Жарнама
Медицина

Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы

Теміржол саласының ардагері Мұрат Хамитұлының 2-типті қант диабетіне шалдыққанына бірнеше жыл болды. Қандағы қант құрамын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін ол «репаглид» дәрісін күн сайын қабылдауы тиіс. Учаскелік эндокринологтың есебінде тұрған бірінші топ мүгедегі дәрі-дәрмекті бұған дейін еш кедергісіз алып келген. Алайда соңғы уақытта «репаглидке» қол жеткізу қиындап кетіпті. Енді ол дәрінің бір айлық нормасын алу үшін дәрігердің қабылдауына бір ай бұрын жазылып, сағаттап кезекке тұруға мәжбүр. Өкінішке қарай, қазір бұл бір ғана жағдай емес, дертіне шипа іздеген мыңдаған жанның басынан өтіп жатқан көрініске айналып барады. Жақында осы мәселе Мәжілісте де қозғалып, сын тезіне алынған болатын.

Отандық фармацевтикада – шетелдік өнімдер
Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарына жүргізілген аудиторлық тексеріс біраз кемшіліктің бетін ашқан. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, былтыр республикадағы фармацевтика нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болса, оның 84 пайызы – шетелде өндірілген өнімдер. Отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектердің түрлері 968-ден 507-ге дейін, яғни екі есеге жуық азайған. Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға әкеледі. Яғни аудит дәрі-дәрмекті нарыққа шығару процедураларының шамадан тыс бюрократияланғанын және ұзақ уақыт алатынын анықтап отыр.
Бірыңғай дистрибьютор жаңа дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін бес түрлі тізбеге енгізілуі қажет екен. Қолдан жасалған шектеулердің салдарынан сатып алу процедураларының басым бөлігі бір ғана өнім берушінің қатысуымен өткізіледі. Мұндай жағдай бағаның өсуіне әкелетіні сөзсіз. Сондай-ақ қазіргі сараптау, тіркеу және қадағалау тәртібінде олқылықтар аз емес, фармакологиялық қадағалау құралдары тиімсіз. Палата басшысы шарттардың дер кезінде жасалмауы мен жеткізу кестелерінің сақталмайтыны, дәрілік заттардың шығарылуы мен айналымын бақылау жүйелеріне қатысты басқа да бірқатар мәселелердің барын атап айтты.

Бір парацетамолға – 172 пайыз үстеме
Иә, бүгінде отандық фармацевтика нарығында дәрі жоқ емес. Бірақ елдегі жүйенің жетілмегендігінен ол науқасқа ең қиын жолмен жетеді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов атап айтқандай, тіркеу рәсімі заң бойынша 210 күнге созылуы тиіс. Десек те, шын мәнінде кейбір науқастар үшін бұл мерзім 1275 күнге дейін ұзарып кеткен.


– Ал «өз адамдарына» – 25-ақ күн жеткілікті. Арзан, бірақ науқасқа ауадай қажет дәрілерге ешкім өтінім бермейді. Өйткені ол ешкімге тиімді емес. Мысалы, пенициллин елімізде тіркелмеген екен. Бағасы арзан болғандықтан, ешбір компания қызығушылық танытпайды. Соның кесірінен дәрігерлер бірден қымбат антибиотиктерді жазуға мәжбүр болады. Яғни әлемде бар дәрі – елімізде жоқ. Тізімде жоқ. Дәрігердің қолында да жоқ. Клиникалық хаттамалар – жаңартылмаған, ескірген. Емдейтін хаттамалардың 70 пайызы 5 жылдан 12 жылға дейін қайта қаралмаған.
Ғылым жыл сайын дамып жатыр, ал біз әлі де ескі емдеу тәсілдерін қолданудамыз. Тиімсіз дәрілерді хаттамадан шығару үшін сол препараттың өндірушісі өтініш беруі керек – бұл ақылға сыймайтын талап. Соңғы 3 жылда тиімділігі төмен екені дәлелденген препараттардың өзі әлі де шығарылмаған. Ал бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өзі ресми қорытынды жасаған.
Бақылау әлсіз. «Сары карточка» берілген 28 препарат бойынша шара қабылданбаған. 137 жанама әсер туралы хабар түскен, бірақ тек 1 препарат қана қайтарылған. 77 миллион дәрілік өнім бақылаусыз қалған. Шетелден әкелінетін субстанциялар да нақты тексерілмейді, не кіріп жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Дәрі бағасы – Еуропадан да жоғары. Кейбір дәрілердің бағасына 172 пайыз үстеме қосылған (Еуропада бұл шек – 30 пайыз). Бір дәрі – әр дәріханада 2–3 есе айырмашылықпен сатылады. Мысалы, түпнұсқа 344 теңге тұрса, «отандық баламасы» –
1273 теңге. Тіпті парацетамолдың өзі көршілес елдермен салыстырғанда 2 есе дейін қымбат. Ең сорақысы – кей дәрілер бюджет қаржысына сатып алынғанымен, соған қарамастан дәріханаларда сатылады, — дейді халық қалаулысы.

Баға реттелмесе, жағдай ушыға береді
Мұндай ахуал біздің өңірде де жоқ емес. Балалар неврологының жазып берген рецепті бойынша кейбір дәрілердің бағасы көршілес Астрахан облысында арзан. Сондықтан ата-аналар оны тапсырыспен алуға мәжбүр.

– Невропотологтың есебінде тұрған балама қажетті дәрі-дәрмекті бірнеше жылдан бері Ресейден, Өзбекстаннан алдырамыз. Өйткені бізде сол дәрі бірнеше есе қымбат. Астраханға қатынайтын таксистер де бұл «бизнеске» әбден машықтанып алған. Дәрілердің бағасы реттелмесе, жағдай ушыға берері сөзсіз. Ал тегін дәрілер туралы айтудың өзі қиын. Жылдың басында барып сұрасаң, әлі бюджет қаралмағанын айтады, соңында «бітіп кетті» деп шығарып салады. Жұртшылықтың реніші мен арыз-шағымы орынды ғой, — дейді қала тұрғыны Динара Қарабалина.


Сол себепті халық қалаулылары жаңа дәрілерді тіркеу мерзімін бір айға дейін қысқартуды, сондай-ақ клиникалық хаттамаларды дер кезінде қайта қарауды, тиімсіз дәрілерді алып тастауды және қажетті дәрілерді жедел енгізуді қамтамасыз етуді ұсынып отыр.

– Шекті баға әлемдегідей 30 пайыздан аспауы керек. Баға белгілеу әдістемесін қайта қарау, «пайызға пайыз» қағидасын алып тастап, нақты шығындар мен халықаралық тәжірибені ескеру қажет. Жыл сайынғы максималды бағаларды автоматты түрде реттеу механизмін жаңарту, бағаны бақылаудың электронды жүйесін енгізу маңызды, — деді Асхат Аймағамбетов.

Жаңа реформалар керек
Халық қалаулысының пікірінше, СҚ «Фармацияны» реформалау қажет. Яғни, логистиканы дамыту, бәсекелестік, есеп беру мен ашық ережелерді енгізген жөн. СҚ «Фармация» дәрілерді делдалдардан емес, тікелей зауыттардан сатып алуға тиіс. Дәрілік заттардың тапшылығын немесе артық болуын болдырмау үшін сатып алуды жоспарлаған абзал. Ашық цифрлық есеп беру жүйесін құру да маңызды. Осының бәрін ескере отырып, депутат қарапайым халықтың мүддесі басшылыққа алынуы керектігін, қауіпсіз, қымбат емес дәрілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды деп есептейді.
Депутаттар денсаулық сақтау саласында Жоғары аудиторлық палата ұсыныстарының орындалмауы, жұртшылықты дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігі, фармакология саласындағы отандық жобалардың нарыққа тиімсіз енгізілуі, тіркелмеген дәрілік заттар мен субстанцияларды сатып алу және әкелу кезінде дәрілік заттардың шығу тегіне бақылаудың жоқтығы және басқа да мәселелерді көтерді. Жиын барысында айтылған халық қалаулыларының сұрақтары мен ұсыныстары Үкіметке жолданбақшы.

Зауытқа инвестор іздейміз
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға маңыз беріп отырғанын, осыған орай депутаттар салаға заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Палата спикері 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманың орындалмағанын атап айтты.
Осыдан он жыл бұрын Атырау облысында фармацевтика зауыты салынатындығы туралы айтылған еді. Дәрі-дәрмекті қолжетімді бағада алатынына қуанған атыраулықтар бұл жаңалықты жылы қабылдағаны рас. Кәсіпорын толық қуатына енгенде мұнда 180 адам жұмысқа тартылып, жылына 800 мың дана таблетка, 300 мың дана капсула түріндегі дәрі, 38 млн. дана шприц (ине), 3 млн. құтыдағы май, т.б. барлығы 50-ден астам фармацевтикалық өнім түрлері шығарылуы тиіс болатын. Қажетті шикізаттар негізінен Үндістан, Қытай елдерінен әкелінетіні де айтылды. Экологиялық таза әрі сапалы өнім дайындалатын кәсіпорындағы жұмыс процестері қалдықсыз технологияларға негізделетін болып ойластырылды.
Алайда маңызды жоба сиырқұйымшақтанып, ақыр соңы аяқсыз қалды. Осы мәселеге қатысты облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің пікірін білгенімізде ол жергілікті биліктің инвестор іздестіріп жатқанын айтқан болатын. Алыс және жақын шетелден келетін бизнес және ресми құрылым өкілдеріне де осы мәселеге байланысты ақпарат беріліп отыр екен.
– Әзірге инвестор табылған жоқ, — деді ол.


Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі болуы тиіс бұл өндірістің нақты қашан іске қосылып, өнім шығаратыны белгісіз болып қалып отыр. Инвестор «әне келеді, міне келеді» деп жүргенімізде құрылыс нысаны мүлде пайдаға аспай қалуы да ғажап емес.

– Көріп отырғанымыздай, дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша міндеттер әлі де жеткілікті. Сала жүйеленген тәсіл мен неғұрлым озық көзқарасты талап етеді. Есепті тыңдау қорытындысы бойынша біз Үкіметке, уәкілетті органдар мен әкімдіктерге ұсынымдар дайындадық. Депутаттар саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар ұсынды. Үкімет талқылау қорытындысы бойынша депутаттардың барлық ұсынысын ескеруі қажет. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетуге дайынбыз, — дейді Ерлан Қошанов.

Түйін
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдегі дәрі-дәрмек қорының нақты саны белгісіз. Себебі әрбір медициналық мекеменің өзіне тиесілі жеке дәрі-дәрмек қоймасы бар. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, есепте тұрған науқастар тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Орфандық және онкологиялық аурулары бар науқастарды дәрімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Әрине, атқарылып жатқан істерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ неге жыл сайын облыс медицинасынан дертіне шипа таба алмай, шетел асып жүргендердің қатары көбейіп барады? Көрші елде екі есе төмен бағаға тұрған дәрі-дәрмекті неге біз қымбатқа сатып аламыз? Көкейдегі осы сауалдар әлі жауапсыз қалып отырғаны өкінішті…

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button