«Ауырып тұрмын. Сізде қандай дәрі бар?»

38dd486f4b5c960e6f4f54a4d024fe21 resize w 520 h Медицина

Ауырып, балтыры сыздаған адамның көбі ең алдымен дәрігерге емес, дәріханаға жүгіретіні жасырын емес. Алайда, келесі жылдан бастап рецептісіз дәрі сату тоқтатылса, емделушілер «жедел жәрдем» немесе ақ халаттының нұсқауынсыз кез келген дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайды.

38dd486f4b5c960e6f4f54a4d024fe21_resize_w_520_h_

Бала ауыра қалса қандай жолмен болса да тез, әрі тиімді емдегіміз келіп жатады. Бұл ретте дәріханаға бара қалсақ, фармацевт рецептіні емес, баланың жасын ғана сұрайды да, құны шарықтап тұрған бірнеше дәрілерді ұсына жөнеледі. «Қайсысы жақсы екен?» дей қалсақ, соңғы шыққан дәрілердің ішінде бағасы ең қымбатын жарнамалай жөнелетіні де рас. Тезірек сауығуды ойлап тұрған біз оның құнына қарамай сол дәріні ала саламыз. Ал, кез келген дәрімен емдеудің соңы қауіп-қатерге алып келетініне мән бермейміз. Кейбір жағдайда «керемет» деген дәрінің өзі қанша күн қабылдасақ та әсер етпей қояды. Сөйтіп, ауруды әбден асқындырып барып, дәрігерге тексерілгенде, қате ем жасағанымызды мойындап жатамыз.

Бұл жағдайға жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған дәріханалардың бизнеске айналғаны да әсер ететіні рас-ау. Шындығында, фармация алдына келген адамға сұраған дәрісін ұстата салатын кәсіп көзі болмауы тиіс. Ал, біздің елдегі бұл қызмет басқа  қызмет көрсетулер ішінде екінші орын алады екен. Қазақстандықтар дәрі-дәрмектің бірнеше түрін тұтынады. Соның ішінде рецептісіз дәрілер саны өте көп. Бүгінде біздегі реестрдегі мұндай дәрі-дәрмектің саны сегіз мыңға дейін жетеді. Өзге елдерде бұл көрсеткіш үш мыңнан аспайды. Мәселен, Австралияда дәріханаларда рецептісіз сатылатын дәрі саны екі мыңға жуық. Сондай-ақ, оның тұрғындары ең бірінші дәрігерге көрінуді мақсат тұтқан. Ал, бізде емханадағы сала маманына сенбей, дәріханаға жүгінетіндер әлдеқайда көп. Өз бетінше дәрі қабылдаудың салдарынан бірқатар адамның ағзасында дәріге қарсы тұрақтылық түзілген. Яғни, кейін дәрігер тағайындаған дәрілердің ауруды басуға күші жетпей жататыны осының салдары болса керек. Сондықтан, адам саулығы, әсіресе, бала денсаулығы үшін рецептісіз дәрінің сатылмауын сақтау маңызды.

Осынау жайларға алаңдаған еліміздің денсаулық сақтау министрлігі келесі жылдан бастап рецептісіз дәрілер санын азайтуға бел буғаны құптарлық. Сондай-ақ, ақ халаттылар дәрі тағайындауда оның тізімін денсаулықтың электронды құжатына жазып беру жүйесін де енгізбек. Дәлірек айтқанда, дәріханадағы мамандар азаматтардың ЖСН-і арқылы кімге, қандай мөлшерде қай дәрі ұсынылғанын біліп отырады. Фармацевт соның негізінде ғана науқасқа дәрілерді сата алады. Сөйтіп, дәріні жөн-жосықсыз пайдалануға шектеу қойылады.

Алтыншаш Құрмашева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз