Жарнама
Медицина

ЕҢ БАСТЫ БАҚЫТ – ДЕНІҢНІҢ САУЛЫҒЫ

Келген жастардың басым көпшілігінің қояр сауалы: «Қалай бақытты болуға болады?» Осы мәселе туралы ой өрбітіп көрейікші…
«Бақыт деген не осы?» Адамзат ғасыры басталғаннан бері қаншама ұлы ғұлама ойшылдар өмір сүрсе, олардың әрбірінің бақыт ұғымына түсінік бермегені жоқ, өйткені бақыт – кең ұғым. Қоғамның, өмірдің барлық салаларына қатысты. Адамның бақытты болуы әрқилы. Мәселен, біреу үшін емтиханнан жақсы баға алу бақыт болса, ал біреу үшін жүйрік мініп, той тойлау-бақыт. Біреуге оқуға түскен бақыт болса, біреуге адал жар мен перзент, келесі біреуге жұмысқа орналасқаны-бақыт. Кейде осының бәрі түгел болса да, әйтеуір көпшілігіне бір нәрсе жетпей тұрады.
Адамның бақытты болуы – оның өз құндылықтарын бағалап, өмірден өз орнын табуы, есейіп, білім алып, бойжетіп, ержетіп, отбасын құруы, ұрпақ тәрбиелеуі, қоғамға қызмет етуі, нағыз адам болып қалыптасуы. Осыларға қол жеткізу бірінші кезекте адамның тікелей өзіне байланысты. Ол үшін адам өзін, өмірді, отбасы, айналасындағы адамдарды, туған жерін, Отанын шын жүрегімен сүюі қажет. Сонда өмірдің қиыншылықтары мен кедергілерін қорықпай жеңесің. Бақыт деген сөздің өзі адам баласына жылы естіледі. Бақыт деген сатып алатын сый емес. Ол – Алла тағаланың сыйы. Алла тағала әрбір пендеге өмір берген соң, өз басының бағын қоса береді. Әрбір пенде бақытты. Өйткені, ол жарық дүниені көрді, он екі мүшесі түгел, өзін-өзі қорғай және басқара алады, болашаққа деген көзқарасы зор.
Біреулер бай болсам, бақытты боламын деп ойлайды. Бақыт деген байлық емес.
«Бақыт емес сұлу болу
ай мүсін,
Бақытты емес дүниедегі бай кісі» — деп ақын ағаларымыз жырлағандай, бақыттың барлығы байлыққа, сұлулыққа тірелмейді.
Өмірдегі ең қалаулы не екенін кез келген адамнан сұрайықшы. Ең көп таралған жауап «мен тек бақытты болғым келеді». Сондай-ақ, біз бәріміз осы үшін дүниеге келгенбіз.
Өмір – парыз. Ғұмыр ащыдан да, тұщыдан да құралған. Ұнатқан адамға қол жете алмай қалу сияқты ұсақ-түйек, жалған намыс өмірден өтуге негіз бола алмайды. Әрбір адам өмір сүруге талпынғаннан бастап, бақытты болуға ұмтылады. Бірақ сол бақыттың бағасын білмей, кейде қолымызға қонған бақ құсымызды ұшырып аламыз.
Ата-ананың махаббатына бөлену – бақыт. Өмірде нағыз жан досыңның болғаны да – бақыт. Есейгенде өз ортаңды табудың өзі – бақыт. Отаныңның қадірлі азаматы болу – нағыз бақыт. Сені қорғайтын, қолдайтын туысқандарыңның, бауырларыңның бары – бақыт. Деніңнің саулығы да – бақыт. Шешен сөйлеу, өз ойыңды айта білу де – бақыт.
Адамды сыйлай біліп, өзіңді сыйлата білген де – бақыт. Менің ойымша, өмір сүру, мақсатқа жету, тынбай алға жылжу – бақыт.
Ең басты бақыт – деніңнің саулығы. Өзің іздеген бақытты деніңнің саулығынан таба аласың. Оған апарар бірден-бір жол – салауатты өмір салты.
Қымбатты жас! Өмір сүр, мақсатқа жет. Тынбай алға жылжы!

Анаргүл БЕРІКОВА,
«Жарқын болашақ»
жастар денсаулық
орталығының психологі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button