Атыраулық Гүлбахар үздік отбасылық дәрігер атанды
Жалпы тәжірибелік дәрігерлер арасында өткен «Үздік отбасылық дәрігер» республикалық конкурсында атыраулық Гүлбахар Мәмбеткәрімова жеңімпаз атанды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ол 2014 жылдан бері Атырау қалалық №7 емханада мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласынан осында қоныс аударып келген Гүлбахарды сол кезде емдеу мекемесінің басшысы болған Ғазиз Есқали еш ойланбастан оны бірден қызметке қабылдап, учаскелік дәрігер жұмысына тағайындапты. Ойлап қараса, содан бері де аттай он жыл өтіпті. Осы уақыттың ішінде жүрек қалауымен таңдаған мамандығы мен антына адалдығын танытқан ақ халатты абзал жан емделушілермен етене тіл табысып, дәрігерлік қызметтің қыр-сырын жетік меңгеріп алды. Біліктілік деңгейін көтеру мақсатында жолдамамен түрлі курстардан өтіп, мол тәжірибе де жинақтады.
Басшылықтың сеніміне селкеу түсірмей, халықтың үмітін ақтауды басты мақсаты тұтқан Гүлбахардың дәрігер мамандығын таңдап, осы жолға келуінік өзіндік себебі де жоқ емес-ті. Сөйтсек, ол адам жанының арашашысы болуды бала күнінен армандаған екен. Соған қалай да қол жеткізем деген сенімі де алдамапты. Осылайша, 2002 жылы Ташкенттегі педиатриялық медицина институтының Нүкістегі филиалында оқып, жоғары білім алып шыққан кейіпкеріміз бастапқыда мамандығына сәйкес балалар дәрігері болып қызмет атқарады. Осында жүріп жанұя құрады. Ал, осыдан он жыл бұрын жұбайының ата-анасы тарихи Отанына оралу жөнінде шешім қабылдап, осылай Гүлбахар отбасымен бірге Қазақ еліне, соның ішінде Атырауға көшіп келеді. Содан еңбек жолы осында жалғасады.
–Әулетіміз үшін де, өзімнің жеке басыма да бұл өте дұрыс таңдау, оң қадам болды деп санаймын. Өйткені, мұнда мен ешкімді де жатсынбайтын, керісінше жылы қабақ танытып, туыстарындай қабылдап, бауырына тарта білетін орта таптым. Енді Атыраудан ешқайда кетпей, осында қалуға бел байладым. Мен үшін ең маңыздысы – мақтау естіп, марапат алу емес, дертіне дауа, жанына шипа іздеп келген адамдардың көңілінен шығып, көптің сенімін иеленіп, алғысын арқағалағаным, екінші үйімдей болып кеткен ұжымымның үмітін ақтау. Маған қолдау көрсеткен емхана мен сала басшыларына, барша әріптестеріме ризашылығым шексіз, — дейді Гүлбахар Әбдікәрімқызы.
Білгеніміздей, басқаларымен салыстырып қарағанда, оның қамтитын участогі үлкен, қабылдауына келетін пациенттері де аз емес екен. Соның ішінде С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерін жыл сайынғы дәрігерлік байқаудан өткізіп, олардың денсаулығын қадағалау міндеті де Гүлбахарға жүктеліпті. Айтуынша, осыншалықты ауқымды жұмысты бір өзі атқаруы мүмкін де емес көрінеді. Осы орайда, күнделікті қызметінде учаскелік дәрігердің жанынан табылып, сенімді көмекші болып жүрген Гүлнұр Ғалымова, Әсия Қабдолова және Сәлима Нығмет сынды мейірбикелердің оның табысқа жетуіне қосқан үлестері мол екен.
Дәулетқали АРУЕВ