
Емхана заманауи бағытта жаңғыртылды
Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлері күні қарсаңында Атырау қалалық №7 емханасы күрделі жөндеуден соң қайтадан ашылды.

Сегіз ай мерзімге созылған жөндеу жұмыстарынан соң медициналық мекеме жаңарып, заманауи киіпке енген. Орталық жаңа технологиямен жабдықталған зертхана, жедел жәрдем, оқыту, әйелдерге және ерлерге арналған дәрігерге дейінгі жекелеген бөлмелермен толықты. Отбасылық денсаулық орталығы мен ана мен балаға арналған арнайы бөлме жасақталып, 1 жасқа дейінгі балаларды дамытуға арналған ресурстық бөлме жұмысы жанданған.

-Біздегі ең басты жаңалықтың бірі — тұрғындар көптен күткен сүйек тінінің минералдарын анықтап, остеопороз (сүйектердің сынуы) диагнозын алдын алуда таптырмас құрылғы Денситометр пайдалануға берілді. Емханаға берілген Денситометр өңірдегі бірден-бір құрылғы. Тегін кепілдендірілген медициналық қызмет түріне кіретін құрылғыға науқастар жолдама арқылы қол жеткізе алады. Бір қуанарлығы тұрғындарға ендігі жерде бұл құрылғыны іздеп өзге аймақтарға бару қажеттілігі туындамайды. Он бес жылға жуық уақыт жөндеу көрмеген емханамыз бүгінде жаңа орталыққа айналды. Сондықтан бұл істе қолдау білдірген өңір басшылығын алғысымызды білдіреміз, — деді емхана директоры Гүлнәфис Таңбаева.



