«Денсаулық» пойызы – Мақатта

DSCN0702 Медицина

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жолға шыққан «Денсаулық» пойызы Мақат ауданына келді. «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы Төтенше жағдайлар комитетімен бірлескен жоба аясында ақхалаттылар тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

DSCN0702

Емдеу-диагностика іс-шаралары төрт вагонда жүргізілді. Екі вагон медицина қызметкерлеріне арналса, біреуінде дәрі-дәрмектер сақталады. Медициналық топта терапевт, невропатолог, офтальмолог, оториноларинголог,  гинеколог, хирург, уролог, кардиолог, УДЗ маманы, барлығы он үш дәрігер, алты медбике, екі лаборант, оператор және статист жұмыс жасады.

– «Дөңгелектегі емхана» атыраулықтардың арасында үлкен сұранысқа ие. Әр стансада тұрғындар көп жиналады. Облыс орталығынан және еліміздің Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан білікті мамандар келіп, тегін медициналық көмек көрсететіндігін естіген мақаттықтар шалғай ауылдардан да келді. Жалпы саны 141 адам, оның ішінде 11 бала  тексеріс-тен өтті. Емделушілерге тиісті алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Кәсіби кеңестер беріліп, жақын маңдағы денсаулық сақтау ұйымдарына ем қабылдауға жолдама ұсынылды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобы мамандары.

Ендігі уақытта «Денсаулық» пойызы өз жұмысын Доссор, Томан, Аққыстау, Нарын, Исатай, Афанасьево, Ганюшкино, Жамансор, Мұқыр, Сағыз стансаларында жалғастырады.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз