
Денсаулық сақтау министрі Мақат ауданының тұрғындарымен кездесті
Атырау облысына жұмыс сапары шеңберіндеэ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтарды жеке қабылдап, Мақат ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы республика Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Халықпен кездесу барысында А.Әлназарова сапалы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету Министрлік қызметінің басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Мақат ауданының тұрғындары медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту, дәрі-дәрмекпен және кадрмен қамтамасыз ету мәселелерімен жүгінді.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып, кешенді жұмыстың арқасында өңірдің негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарғанын атап өтті.
Мәселен, қазіргі уақытта өңірде: туберкулезден – 25%-ға, жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттардан – 9%-ға, жалпы өлімнен-7%-ға, қанайналым жүйесінің ауруларынан-6%-ға төмендеу байқалады. 2025 жылдың алғашқы төрт айында нәресте өлімі үш есеге жуық – 1000 тірі туғандарға шаққанда 9,91-ден 3,43-ке дейін төмендеді.

«Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда Атырау облысында қамту 73%-ды құрады. Сондай-ақ ауылдарға келетін мамандар үшін әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде 100 еселенген ЕТЖ мөлшерінде біржолғы төлемдер көзделген. Сіздердің өңірлеріңізде 11 дәрігер осындай қолдауға ие болды», — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
МСАК-ты дамытуды талқылау шеңберінде мамандардың жұмысын бағалаудың жаңа моделі енгізілгені, жалпы практика дәрігерін қабылдау уақыты ұлғайтылғаны, жалпы практика дәрігерлері мен бейінді мамандардың арасындағы өзара іс-қимылдың дербес мейіргерлік практикасы мен жаңа алгоритмдері енгізілгені атап өтілді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлігінде өткен жылы республиканың медициналық ұйымдарына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды.

Сапар соңында Ақмарал Әлназарова облыс әкімдігі өкілдерінің, медициналық ұйымдар басшыларының және өңірлік денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өткізді.