Балалар үйінде – «Денсаулық бөлмесі»
№1 С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде «Денсаулық бөлмесі» ашылды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше атап өткен халықтың денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын арттыру мақсатында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы көптеген игі істердің ұйтқысы болып келеді. Аталмыш «Денсаулық бөлмесі» де сондай игі істердің бірегейі болып отыр.
«Angel NBA» ЖШС-нің әлеуметтік жобаларды іске асыру тапсырысы аясында, Қоғамдық денсаулық сақтау институтының ұйымдастыруымен өткізілген шарада оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аурулардың алдын алу үшін ақпараттық бетшелер, әдістемелік кітапшалар, қолданбалы үстел ойындары, дидактикалық материалдар, спорт құралдары таратылды. Облыстық білім беру басқармасының маманы Анар Маратқызы, Атырау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Алуа Сыралиева және басқалары өз ойларын ортаға салды. «Денсаулық бөлмесінің» есігі тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер үшін әрдайым ашық. Балалар бос уақыттарында аурулардың алдын алу бойынша дайындалған түрлі бейнефильмдерді тамашалап, дамытпалы үстел ойындарын ойнайтын болады.
Өз тілшіміз.