Ауырмайтын жол ізде

88 2 Медицина

Жасыратыны жоқ, бүгінде қызылша вирусы өршіп тұр. Баласы үшін алаңдаған әр ата-ана оны жұқтыртып алмаудың жолдарын ойлайды. Бүгінгі эпидемиологиялық ахуал «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізденің» маңыздылығын арттырып тұр. Ал, вирустан қорғанудың бірден-бір жолы – екпе алу.

Кең таралған бұл инфекциялық аурумен көбінесе балалар ауырады. Дене қызуы 38-40°C дейін көтеріліп, мұрны, көзі мен тамағы қабынып, теріде бөртпе пайда болады. Ең жұқпалы аурулардың бірі саналатын қызылшадан қорғану үшін міндетті түрде екпе алған жөн. Соның нәтижесінде ағзада өзін қорғайтын иммунитет қалыптасады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпе екі мәрте жүргізіледі. Алғашқы екпе балаларға жасқа толғанда, екіншісі 6 жаста жүргізіледі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адамның вирусты жұқтырудың мүмкіндігі өте жоғары. 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егу кеңінен тарағанға дейін оның эпидемиясы екіүш жыл сайын қайталанып, жылына 2,6 миллионға дейін өлім жағдайы тіркелген. Инфекция ауа тамшылары арқылы таралады. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінеді. Оның тез тарайтыны соншалық, ауа толқынымен ғимараттың желдеткіш жүйесі арқылы да таралған жағдайы кездескен. Ал, дерттің асқынуы көбінесе отит, соқырлық, бронх демікпесі, мойынлимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке душар етеді. Сондықтан қызылшаның белгілерін байқаған сәтте дереу дәрігерге қаралу керек. Бұл уақытылы диагноз қойып, ем тағайындау және алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды. Атырау қалалық №7 емханасында қызылша ауруы биыл мамыр айынан бастап тіркелді. Бүгінде 267 жағдай орын алса, оның 75 пайызын екпе алмаған балалар құрап отыр. Дәрігер эпидемиолог ретінде аурудан сақтанудың жолдары ретінде қызылшаға қарсы профилактикалық егулерден өту қажеттігін тағы да тұрғындардың қаперіне бергенді жөн көрдім. Қызылшаға қарсы екпе алмаған балалардың көпшілік жиналатын әртүрлі жиындарға қатыспағаны жөн. Ойын-сауық орталықтарына баруды да шектеу керек. Ауырып қалса дәрігерді үйге шақырып, маманның барлық нұсқауларын бұлжытпай орындаған дұрыс. Ауыр жағдайда әрине, «жедел жәрдем» көмегіне жүгінген абзал. Әр адам үнемі жеке бас гигиенасын сақтауы тиіс.

Гүлфара Елеубаева,

Атырау қалалық №7 емханасының дәрігер-эпидемиологі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз