БАЛА ДӘРІГЕРІ
— Ұжымдағы дәрігерлер мен орта буын мамандар арасында Жәңгірханның есімі өз ісінің білгір маманы ретінде құрметпен аталады. Әсіресе, оның балалар денсаулығын қорғау жолында қосып жүрген үлесі ерекше. Былайша айтқанда, ауруханамыздың мақтанышы десе де боларлық, — дейді әріптестері.
Емдеу орны басшылығы есімін құрметпен атаған Жәңгірхан Бахонов туралы бұрын да жылы лебіздер естіп жүруші едік. Енді онымен жүздесудің реті келгендей.
«Әңгімелесіп отырмыз» дегенмен, Жәңгірханды мазалаушылар көп. Бірде медбике келіп, жансақтау бөліміне ауыр науқас баланың түскенін айтып, көмек көрсетуін өтінсе, енді бірі баласының тағдырына араша болған жақсылығы үшін ризашылғын білдіруге ниетті. «Сіз кешірерсіз, қазір келем» деп Жәңгірхан әлденеше рет шығып кетіп, «біздің жұмыс осындай» деп қайта келіп жатты.
Жәңгірханның кіндік қаны тамған жері – Қызылқоға өңіріндегі Қоныстану ауылы. Ол осындағы Жаңашаруа орта мектебінің он бірінші сыныбын үздік бітіреді. Оқу-ағарту саласында көп жыл мұғалім болып істеген әкесі Кенжетай мен анасы Әбиланың ақ батасын алып Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бала дәрігері болу арманына айналған жас өрен институтқа келіп түскен бірінші күннен бастап оқуға құлшына кіріседі. Құпиясы мол, қыр-сыры ашылып бітпеген медицина әлеміне бойлап енген сайын құштарлығы арта түседі. Дәрігерлік ілімнің терең сырларын үйреткен студенттік алты жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шығып, аталмыш оқу орнын 1987 жылы бітіріп шығады. Жолдамамен Атырау қаласына келіп, осындағы облыстық балалар ауруханасында дәрігерлік еңбек жолын бастады.
Алғашқы күннен-ақ өзінің жұмысына деген құштарлығы, білсем, үйренсем деген талабына әріптестері сүйсіне қарады. Бірер жылдан соң қалалық аурухана басшылығы жас маманға зор сенім артып, бөлім меңгерушілігі қызметін жүктеді. Одан облыстық СПИД орталығында бас дәрігер болып жұмыс жасады. Алайда, бала дәрігері мамандығын жанындай сүйген ол бұл қызметінен сұранып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауысты. Бүгінде дәрігерлік қызметінің ширек ғасыры осы аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі, әрі анестезиолог-реаниматолог қызметімен жалғасуда.
«Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен ер көгереді» дейді халық. Сол айтқандай, еңбегімен ел аузына ілініп, алғысқа бөленді.
Жәңгірхан анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеген жылдары ауру балалардың өміріне араша түсіп, ата-аналардың шексіз алғысына бөленді. Әр баланың өмірі үшін күрестен кейін қаншалықты шаршап, қажып шықса да, аурудың көтеріңкі көңіл-күйін, жүзіне оралған күлкісін көргенде бір жасап қалатыны да сондықтан.
Жәңгірханның дәрігерлік қызметіне көз салсақ, оның медицинаның соңғы жаңалықтарына үнемі ден қоятынын байқайсыз. Жаңашыл да, білікті дәрігер Ақтөбе, Алматы, Минск қалаларында әлденеше рет болып, білімін жетілдірді. Бұрынғы одақ, республика деңгейлерінде анестезиология-реаниматология салаларында болған ғылыми конференцияларына қатысып, ғалым дәрігерлердің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау қызметіндегі ұзақ жылғы еңбегіне орай ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Елбасының Алғыс хаты, басқа да алған мақтау, марапаттары бір басында жетерлік.
— Бірақ, мен үшін марапаттың ең үлкені – адамдардың алғысы, халықтың ризашылығы. Ауырып келген балаларға жасаған еміміз қонып, ауруханадан көңілі жадырап шықса, бізге керегі сол, — дейді ол.
Ол үлкен жүректі дәрігер болуымен қатар, өз отбасында ақылшы жар, аяулы әке. Шаңырағында отанасы Гүлфариза инженер бағдарламашы болып жұмыс істесе, үлкен ұлы Асылхан – Назарбаев университетінің түлегі, ал, Әсеті Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенті болса, кенжесі Жазира – қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.