Жарнама
Медицина

Биыл АИТВ орталығында 100 мыңнан астам зерттеу жүргізілді

Жыл басынан бері Атырау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының заманауи зертханасында 100 мыңнан астам зерттеу жасалған. АИТВ-ны анықтауға арналған автоматты зерттеу құрылғысы биоматериалды сапалы әрі тез арада талдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Атырау облыстык АИТВ инфекциясынын алдын алу ортылығының директоры Қуаныш Нұрмұханов мәлім етті, деп хабарлайды atr.kz Өңірлік коммуникациялар орталығы.

АИТВ инфекциясы уақтылы емделмеген жағдайда иммунитет әлсіреп, оппортунистік аурулар пайда болады. Дегенмен АИТВ ауруына шалдыққандар дертті уақтылы анықтау және үздіксіз ем қабылдау арқылы өміріне төнген қауіпті сейілтеді. Нәтижесінде сапалы әрі ұзақ өмір сүруге болатынын мамандар атап өтті.

— 1 желтоқсан – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромымен (ЖИТС-СПИД)  күресу күні. Бұл күн әлем бойынша 1988 жылдан бері 35 жыл бойы аталып келеді. Осыған орай әлемнің түкпір-түкпірінде қазір алдын алу шаралары мен халыққа түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстың мақсаты – жұртшылықтың назарын АИТВ мәселесіне аудару, — деді Қ.Нұрмұханов.

ЖИТС-ке қарсы күрес күні әр жылы әртүрлі ұранмен өтеді. Осы жылдың ұраны «Көшбасшылық — қауымдастықтарға» деп аталады.

— Осы он күндікте 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өткізілген іс-шаралардың барлығы да Үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен, араласуымен өтті. Соның ішінде «Үміт-НОРЕ-Надежда» қоғамдық қоры үлкен белсенділік танытып барлық іс-шараларға қатысқанын мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ АИТВ инфекциясы әлеуметтік ауруларға жататындықтан бұл індетпен күреске қоғамның әр мүшесі атсалысуы қажет. Әсіресе жастардың ұйымшылдықпен қатысуының маңызы өте зор. Себебі бүгінгі күні анықталып отырған АИТВ инфекциясының 80%-ы жастардың арасынан, атап айтқанда 15-49 жас арасында шығып отыр, — деді орталық директоры.

Айта кетейік, АИТВ-ның таралуын тоқтатудың бір жолы — байланысқа дейінгі профилактика, яғни ауруға дейінгі алдын алу шарасы. Ал, АИТВ мен өмір сүретіндер вирусқа қарсы препараттарды уақтылы қабылдау арқылы өмір сүру жасын ұзарта алады.

— Сонымен қатар Бүкіл дүниежүзілік денсаулық ұйымының 95-95-95 стратегиясын да ұмытпауымыз керек. Бұл дегеніміз — АИТВ жұқпасымен өмір сүретін адам 95% өзінің статусын білу керек және анықталғандардың 95%-ы толыққанды ем алуы керек. Сондай-ақ ем алып жүрген адамдардың 95%-да оң нәтиже болу керек. Осы көрсеткіштер орындалған жағдайда ғана біз бұл індетті тоқтата аламыз, — деді Қ.Нұрмұханов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button