
DamuMed жүйесіне 365 мыңға жуық атыраулық тіркелген
Атырау облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында маңызды қадамдар жасалып келеді. Бүгінде өңірде DamuMed медициналық ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындарға сапалы және ыңғайлы медициналық қызмет көрсету жолға қойылған, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Статистика бойынша Атырауда 18–60 жас аралығындағы 364 199 тұрғын DamuMed жүйесіне тіркелген. Олардың ішінде 137 мыңнан астам адам мобильді қосымшаны белсенді түрде пайдаланады. Мамандардың сөзінше, бұл – халықтың жүйеге деген сенімі мен ыңғайлылығын айғақтайтын көрсеткіш.
–Атырау қаласындағы қалалық 5 емхана бойынша DamuMed мобильді қосымшасын 4300-ден астам азамат жүктеп, белсенді түрде қолданады. Тұрғындар қосымша арқылы учаскелік дәрігерге алдын ала өз бетінше жазыла алады, бұл медициналық қызмет көрсету үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді. Ал басқа ақпараттық жүйелерге келетін болсақ, “eGov Mobile” қосымшасы арқылы азаматтар еңбекке жарамсыздық парағының мерзімін онлайн көре алады. Бұл – медициналық құжаттармен байланысты процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған тиімді шешім, — деді №5 қалалық емхананың директоры Нұрбақыт Көпжанов.
Қосымшада балаларды тіркеу, отбасы мүшелерінің медициналық картасын бақылау және дәрігермен байланыс тарихын сақтау мүмкіндіктері де бар.