БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕР ОНЫ ЕМДЕЛУШІЛЕР ОСЫЛАЙ АТАЙДЫ

Уақыт өткен сайын қаладағы емханалардың бел ауырып, балтыры сыздағандарға дер кезінде көмек беруі былай тұрсын, ондағы ақ халатты абзал жандардың біліктілігі, науқас адамға деген аялы қамқорлығы қашанда қажет-ақ. Осындай абыройлы міндетті жете түсінген ұжымның бірі - №5 қалалық емхана. Осы емдеу орнына келгенімде бас дәрігер Күлшара Жұмағалиева күндегі әдеті бойынша ертеңгілік емхана ішін, бөлмелердің, лабораторияның жұмысқа әзірлігін тексеріп жүр екен.

 Әлден соң бас дәрігер ка-бинетіне оралып, біраз адамдарды қабылдады. Бір кезде менің де кезегім келіп, ішке кіргенімде ақ құба жүзіне жылылық ұялаған дәрігердің ілтипатына ерекше тәнті болдым.
…Мақаттағы орта мектепті бітіріп, жүрек қалауымен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түскен еді. 1980 жылы аталған оқу орнын үздік бітірген соң алғашқы дәрігерлік қызметін Мақат аудандық ауруханасында бастады. Біраз жыл осы емдеу орнында ревматолог, кардиолог болып жасайды. Бұдан әрі төрт жылдай облыстық мұнайшылар кәсіподағы ұйымында сенімді дәрігер қызметінде болады.
Жігерлі де іскер жас маманды басшы орындарда көрмей қалмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы 1992 жылы оған зор сенім артып, Доссор аудандық ауруханасының бас дәрігері етіп тағайындайды. Аудан халқы денсаулығының салауатты болуына, сондай-ақ түрлі аурушаңдықтың алдын алу жолында медицина қызметкерлерін ортақ мақсатқа жұмылдыра білді.1994 жылы Батыс Қазақстан облыстық ауруханасында дәрігер-статист, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, одан екі жылдай Атырау облыстық медициналық сақтандыру қорында медицина қызметінің сапасын тексеру бөлімінде дәрігер эксперт, бөлім бастығы қызметтерін атқарады. Төрт жылға жуық Атырау қалалық денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары болып істесе, екі жыл Атырау шипажайының дәрігер-кардиологы, үш жыл қалалық №2 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының директоры болды.
2010 жылы осы орталық №5 қалалық емхана болып қайта құрылғаннан бері бас дәрігері қызметінде.
-Емдеу саласында атқарылып жатқан оң істеріміз аз емес,- деді ол. -Қазіргі уақытта емхана 31 мыңнан астам адамды қамтитын Атырау, Самал, Ескі әуежай ықшамаудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Оның үстіне басқа жақтан келіп жатқан мигранттар да аз емес. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша пациент өзі қалаған емдеу орнына тіркеліп,білікті дәрігерден ем алуына құқылы десек, емі – дауа, қызметі мінсіз бұл емдеу орнына қалаға жақын елді мекен тұрғындары да келіп ем алуға мүдделі.
Емхана 2011 жылдан бастап қаладағы емдеу мекеме-лері арасында алғашқы болып «Кезексіз емхана» жүйесіне көшіп, жұмыс істеуде. Бұл жаңа жүйе бойынша емхана байқау үздігі атанып, бас дәрігер Финляндия елінде болып, іс-тәжірибе жинақтап келген. Науқастар емхананың электрондық сайты, телефон арқылы алдын ала кезекке жазылып, қалаған мезгілінде дәрігерге келіп, тиісті емін алады. Емханада барлық қызмет түрлері компьютерленген, локалды жүйе жұмыс жасайды. Электронды құжат айналымы енгізіліп, емделушілер туралы барлық мәліметтер электронды түрде сақталады. Пациенттердің қолына амбулаториялық картаның басып шығарылған көшірмесі беріледі.
Қазіргі кезде емдеу орнында 160 адам еңбек етсе, оның 40-ы – жоғары білімді дәрігер, 80-ге жуығы – орта буын медицина мамандары.Соңғы екі-үш жылда Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Алматы медицина институттарын бітірген ондаған жас маман қызметке келді. Ал, көптеген дәрігерлер алыс-жақын шетелдерде болып, білімдерін жетілдірді. Ол мамандар осы заманғы медициналық құрылғылардың «тілін» жете меңгеріп, денсаулық саласында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында жоғары санатты дәрігер-лаборант Гүлшат Жарлығанова, бас дәрігердің орынбасары Нина Исенбаева, денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, жоғары санатты дәрігер Роза Жайықова, учаскелік дәрігер Әсел Өмірәлиева, егу бөлімінің медбикесі Шолпан Қарасаева, учаскелік медбике Татьяна Авдиева және басқа да ақ желеңді жандарды әріптестері мақтан етеді.
Бұл емхана – қаладағы емдеу мекемелері ара-сында денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асырудағы жетістіктерімен танылған емдеу орны. Таяуда аталмыш емдеу орны ТМД елдерінің үздік мекемелері арасында рейтингілік көрсеткіштері бойынша жүлделі орынды еншіледі.
-Шындығын айту керек, бізде мұндай жоғары марапатқа ие боламыз деген ой болған жоқ. Бұл Кеден одағындағы Ресей, Украина, Беларус, Қазақстан елдері арасындағы Ұлттық бизнес рейтингі бағдарламасы бойынша саралау кезінде ең үздік мекемелердің қатарында емхананың аталуы – біз үшін өте қуанышты зор мерей. Осы жетістікке орай Астанада «Тәуелсіздік сарайында» марапаттау рәсіміне қатыстық. Ондамен отандық экономиканы дамытуға үлес қосқан басшы ретінде «Қазақстанның даңқы» орденімен марапатталдым. Емханамыз озық технологияларды дамыта отырып, қаржылық және емдеу саласында тиімді көрсеткішке жеткен мекеме ретінде «Қазақстанның көшбасшысы-2013» қабырға медалін еншіледі, – деді Күлшара Өтеуқызы бізбен әңгімесінде. Сондай-ақ, емхананың педиатры, бас дәрігердің орынбасары Өтебай Әміров жоғары жетістіктері мен ұзақ жылғы еңбегіне орай «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалінің иегері атанды. Ал, акушер-гинеколог дәрігер Зәуре Байжомартоваға «Жылдың маманы» дербес сертификаты табыс етілді. Бір қуаныштысы, халықаралық деңгейде шығатын «Кеден хабаршысы» журналында емханамыздың іс-тәжірибесі үзбей тегін насихатталатын болады.
Ұжымдастары Күлшара Жұмағалиеваның үлкен-ге деген ізгілігін, кішіге деген қамқорлығын, адамгершілігін сүйсіне әңгімелейді. Ол – жүрек сырқатының білікті маманы, бірінші санатты денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Есімі «Қазақстан Республикасының үздік дәрігерлері» кітабына жазылған.2013 жылы Атырау облысы үздік денсаулық ісінің менеджері атағына ие болып, бірнеше рет республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Мәскеу, Санкт-Петербург, Астана, Алматы қалаларында біліктілігін арттырып, әлемдік медицина жетістіктерін жете меңгерген жаңашыл дәрігер.
-Әкем марқұм «ұстаз, дәрігер, құрылысшы – қашанда керек мамандық» дегенді жиі айтатын. Сол керек мамандықты, оның ішінде мен өмір арашашысы – дәрігер болғанымды мақтан тұтамын,-дейді Күлшара Өтеуқызы ағынан жарылып.
Расында да, халыққа медициналық мінсіз қызмет көрсету жүйесінде өз қолтаңбасын қалдырып, оның кешенді моделін ұсынып жатса, бұл – ауызбірлігі жарасқан ұжым мен оның жігерлі де алғыр басшысының тікелей еңбегі. Ал, төгілген тер, жұмсаған еңбек қашанда еленіп, тиісті марапатын табатынына біз де риясыз көз жеткіздік.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз