Дәрігер де декретке шығады
Адам жанының арашашысы деп, үш-ақ ауыз сөзбен сипатталатын дәрігерлерге қанша мақтау айтсақ та жарасымды. Шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, адамның қауқары кетіп қартайғанға дейінгі уақытта бас ауырып, балтыр сыздай қалса жүгінетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі өлшеусіз.
Гиппократ антына адал, адам саулығы жолында аянбай тер төгіп жүрген абзал жандар Атырау облысында да аз емес. Бүгінде облыста 1600-ден астам дәрігер, 5 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері бар. Олар жергілікті халықтың денсаулығы мен өмірі жолында жан аямай күресіп жүргенімен ауылдарда дәрігер жоғы анық жайт. Соның кесірінен тұрғындар ат сабылтып білікті маман іздеп жүргені ащы да болса шындық.
Маман неге аз?
«Әуелгі байлық – денсаулық» дейтін халқымыз он екі мүшесінің қадір-қасиетін әу бастан-ақ жақсы түсінген. Дертке дауа, көңілге дем берген шипагерлерді де ерекше қадірлеген. Бүгінде елімізде, әсіресе Атырау өңірінде медицинаны дамыту үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Медицинаның әлеуетін арттыру үшін алдымен білікті мамандар санын көбейтуге ден қойылып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінде облыста 183 дәрігер жетіспейді, оның 50-ге жуығы – ауылдық жерге қажетті мамандар. Әсіресе, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандар қасқалдақтың қанындай қат. Дәл қазір педиатрия және акушерия саласында да кәсіби маман тапшылығы сезіліп тұр.
– Кадр тапшылығына әсер ететін негізгі фактор – салада қыз-келіншектердің көп болуы. Жас мамандар жұмысқа келсе де, отбасын құрып, жүктілігіне не бала күтімі демалысына шығып кетеді. Шыны керек, мұндай табиғи процесті тоқтату мүмкін емес қой. Әлеуметтік демалысқа кетіп, жұмысқа шықпаған дәрігерлер бойынша статистикаға талдау жасағанда, 2024 жылдың алғашқы жартысында облыста 213 дәрігер босану және бала күтімі бойынша демалыста отырғаны анықталды. Оның 45-і – 2022 жылдан, 82-сі 2023 жылдан бері әлеуметтік демалыста. Ал биылдың өзінде 86 дәрігер декреттік демалысқа шыққан. Әр жылдары демалысқа кеткен дәрігерлердің тек 50-уі ғана биыл жұмысқа қайта кірісті, — деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрай Маханова.
Тұрғын үй. Әлеуметтік жәрдемақы
Салада кадр тапшылығын жою үшін жылдар бойы облыс әкімдігі тарапынан түрлі шаралар алынып келеді. Соның бірі – облыс әкімінің отандық медициналық жоғары оқу орындарына бөлетін білім гранттары. Бұл – кадр тапшылығын болдырмау, жастарды ынталандыру, түлектерді болашақта елге қызмет ететін маман ретінде дайындау және жоғары медициналық оқу орындары түлектерін білікті дәрігер ретінде білімін одан әрі резидентурада жалғастыруларына жағдай жасау бағытындағы бірден-бір маңызды іс.
Жергілікті жерде қолға алынып отырған жеңілдетілген пайызбен берілетін тұрғын үй бағдарламасы да тиімді тәсіл. Оның шарты бойынша дәрігер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінде жұмыс істеуі тиіс. Бұл бағдарламаға тек жастар емес, тәжірибелі маман да қатыса алады. Балдық жүйе енгізілген. Егер ұпай саны бірдей болса, еңбек өтілінің көп болуы таразы басын басып кетеді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен «Отбасы банкіне» 1 миллиард теңге бөлінген. Бастапқы жарнасыз әрі несие мөлшерлемесі – 5%, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2 пайыз. Несиенің ең жоғары сомасы – 25 миллион теңге. Бағдарламаның игілігін бүгінде дәрігерлердің бірқатары көріп те үлгеріпті.
Облыс медицинасын дамытуға, дәрігерлерді қолдауға бағытталған маңызды шаралар мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, мәслихат пен атқарушы биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылға жолданған жас және шақыртумен келген мамандарға 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы төленіп келсе, былтырдан бастап ол қаражаттың мөлшері де көбейді. Қазір қалалық медицина мекемесіне келген маманға – 3 миллион, ал ауылға барғандарға 5 миллион теңге көлемінде біржолғы қаражат төленеді. Енді соның мөлшерін көбейту мәселесі де қаралып жатыр екен.
Шет ел асып несі бар…
Әрине, өңірде медицина саласына маман тарту үшін жасалып жатқан әрекет жеткілікті. Алайда жергілікті халықтың дәрігерге деген сеніміне селкеу түскелі қашан?! Олай дейтініміз, осыдан оншақты жыл бұрын «қаралып келеміз» деп Астрахан мен Орынборға жүгірген Атырау жұрты соңғы жылдары тапқан-таянғанын қалтаға басып, Тәшкенге шапқылап жүр. Шындығы сол, қазір облыс тұрғындарының дені диагноз қойдыру үшін де Өзбекстан астанасына барады.
Барып келгендердің айтуынша, ол жақта медицина әлдеқайда дамыған, біздегідей аспандап тұрған баға да жоқ. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, егер жергілікті дәрігерлердің қызметі арзан әрі сапалы болса, жұрт шетелге шауып неғылсын. Әзірге бұл үшін алаңдаушылық білдіріп, қынжылып жүрген адамды аңдамадық. Кімнен сұрасақ та, мәселені баяғы сол маман тапшылығына қарай бұра салады.
– Иә, мәселенің түпкі негізі сол маман тапшылығына келіп тіреледі ғой. Мысалы, былтыр кадр тартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде облысқа келген 118 маманның 15-і – қоғамдық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Олар кадр жетпей жатқан мемлекеттік мекемелерге жіберілді. Ал, биыл елдегі әртүрлі медициналық университеттердің 155 түлегі кепілдік хат алды. Бірақ облысқа түлектердің барлығы бірдей келмейтіні белгілі. Өйткені, олардың бір бөлігі қосымша мамандандырылған білім алу үшін резидентураға түседі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында да біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіліп отыр. Жоба аясында соңғы үш жылда осы саладағы 28 маманға бюджеттік несие, 76 маманға көтерме жәрдемақы төленді, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Оқуға миллиондар керек пе?
Әлбетте, көпке топырақ шашуға болмайды, өңірде білікті дәрігерлер жоқ емес. Алдына келген пациентке көркем мінезі, білім-білігімен шипалы ем жасаудың арқасында талай науқас сырқатынан құлан-таза айығып, алғыстарын да жаудырып жатыр.
Басты мәселе – осынау жауапкершілігі жоғары, жүгі зіл-батпан саланы кез-келген жанның тәуекелі жетіп таңдамайтыны. Осы тұрғыдан қарағанда, адам жанына араша түскен дәрігерлерді бүгінгі күннің батыры десек те артық болмас. Мамандар саладағы кадр тапшылығының себебін он жылға жуық оқытатын дәрігер дайындау ісінің күрделілігімен түсіндіреді. Адам жанына араша түсіп, дертінен айығуына себепкер болу үшін де өзге мамандықтар секілді 4 жыл оқу аздық етеді. Дәрігер жан-жақты білім алған сапалы маман болуы тиіс. Оқудың ұзақтығы да сапалы білім берілуіне байланысты.
Ал, бұл салада грантқа іліге алмасаңыз, ақылы оқудың ақшасына шашыңыз шақ келмейді. Анықтап білсек, Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті мен Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің бір жылдық оқу ақысы 1 200 000 теңгеден кем емес. Мұндай соманы бақандай жеті жыл қатарынан төлеп отыруға екінің бірінің қалтасы көтермесі анық. Тек мектепті үздік бітіріп, дәрігерлікті армандаған жас қана мемлекеттік грантқа қол жеткізе алады. Сондай жастардың бірі – Нұрай Темірқызы. Ол биыл М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетіндегі өңірге қажетті маманның бірі – жалпы медицина факультетінің IІ курсында оқып жатыр.
– Дәрігерлік – менің қалаған мамандығым. Былтыр химия-биология бағыты бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, мемлекетік грантқа түстім. Бұл ата-анама да жеңіл болды. Дәрігерлерге қателесуге болмайтындықтан, бар күш-жігерім мен уақытымды білім алуға арнап жүрмін. Әрине оқу оңай емес. Бірақ талаптанған адамға еш кедергі жоқ қой, — дейді болашақ дәрігер.
Стратегиясыз іс бітпейді
Қаланың өзінде кадр тапшы болса, ауылда медицина маманының болмауы айтпаса да түсінікті. Алайда, соны сыйтауратып қол қусырып отыру да қате көзқарас.
– Ащы да болса шындық, әcipece ауылдардағы денсаулық сақтау жүйесi мүлдем сын көтермейді. Алтын бесігіміз – ауылдағы маман тапшылығын жою ең басты міндет болуы тиіс. Ол үшiн ауыл мектебiн жақсы үлгеріммен оқып шыққан, дәрiгер мамандығын қалайтын жас түлектерді квота арқылы оқытуды қамтамасыз ету керек деп санаймын. Ол оқу қаржысын аудан арқылы төлеу деген сөз. Ойлап қарасақ, әр жақтан шақырып алған мамандарға жұмсалатын қаражаттан гөрі, жастарды оқыту қаржысын өтеу әлдеқайда жеңілдеу болар еді. Тағы бір себебі, медициналық жоғары оқу орындарында ақылы оқыған жас бітіргеннен кейін мол табыс табуды ойлап, ауылда да, мемлекеттiк медицина мекемесінде де қызмет істегісі келмейді. Жалпы айтқанда, дәрiгер мамандарды жетiстiру үшiн облыс бойынша бір жылдық емес, 10-15 жылға стратегиялық жоспар керек. Облыстық денсаулық сақтау саласын қамтамыз етуге жыл сайын қанша дәрігер дайындау керек екенiн қадағалап, бiлiктi дәрігерлердi зейнетке шыққанда жұмысты жалғастыруына мүмкіндік жасау да проблеманы шешудің бір жолы деп білемін. Олай болмаса, маман тапшылығы мәселесі созыла берері анық, — дейді сала ардагері Басаролла Харасов.
Шынында да, кадр тапшылығын болдырмау ісі бірер жылдық жоспармен ғана шектелмеу қажет. Жастардың дәрігер болу үшін он жылға жуық білім алатынын ескерсек, ардагеріміз айтпақшы, он жылға арналған стратегиялық жоспар керек-ақ.
6 келі ісікті алды
Қазір Гиппократ антына адал дәрігерлерден кім бар? Қиындыққа қарамастан адам тағдырына араша түсіп, дерттен сауығуына себепші болып жүрген Атырау медицинасының ардақтылары кімдер? Бұл сауалдар сізді де мазалары сөзсіз.
Өңірдегі барлық медицина қызметкерлері қолдарынан келгенше күш-жігерін аямай, науқастарды емдеп-жазуға тырысып келеді. Сондықтан барлық дәрігерді Гиппократ антына адал деп есептеуге болар. Оның дәлел-айғақтары да жоқ емес. Мәселен, Атырау облыстық перинаталдық орталығында дәрігерлер бұрын-соңды тәжірибеде болмаған күрделі ота жасап, науқастан салмағы 6 килограмм, ұзындығы 35 сантиметр болатын үлкен жатыр миомасын алды.
Дәрігерлер үлкен миоматозды түйінді ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықтаған. Пациенттің сырқаты бірнеше жылға созылған. Науқас үнемі ішінің өсіп келе жатқанына және қатты ауырсынатынын айтады екен. Перинаталдық орталықтың дәрігерлері дереу батыл қадамға барып, шұғыл ота жасапты. Күрделі отаны орталықтың гинеколог дәрігері жасады. Отадан кейін науқас гинекология бөлімінде дәрігерлер бақылауында болды.
Ал, биылдыққа облыстық перинаталдық орталықтың гинекология бөлімшесінде әртүрлі мөлшердегі миоманы жою бойынша 60-қа жуық ота жасалған.
Түйін сөз
Біз өмір сүріп отырған қоғамда құрметті салалардың бірі – медицина. Уақытпен санаспай, бар білім-білігін сырқат адамды аяққа тұрғызуға арнайтын, тіпті айтып келмейтін ажалдан арашалап қалу үшін тер төгетін олардың еңбегін жоғары бағалайтынымыз да сондықтан.
Дәрігер болуға да кез-келген адам тәуекел ете алмасы анық. Ол үшін кеңпейіл, жүрегі жұмсақ, тәжірибе мен тапқырлықты қатар алып жүре алатын мықты рух қажет. Әр науқаспен бірге қиналып, адам өмірден өткен әр сәт сайын жаны жабырқайтын олардың әр күні адам тағдыры үшін тайталасқа толы.
Дейтұрғанмен Атырау өңірінде медицинадағы маман тапшылығы жылдар бойына созылған өзекті мәселеге айналды. Тек адам емес, тұтас ұлттың саулығы осы мамандық иелерінің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ендеше, бұл мәселені шешу – кезек күттірмейтін іс.
Иә, алтын қолды дәрігерлер Атырауға ауадай қажет-ақ.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА