
Дәрі-дәрмекті тіркеу жеңілдейді
Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында дәрілік препараттарды тіркеу, дәрі-дәрмек айналымындағы рәсімдерді оңтайландыруға кірісті. Көп кешікпей «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсыныла бастайды. Бұрын ұзақ уақыт күтетін жұмыс барынша жеделдейді.
Қолданыстағы ережелер шеңберінде дәрі-дәрмекті елімізде айналымға жіберу рәсімі шамамен 2 жылдан 5 жылға дейін созылатын. Осы олқылықты реттеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, композиттік қызметті үйлестіруді бастады. Композиттік қызмет шеңберінде ішкі тіркеу үдерістерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылмақ. Есесіне, дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 100 күннен аспайды. Сондай-ақ Еуропалық одақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания елдерінен жеткен дәрі-дәрмекті жедел тіркеуге ден қойылып отыр. Мұндай дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 15 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарда бар. Дәрілік заттарға баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыруға қатысты да бірқатар мәселе оңынан шешілген. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлім етті.
«Баға моделі өзгерді. Дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тасталды. Елде тіркелген барлық дәрілік препарат қайта есептеледі. Қазір фармацевтикалық қоғамдастық аталған модельді сынақтан өткізуге қатысты жұмыс жүргізіп жатыр. ТМККК, МӘМС шеңберінде дәрілік препараттардың құны шамамен 19%, көтерме-бөлшек саудада шамамен 30% төмендейді», деді Е.Нұрлыбаев.
Қаңтардан бастап медициналық ұйымдар электрондық қаржы орталығының веб-порталында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды онлайн режімде сатып ала бастады. Қазірдің өзінде 800-ге жуық медициналық ұйым осы алаңды белсенді пайдаланады. Веб-портал арқылы 120 млрд теңгеге жуық шарт жасалған. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі электронды сатып алу форматына көшудің арқасында қанша қаражат үнемделгенін анықтап жатыр.
«Бірыңғай дистрибьютор арқылы дәрілік заттарды сатып алу кезінде оларды сақтау үшін де, тасымалдау үшін де төлем жасаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі «СК-Фармациямен» бірлесіп, шығындарды қысқартуға болады деген қорытындыға келді. Біз сақтау мен тасымалдауды жеке қызметтерге бөлуді ұсынамыз, өйткені олардың әрқайсысы арнайы шарттарды, оның ішінде температуралық режімді сақтауды талап етеді», деді вице-министр.
Сөйтіп, дәрі-дәрмектерді сақтау, тасымалдау қызметтерін екі бөлек лот ретінде сатып алу туралы шешім қабылданды. Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауы бойынша, бұл шамамен 1 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің фармацевтикалық нарығындағы отандық өндіріс көлемін 50%-ға, одан жоғары деңгейге жеткізу жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп келеді. Жоспарды 2029 жылдың соңына дейін орындау көзделген. Былтыр отандық өндіріс көлемі 15%-ды құраған. Салыстырмалы түрде нәтиже көңіл көншітеді деп айтуға келмейді. Сондықтан министрлік тапсырманы орындау мақсатында инвестиция тарту, қолайлы жағдай жасаумен айналысатын жобалық кеңсе ашты. Қазір онда 7 жоба қарастырылып жатыр. Инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 700 млн долларды құрайды. Олардың барлығы дәрілік препараттар өндірісін оқшаулауға бағытталған. Бұдан өзге, дәрі-дәрмекті таңбалау жұмыстары үзілмей жалғасып келеді. Бұл ел аумағына сапасы мен шығарылған жері күмән туғызатын өнімдерді кіргізбеу үшін қажет.