Жарнама
Медицина

Бақыт басын иген жан

Медицина саласында еңбек ету көпшілік ойлағандай күндіз-түні науқастың қасында тұрып, оны ажалдан арашалаудан ғана тұрмайтынын ескерген жөн. Сондай жансебіл мамандарға барлық жағдайды жасап, жұмысты ұтымды ұйымдастыру жауапкершіліктің ең биік шыңы боларын түсінген абзал. Өйткені, ол да екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Егер шынтуайтына келсек, басшылық жұмыс – бақыттың кілті емес. Бастапқыда бақ-дәреже өсіп, биікке самғағандай болғанмен, жан-жағын бажайлаған лауазым иесі біртіндеп қылпылдаған ұстараның жүзіндей тынымсыз тірлікке ұрынғанын байқайтыны анық. Ұжымның жауапкершілігі, науқастардың тағдырына қатысты толғақты мәселелерді шешу үшін үнемі ой қажап, тығырықтан жол іздеп жүретінін былайғы жұрт аңғара да қоймас. Нағыз «Еңбек адамы» дегеніңіз сол шығар, сірә!

Атырау облысының денсаулық сақтау саласында Қуаныш Нұрмұхановты танымайтындар кемде-кем. Себебі, оның өмір жолы үнемі тыңнан түрен салып, көпке үлгі боларлықтай өріліп келеді. Қиғаштың Каспий теңізіне құяр сан тарау саласындағы Ганюшкино селосында кіндік қаны тамған ол орта мектепті бітірісімен мектепте бірге оқыған қыздың ағасына еріп, Ақтөбе қаласына барғандағы ойы балғын шағынан армандаған дәрігерлік оқуға түсу еді. Бақ дегенге дауа жоқ қой, 1976 жылы Ақтөбе медициналық институтында бір орынға екі-үш адам таласып жатты. Ауылдан дәрігер болуға талаптанып жеткен бес-алты сыныптасы қабылдау емтиханынан өте алмай, тек Қуаныш пен сыныптасы Күләш Дүйсенованың ғана жұлдызы жанды. Әрине, ол заманда мединститутқа мықты білгір түлектер ғана тапсыратын. Емтихан қабылдаған мүйізі қарағайдай профессорлар, тіпті доценттердің өздері студенттерді алғашқы курстарда жүре сөйлеп діңкелететін. Онсыз да қиын оқудың орысша жүретіні өз алдына, бұрын естімеген медициналық терминдер мен латын әліпбиінің қаріптерінен бозбала Қуаныш бастапқыда біршама қиналды. Оған қосылған тағы бір қиындық – ол ауылда жүргенде үй тапсырмасын дауыстап оқыса миына бірден құйып алатын, ал жатақхана мен кітапханада үйдегідей дабырлап отыруға жағдай жоқ, болған күнде де қасындағылар қағып қалып қысастық қылады. Әупірімдеп жүріп оған да көндікті, әйтеуір үлгеріміне әлгі шікірейіп жүрген ұстаздары оң қабақ танытты, ол кезде соның өзі «бес»-ке бағаланатын…

1982 жылы оқу бітіріп, Гурьев қаласына жұмысқа келді. Жалғыз емес, қасында бір курста оқып көңілі жарасқан жап-жас келіншегі Тыныштық бар. Екеуінің үйленгеніне де көп болмап еді, V курстың аяғында студенттік тойын өткізген. Ол кезде масасы баданадай, балшығы бауырмал Гурьевке құмартып тұрған ешкім жоқ па, әйтеуір келген бойда Қуаныш қалалық №1 ауруханаға жұқпалы аурулар дәрігері, Тыныштық терапевт болып жұмысқа кірісіп кетті. Қазіргідей шетелден келіп үйрететін тәлімгер де, білмегеніңді қарап алатын интернет те жоқ, екеуінің сыйынғаны да, сүйенгені де өзіне дейін жұмыс істеп жүрген тәжірибесі мол мамандар болды. Небәрі төрт жылдың ішінде Қуаныш та, келіншегі Тыныштық та әжептәуір тәжірибе жинақтап, саланың қыр-сырын меңгерді, жергілікті жағдайда жұмыс істеп, тығырықтан шыға білудің ұңғыл-шұңғылын үйренді. Соның септігі тиіп, ол аурухананың бөлім меңгерушілігіне жоғарылатылды. Жауапкершілікке аса мән берілетін кезде ол осал қызмет емес еді. Қуекең әлі күнге дейін сол кездегі басшысы Күләш Халелқызы Сапарова мен тәлімгері Бәния Қожахметқызының ақыл-кеңесін, ұлағат-үлгісін жадынан шығармай, оларды ұдайы құрметпен еске алады.

1989 жылы Атырау облысында алғаш ұйымдастырылған ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталықтың бас дәрігерлігіне тағайындалып, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас инфекционист маманы қызметі қоса жүктелген Қ.Нұрмұхановтың әуелгі кезде басқару ісінде машық-дағдысы да жоқ болатын. Сала басшылығына оның әр істі тиянақты әрі мұқият тындырып, таңдаған мамандығына сүйіспеншілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, жалпы еңбекке деген көзқарасы ұнапты. Одақтың шаруасы шатқаяқтап, тұрмыс ауырлай бастаған шақта елге келген туристер мен шетелдіктер арқылы «жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы» деген термин пайда болды. Бұрын болса да, мұндайды медициналық әдебиеттерден ғана оқитын Қуаныш Құлбайұлы бастапқыда жұмысқа қай жағынан келерін білмей қиналғаны да рас. Әуелі өзі бас алмастан оқып, ЖИТС туралы түсінігін қалыптастырған соң емдеу-сауықтыру мекемелерінің дәрігерлерімен бірлесіп, жаңа пайда болған дерт жөнінде семинар, жиналыстарды жиі өткізіп, әсіресе облыс жастары арасында түсінік жұмыстарын көп жүргізетін. Сонымен бірге мекеменің материалдық-техникалық базасын қалыптастырып, кадрмен қамту, басқа да маңызды істерді уақытпен санаспай жүзеге асыруға күш салды. Мамандандырылған саланы басқару үшін арнайы біліктілік те қажет. Ол үшін Қазақстанды аралап, одан әрі Ресей мен Украинаның қалаларында білімін жетілдірді, арнайы орталықтарда біліктілігін арттырды. Көрген-білгенін жергілікті жерде жүзеге асыру үшін берген ұсыныстарының барлығы бірдей қолдау таппады. Өйткені елде нарық қатынастары енгізіліп, жұмыс бағыты да, тұрмыстық жағдай да мүлде басқаша өріс алған болатын.

Әйтсе де, Қ.Нұрмұхановтың жігерлі іс-қимылын республика Денсаулық сақтау министрлігіндегі білікті мамандар оң бағалады. Атырау облысында ЖИТС-қа қарсы күрестің нәтижесін атап өтіп, енді Қуаныш Құлбайұлын өзі тәмамдаған Ақтөбе мемлекеттік медициналық институты жұқпалы аурулар кафедрасына жұмысқа шақырды. 1996-2002 жылдары Ақтөбе облыстық мамандандырылған емдеу-сауықтыру мекемесінің бас дәрігерлігіне тағайындалғанда, мұндағы жағдай да «па!» дегізерліктей емес еді. Тағы да сол ізденіс, наркологиялық препараттарға тәуелді науқастардың емі шипалы болуы үшін уақытпен санаспай тер төкті. Құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуге де тура келетін. Мекеменің ішкі ахуалы енді түзеле бастағанда Қ.Нұрмұханов тағы қоныс аударып, еңбек жолын бастаған Атырауына қайта оралды.

Арнайы шақыртумен келген ол бұл жолы облыстық психиатриялық жүйке-тамыр аурулары диспансерінің басшылығына тағайындалды. Білікті де білімді қасиетін таныған облыстық денсаулық сақтау саласының басшылығы сол 2002 жылдан бастап, оған облыстың бас психиатр-нарколог маманы және Құрманғазы ауданының медицина саласы бойынша кураторлықты қоса жүктеді.

Адам жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылған жазу болады екен, ата-бабамыз оны «пешенесіне жазылған» деп жатады. Шындығында ол – оның тағдыры. Қуекең мұнда да жұмысын жаңадан бастағандай еңбек етті. Психикалық аурулардың алдын алу, сапалы емдеу шараларын қолға алды. Ескі ғимарат әктеп-сырлауға келмейтін, оны жөндеуге қажетті қаржы қазынаға едәуір салмақ түсіруші еді. Сондықтан, ұйымдастырушылығының арқасында демеушілердің қолдауына жүгінді. Шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатып, көптеген құрал-жабдық пен автокөліктер алуға қол жетті. Мекеменің кадрларын тұрақтандырып, білікті мамандармен толықтыра түсті. Көрсеткіштер де жақсара түсті.

2018 жылы кейбір коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға құрылымдық өзгерістер жасалғанда Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығы мен облыстық наркология диспансері біріктіріліп, «Атырау облысы психикалық денсаулық орталығы» болып қайта құрылды да, оның директорлығына тағы да Қуаныш Құлбайұлының кандидатурасы лайықты деп табылды. Ғимараттарды жоспарлы түрде күрделі жөндеуден өткізу, кадрмен, дәрігерлік құрал-жабдық және препараттармен қамту қайтадан күн тәртібіне шықты. Ол әуелі мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлай отырып, медициналық қызметті жақсарта білді. Шетелдік компаниялардың табалдырығын тоздырып, аргументтерін дәлелмен нықтап, мекемеге демеушілік көмекті де көбейтті. Тіпті, оған келген мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиісті жағдай жасалды.

Ұжымдағы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері талданып, аз қамтылған отбасылар есепке алынды. Олардың балаларының оқу ақысын төлеу, балабақшаға орналастыру, тұрғын үймен қамту тәрізді мәселелерге ерекше ден қойылды. Мекемедегі осындай қыруар істерге қоса, облыстың штаттан тыс психиатр-наркологы мен Құрманғазы ауданына кураторлығы да зор жауапкершілік болатын. Бірақ Қуекең бойындағы қабілет-қарымы мен күш-қайратының арқасында мұның қай-қайсысын да қайыспай атқара білді. Себебі, сабырлы, сөзге сараң бола тұрса да сыпайы қалжыңымен ұтырын тауып сөйлейтін майдангер әкенің берген тәлімі мен он перзентін адам-асыл еткен ақылды да еңбекқор, табанды да қамқор ананың тәрбиесі оны қажыр мен қайратқа әбден шыңдаған болатын.

2021 жылдың шілдесінен бері облыстық ЖИТС орталығының директорлығына ауысу тәртібімен тағайындалған Қуаныш Нұрмұханов бұл ұжымда да білікті кадрлардың кәсіби білімі мен тәжірибесін ұтымды пайдаланып, олардың өмірі мен саулығына қауіпсіз жағдай туғызуға баса мән берді. Ұжымда қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру, мекеме қызметін талдау және оның көрсеткіштерін бағалау негізінде қажетті шараларды қабылдап, процеске енгізуді алға қойып отыр.

Қуаныш Құлбайұлының халық денсаулығын жақсарту бағытында төккен тері ескерусіз қалған жоқ. Отандық медицинаны дамытуға және Қазақстан халқының саулығын сақтауға қосқан үлесі үшін «Халық алғысы», «Еңбек ардагері», «Алтын дәрігер» медальдарымен, медициналық даму, диагностикалау және емдеу бірегей әдістерін күнделікті емдеу процесіне енгізгені, саладағы реформаларға белсенді қатысқаны үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласының Құрметті қызметкері», «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да мадақ-марапат аз емес, соның ішіндегі өзіне ұнамдысы – облыс емдеу-сауықтыру мекемелері арасындағы 2010 жылдың қорытындысы бойынша байқаудың қорытындысымен «Үздік ұйымдастырушы» атағын алуы. Республикалық Ұлттық бизнес рейтингін ұйымдастыру комитетінің шешімімен кәсіпорындардың рейтингісі бойынша «Слава Казахстан» және «За заслуги в медицинской сфере» ордендері де ұзақ жылдық бейнеттің зейнетіндей көрінеді.

Ұйымдастыру ісінде шеберлігімен танылған білікті басшы Қуаныш Құлбайұлының облыс медицинасы саласында алаңсыз жұмыс істеп, іргелі істерді жүзеге асыруына жұбайы Тыныштық Хамзақызының да қосқан үлесін айта кеткен жөн. Өзі де жоғары білікті дәрігер болғанмен отағасы екеуі үш перзентіне саналы тәрбие беріп өсірді, ұл-қызының интеллектуалды дамуына көбірек маңыз берді. Бүгінде Дархан мен Ақмарал және Баубек пен Динара Астанада тұрса, Данияр Наргиз екеуі шаңырақты ұстап отыр. Барлығы да өмірден лайықты орындарын тауып, келешектерінен зор үміт күттіреді. Бүгінде немере-жиендерінің қызығына кенеліп отырған ата мен әже әлі де өздері таңдаған саланың өркендей түсуіне үлестерін қосып жүр.

Ерік-жігері мол, жастайынан қиындықтан қашпай еңбек еткен жан дүние байлығы емес, жан байлығын алдыңғы кезекке қоятыны анық. Ұрпағына да соны үйретіп, олардың амандығын, елдің тыныштығын ойлайды. Қоғамда осындай адамдар көп болса, елдің еңсесі де жоғарылай түсеріне күмән жоқ. Бастысы, еңбексүйгіш қарапайым жанға қашан да бақыт басын иетінін естен шығармаған жөн болар. Шынында да солай!..

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button