«Бала дәрігерінің өзі бала секілді…»
Бала дәрігері болу біліктілік пен жауапкершілікті, ептілікті талап етері сөзсіз. Әр ата-ана үшін көзінің нұры, бауыр еті баласының дертке шалдығуы қаншалықты ауыр болса, ал оны емдеп жазуды жауапкершілігіне алатын дәрігердің де жұмысы жеңіл емес. Бұл саланың ерекшелігі де осында болса керек. Дегенмен о бастан адам жанына араша түсер маман болуды армандаған, сол жолда білім алып, мол тәжірибе жинақтаған адам үшін бұл сүйікті істің бірі. Өз ісіне шын берілген, антына адал дәрігер үшін қиындық деген ұғым, босаңсу деген әдет болмайды. Болуы да тиіс емес. Осындай жолда науқас балалардың еміне шипа беріп, білімі мен тәжірибесін ұштастырып жүрген ақ желеңді жанның бірі – облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, травматолог-ортопед дәрігер Ержан Есболаев. Маусымның әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ержан Жұмашұлымен сұхбаттасқан едік.
– Ержан Жұмашұлы, дәрігер болу, оның ішінде бала дәрігері болу оңай іс емес қой. Алдыменен айтыңызшы, бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Дәрігер болу – менің бала кезгі арманым еді. Мектепте оқитын кезім. Бірінде «Парасат» журналынан академик, ғалым, танымал хирург Мұхтар Әлиев туралы мақаланы оқып, медицинаға деген қызығушылығым оянды. Дәрігер, оның ішінде хирург маманы болғым келді. Осы мақсатта облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда оқып жүріп, биология, химия, жаратылыстану пәндерін жан-жақты меңгеруге ұмтылдым. Осылайша, 2005 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясына балалар хирургі мамандығы бойынша оқуға түстім.
Студент кезімде еңбекке араласып, аурухана қабырғаларында жансақтау бөлімдері мен операциялық блоктарда санитар болып жұмыс жасай бастадым. Мұндағы ойым тәжірибе жинақтау, салаға бір табан болсын жақындау еді. Біздің мамандықтың ерекшелігі сол – сенің еңбек етуіңе бір ғана университетте оқыған білімің аздық етеді. Сондықтан 2012 жылы осы оқу орнын аяқтаған соң, бірден анестезиология және реанимация мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтіп, алғашқы еңбек жолымды Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының (қазіргі №2 облыстық аурухана) жансақтау бөлімінен бастадым. Ол кезде аурухана бейінді емес, ескі ғимаратта еді. Соған қарамастан жансақтау бөлімінде 6 хирург қызмет еттік. Ол кезде жансақтау бөлімінің 80-90 пайызы ауыр жағдайдағы науқастар болатын. Қиын жағдайдағы сырқат адамдармен жұмыс жасау қаншалықты ауыр болса да маған медицинаны меңгертіп, дәрігерлік көзқарасымды қалыптастырған міне, осы жер.
Айлық балалардан бастап ересектерге дейінгі ауыр халдегі науқастарды қарап, оларға шұғыл көмек көрсетіп, диагностика жасап, тиісті реанимациялық және қарқынды терапиялар жүргізу арқылы мол тәжірибе жинақтадым. Бірақ, басты арманым хирургия саласына бару болғандықтан 2019 жылдың соңында облыстық балалар ауруханасының травматология-ортопедия бөлімшесіне келіп, қайта даярлықтан өтіп, еңбек жолымды осы жерде жалғастырудың сәті түсті.
– «Бала жетіге келгенше, жерден таяқ жейді» демекші, баланың қатесі көп. Кейде биіктен құлап немесе күйік шалып, болмаса басқалай жарақат алып жатады. Өзге дерттер секілді жарақаттың да түрлері болары анық. Ауыр жарақатпен келген балаға ең алдымен қандай көмек көрсетесіз?
– Адам баласы мына әлемді көзбен көру, қолмен ұстау арқылы жақын таниды. Сол секілді кішкене сәбилер де бұл дүниені көру, ұстау арқылы танып біледі. Сол айналамен танысу, тану барысында егер ересектер тарапынан қадағалау болмаса түрлі жарақаттар алып жатады. Көп жағдайда балалықпен, білместіктен орын алады. Дүниеге келген шақалақтан бастап кәмелет жасына дейінгі балалар өздерінің жас ерекшелігі мен психологиялық, физикалық жетілуіне байланысты түрлі дәрежеде жарақаттарға тап болады. Соның ішінде кішкене балалар қолмен тартып қалу, әр нәрсені қолмен ұстау арқылы күйіп қалу немесе бөгде нәрселерді жұтып қою секілді жарақаттар алады.
Бірақ, мұның бәрін осылай болуы керек, табиғи құбылыс деп қарамау керек. Бұл – ең алдымен ата-ананың қателігі. Бұдан бөлек, ойын балалары алысу-жұлысу, секіру кезінде де дене жарақаттарын алады. Ал, ересек балалар көбіне көшеде болатын төбелес салдарынан дене жарақатына ұшырайды. Өкінішке қарай қазіргі уақытта 18 жасқа толмаған балалар ешқандай жол ережесін білместен, дайындықсыз мопед, скутерге отыру арқылы жол қозғалысына кедергі келтіріп ғана қоймай, ауыр деңгейдегі жарақаттар алуда. Тіпті, өлімге дейін әкелген жағдай да естеріңізде болар. Бұл жағдай соңғы кездегі басты проблемаға айналып, жасөскіндер арасында ауыр жарақаттардың көбеюіне әкеліп отыр. Жалпы, жарақат тұрмыстық, көше, спорттық, күйіктен және биіктен құлау жарақаттары және басқа бірнеше түрге бөлінеді. Қандай да бір жарақат алған кездегі алғашқы көмекті негізінен мектеп табалдырығынан бастап үйрету керек. Бұл алдағы уақытта тәжірибеге енгізіледі деп ойлаймын. Өйткені, мұны кез-келген адам білуі тиіс. Науқасқа алғашқы көмек көрсету арқылы асқынулардың алдын-алуға болады. Мәселен, қан кету, үлкен сүйектердің сынықтары, т.б.
Соңғы жылдары жиілеп кеткен жарақаттың тағы бір ауыр түрі – күйік шалу. Баланы күйік шалғанда үй жағдайында алдымен баланы жұбатып, жансыздандырғыш дәрі беру және ағып тұрған салқын судың астында ұстап, содан соң медициналық көмекке жүгіну керек. Ауыр деңгейдегі кесілген жаралар, күйіктер, сынықтар кезінде үй жағдайында өз бетінше ем-дом жүргізу немесе сынықшыға апарудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Мұндай жағдайларда ата-аналар балаларының сырқаттарын одан әрі асқындырып алады. Ал, асқынған дертті емдеу біз үшін өте күрделі болмақ. Кейбір жағдайда оның емі тез табылмай да жатады.
– Қызметтік тәжірибеңізде есте қалған оқиғаңызбен бөліссеңіз?
– Біздің әр күніміз оқиғаға толы ғой. Соның біріне тоқталайын… Жансақтау бөлімінде жүрген кезімде ауыр жағдайдағы бүлдіршін келіп түсті. Анығын айтқанда, жағдайы күрделі, өлім аузында жатқан болатын. Біраз күн бойы дәрігерлік көмек көрсетудің, ақ халаттылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде науқас баланың беті бері қарап, жағдайы жақсара бастады.
Бала сөйлей бастаған соң халін сұрап едім, ол маған бір саусағын көрсетіп, жымия кетті. Содан соң ата-анасына «балаңыз біраз жақсарып қалды, өзі сөйлеп тұр. Сұрақ қойсам, осылай жауап қайырды. Бұл баланың сауыққанын білдіретін шынайы құбылыстың көрінісі» деп айтқаным бар.
Білесіз бе, балаларда жағымпаздық деген ұғым мүлде жоқ. Біз олардың денсаулығының жақсарып келе жатқанының қандай да бір белгісін көрсек соған қуанамыз, тіпті бала дәрігеріне одан артық алғыс та керек емес-ау…
– Ересектерге қарағанда балалар мазасыз келеді. Оның үстіне дене жарақатын алған бала жағдайының қандай болатыны да белгілі. Ал, бала дәрігері ең алдымен науқас баланы тыныштандырып алып, ем жүргізеді. Жалпы, баланы емдеп жазудағы сіздің тактикаңыз қандай?
– Айтуыңыз орынды. Әртүрлі жарақатпен келген баланы қарау, оның тілін табу өте күрделі. Бірақ, оған аса ерекше тактика керек деп айта алмаймын. Себебі, байқап қарасаңыз, бала дәрігерінің өзі бала секілді. Ол үнемі баламен тілдесетіндіктен жан-күйі, сөйлеген сөзі, бет-жүзіне дейін солар секілді жылылыққа толы, мейірімді келеді. Осының өзі бала дәрігерін өзгелерден ерекшелеп тұратын басты белгі деп білемін.
Жүзінен мейірім мен жан жылуы төгіліп тұратын бала «бағбандарының» басқалардан айырмашылығы да осы. Дұрыс айтасыз, жарақат алып ауырсынып, қорқыныш, үреймен келген балаға ең бірінші коммуникация орнату қажет. Науқасты жұбатып, онымен жақсы қарым-қатынаста болғаны жөн. Баланы ойната отырып, денсаулығын тексере білу де қабілетті қажет етеді. Сөйте отырып өзіңізге қажетті ақпаратты алып, тексеруді жүргізіп, тиісті емдеу ісіне кірісеміз. Бұл әр бала дәрігерінің тактикасында бар нәрсе.
– Ауырған баланы облыстық балалар ауруханасына алып келеді. Ал, осы орталықта травматолог мамандар жеткілікті ме? Дәрігерлер біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біздің аурухана – жоғары медициналық көмек көрсететін бірден-бір балалар ауруханасы. Бұл жерде дәрігерлер, оның ішінде түрлі деңгейдегі жарақат алған балаларға көмек көрсете алатын жоғары білімді мамандарымыз қызмет етуде. Мұнда тәулік бойына жұмыс жасайтын арнайы жарақат бекеті, сонымен қатар 28 орынға негізделген травматология бөлімшесі бар.
Бөлімшеде бас ми жарақаттары, туа пайда болған потологияларды емдейтін нейрохирургия және күйікті емдеуге арналған комбустиология, тірек қимылдың жүре пайда болған ақауларын емдейтін ортопедия, сонымен қатар түрлі деңгейдегі жарақаттарды емдейтін травматология бейіндері бар. Ауруханамызда травматолог-ортопед мамандар жеткілікті, бөлімшені кадрмен қамтамасыз ету ісі жоғары деңгейде. Тәжірибелі және қатарымызға қосылып жатқан жас мамандарымыз да бар. Дәрігерлеріміз республика деңгейінде және алыс шет елдерде білімін жетілдіріп жүр.
Аталған бөлімшенің ғана емес, лор, неонтолог, невролог, хирург дәрігерлер, жалпы барлық мамандарымыз Түркия, Ресей секілді елдерде біліктілігін арттырып келеді. Осыдан екі жыл бұрын радиолог, неонтолог, нейрохирургтарымыз Израиль, Германия елдеріне барып, білімдерін шыңдады. Сондай-ақ осы өңірге алыс-жақын шетелдердің мамандарын шақырту арқылы, шеберлік сағаттарын, семинарлар мен тәжірибе сабақтарын ұйымдастырып, дәрігерлеріміздің іштен де оқытып жүрміз. Біліктілікті жетілдіру ісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аурухана басшылығы тарапынан да үнемі қолдау көрсетілуде. Қазіргі кезде «жұмыс жасаймын, медицинада өз бейінім бойынша қызмет етемін, үйренемін, салаға жаңа нәрселерді енгіземін» деген ынталы маманға басшылық тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған.
– Қазір жергілікті жерге келген дәрігерлерге бір жолғы көтермелеу қаражаты төленіп, арнайы ипотекалық бағдарлама да іске қосылды. Өзіңіз мұндай қолдауға ие болдыңыз ба?
– Өздеріңізге мәлім, жергілікті жерге маман тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2012 жылы оқуымды аяқтап, осы өңірге келгенімде қаржылай немесе тұрғын үймен қолдау деген болған жоқ. Біз өзіміз қалап келген ісімізде адал еңбек ету арқылы қажетті дүниемізге қол жеткіздік. Соңғы жылдары өңірге дәрігер мамандар тарту, жас мамандарды ынталандыру мақсатында көтерме қаржылай қолдаулар беріліп жүр. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, қолдау көрген мамандар халыққа сапалы қызмет ұсыну жолында ерінбей еңбектенуі керек. Бұл мамандықты таңдаған адам алдымен халық саулығына жауапты екенін сезініп, сол мақсатта аянбай тер төгуі тиіс деп санаймын.
– Травматолог мамандар жаңа технологияны қаншалықты меңгерген?
– Облыстық балалар ауруханасының травматолог мамандары қазіргі заманға сай барлық технология тілін меңгерген. Атап айтсақ, түрлі ұзынды-кішілі түтікше сүйектердің сынықтарына байланысты еуропалық, америкалық ассоциациялар дәлелдеген технологиялық ұсыныстар негізіндегі әдістерді біздің дәрігерлер өте жақсы меңгерген. Сол әдістерді пайдалану арқылы жарақаттарға емдер жүргізудеміз. Үлкен түтікше сүйектердің күрделі сынықтарына байланысты жабық әдістегі блоктаушы (блокирующий) остеосинтез әдістерін меңгерудеміз.
Мұндай оталар бұған дейін тек ашық күйде жасалған болатын. Соның салдарынан балалардың бірден орнынан тұрып кетуі қиынға тиіп, ауруханаға жату мерзімі де ұзағырақ болды. Ал, қазір кішкене ғана тілік арқылы тиісті отаны жасап, науқасты тезірек аяққа тұрғыза аламыз. Бұл мақсатта бізге Астанадағы Ағабек Чикинаев пен Түркиядағы Бекмез Шенол секілді тәжірибелі менторлар көмек қолын созды. Қазір ақпараттық-технология әр тәулік сайын жедел дамып жатыр. Біздер де сол уақыт көшінен қалмауға ұмтылып, соңғы жетістіктерді өз ісімізде қолданып келеміз.
– Өзіңіз білесіз, дәрігерге қателесуге болмайды. Бұл мамандықтың ерекшелігі де осында. Осынау қиын да қызықты мамандық иелері – әріптестеріңізге мереке қарсаңында қандай тілек тілер едіңіз?
– Медицина қызметкерлеріне ешқашан босаңсуға болмайды. Дәрігер сыр берсе, оның зардабы науқасқа тиеді. Сондықтан кез-келген адам дәрігер бола алмайды. Дәрігер болу үшін жоғары оқу орындарында бұрын – 7, қазір 9 жыл қатарынан білім алу барысында студент әр кезең сайын іріктеліп отырады. Сол оқу барысында барлық сатыдан өткен адам ғана дәрігер мамандығын меңгеріп шығады.
Маусым айының үшінші жексенбісі өзіміздің төл мерекемізде әріптестерімді, соның ішінде жас мамандарды қазіргідей мүмкіндіктер уақытында үздіксіз білім алып, аянбай еңбек етуге шақырамын. Бізді оқытқан профессорлар «дәрігерлер алаңсыз болуы үшін басында шатыры, үйінде тамағы, ұйықтайтын орны болуы керек» дейтін. Қазір әріптестерім тиісті министрлік пен жергілікті әкімдіктің қолдауларына, оның ішінде жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға ие болғандықтан алаңсыз еңбек етулеріне кедергі жоқ деп ойлаймын. Сондықтан адам жанының арашасы саналатын ақ халаттыларға ең алдымен амандық, зор денсаулық, еңбектеріне табыс, қажымас күш-қайрат тілеймін!
– Әңгімеңізге бек рақмет! Атырау медицинасына қосып жүрген еңбегіңіз еленіп, кәсіби өрлей беруіңіге тілектеспіз! Төл мерекеңізбен!
Сұхбаттасқан Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА