дамуында басты рөл атқарады. Осы тұрғыда облыстық аурухана Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясында халыққа медициналық қызмет көрсетуде біршама жұмыстар тындыруда.

 

-Бізде, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Күлшара Сұлтанова, – жоғары мамандандырылған медициналық көмек арқылы жыл сайын 21 мыңға жуық науқас емделсе, оның үштен бірі операция жолымен емделіп шығады.
Емдеу орнында телемедицина орталығы бар. Бұл жүйе бойынша дәрігерлер медициналық қызметті жергілікті халыққа біршама жақындату мақсатында аудандардағы әріптестеріне науқастардың диагнозын анықтап, емдеу тәсілдері бойынша әдістемелік кеңестер береді. Осы ретте республика да, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі ғылыми-зерттеу институттарының ғалым-дәрігерлерімен байланыс орнатып, емдеу жүйесінде озық тәсілдерді қолданып отырады. Аурухана мамандары шетелдерге барып білімдерін жетілдірсе, ал шетелдік дәрігерлер де осында келіп науқастарға күрделі оталар жасап, көмектерін көрсетеді.
Соның нәтижесінде мамандарымыз түрлі аурушаңдықтың алдын алып, науқастарға ота жасауда тәжірибе жинақтауда. Соңғы үш-төрт жылда ауруханада күрделі оталар жасауға қол жетті. Бұрында ота жасалған науқастар гипсте екі не үш ай жатса, ал жаңа жүйе бойынша он шақты күнде орнынан тұрып, сауығып, үйлеріне қайтады. Бұрында жол оқиғаларынан болған жамбас, сан буынның сынуы, ұршықтың мүжілуі, басқа да күрделі ортопедиялық ауруларға шалдыққан адамдар Алматы, Астана қалаларына немесе шетелге барып ота жасататын-ды. Енді сырқат жандар алысқа бармай-ақ, осы аурухананың өзінде жергілікті хирург-дәрігерлердің жасаған оталарының арқасында дерттерінен айығып шығатын болды. Бұл оталардың қай-қайсысы да тегін, мемлекет есебінен жасалады. Енді таяу күндері хирургия бөлімшесінде жергілікті хирургтер жоғары мамандандырылған көмек жүйесі бойынша лор, құлақ, мұрын, тамақ ауруларына ота жасауды жоспарлап отыр.
Күлшара Хисмақызы сөз орайында емдеу орнындағы ота жасауда білікті де, тәжірибелі хирург-дәрігерлер Руслан Қапанов, Бекен Құлниязов, Бекболат Қамашев, Ербол Иманғалиев, Әли Харасов, Еркін Ербөлеков, Розагүл Қамашқызы, Мая Иманғалиева, басқа да шипалы қолды әріптестерінің есімдері аймаққа кеңінен танымал екендігін тілге тиек етті.
Облыстық аурухана базасында травматология бөлімшесінде 2007 жылдан бастап жасанды жамбас-сан буынын алмастыру оталары жасала бастаған. Осы бөлімшенің белгілі хирург- дәрігері Бекен Құлниязовтың айтқанындай, алғашқы оталар Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми- зерттеу институты мамандарының қатысып, көрсетуімен жасалынған-ды. Осыған байланысты жергілікті травматолог мамандар Ресей Федерациясы клиникаларына, Астана қаласындағы ТОҒЗИ-на білімдерін жетілдіруге жіберілген. Қазіргі уақытта жоғары мамандандырылған медициналық көмек бойынша жасанды жамбас-сан буынын алмастыру, тізе буынының артроскопиясы, түтікшелі сүйектердің сыну кезінде қолданылатын блоктаушы интрамедулярлы остеосинтез оталары облыстық аурухана базасында жергілікті мамандардың өз күштерімен жасалатын болды. Бұл оталардың артықшылығы балдақтың көмегінсіз өздігінен жүре алмай, жылдар бойы мүгедектікте болған науқастар жамбас-сан буынын алмастыру отасынан кейін тез қалпына келіп, мүгедектіктен арылып, жұмыс жасауға қабілеттілігі толық қамтамасыз етіледі.
Соңғы екі жылда 24 жамбас-сан буынын алмастыру оталары жасалса, оның 85 пайызын ауыл тұрғындары құрайды. Мәселен, Жылыой ауданынан Күміс Шаудырова деген азаматша жазатайым құлап ұршық жілігін сындырып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Ота жасау жолымен оның жамбас-сан буыны ауыстырылды. Сондай науқастың бірі қызылқоғалық Абат Сапаровқа да ота жасалып, оның аяғынан тік тұрып, жүріп кетуіне жағдай жасалды.
Ал, 2011 жылдан бастап түтікшелі сүйектердің сынуы кезінде қолданылатын блоктаушы интрамедулярлы остеосинтез оталары ауруханада жасалса, тізе буынына артроскопиялық ота жасау саны біршама артты. Бұл оталардың артықшылығы, науқас бұрынғыдай аурухана төсегінде ұзақ жатпайды, ыңғайсыздық туғызатын гипсті байлама салынбайды, аяғына ерте тұрып, еңбекке араласады
Расында да жоғары мамандандырылған медициналықжүйе бойынша көмек көрсетіп жатқан ауруханаға жабырқау көңілмен келген сырқаттар ақ желеңді жандардың шипалы емі мен жылы сөздерінің арқасында дерттерінен айығып, қуанышпен отбастарына оралады. Бұл айтылғанның ақиқат екеніне біз осы жерде болған кезімізде анық көз жеткізгендей болдық.

Ғ.ЗИНУЛЛИН.
Суреттерде: Облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары
Күлшара СҰЛТАНОВА, Облыстық аурухананың травматология бөлімшесінің хирург-дәрігерлері солдан оңға қарай Бекболат Қуанышев пен Бекен Құлниязов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз