СЕНБІ КҮНІ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ АСХАН БАЙДУӘЛИЕВ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ӨКІЛДЕРІМЕН «ГАЛСТУКСЫЗ КЕЗДЕСУ» ӨТКІЗДІ. ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ КЕЗДЕСУДЕ БҮГІНГІ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР, ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕЛЕР КЕҢІНЕН СӨЗ БОЛДЫ.
«Сақтансаң, сақтаймын» деген…
Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Жұмыс беруші қызметкер үшін оның жалақы деңгейінің 3%-ын төлейді, бірақ, ол 18000 теңгеден аспайды. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық[1]құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2%- ын, бірақ, 12000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын (4200 теңге) төлейді. Қала мен ауыл тұрғындарының арасында да төлем өзгешеліктері (3063 теңге және 1531,5 теңге) бар. Дербес төлеушілер 3000 теңгеден төлесе, ал мемлекет азаматтардың 15 жеңілдігі бар санаты үшін төлем жасайды. Қазір осы санаттағылар саны 11 миллионнан асады. Айтпақшы, қай елде де 100% сақтандыру болмайды. Өйткені, жеке кәсіпкерге жататын жекеменшік көлік жүргізушілер, болмаса үй салумен айналысатындар сақтандыру қорына қаражат салып жарытпайды. Көбінесе сақтандырылған аурулардың қаражаты олардың емдеу ақысын жаппайды. Ауруханаға түскен пациентті емдеу кезінде оның қосымша дерттері анықталатын жайттар аз кездеспейді.
Онкоаурулар, облыстық аурухана, перинаталдық орталық
Экологиялық ахуалдың нашарлығынан ба, облыста онкологиялық аурумен ауыратындар азаймай отыр. Жасырып қайтеміз, осындай дертті жандарды емдеу мен сауықтыруға қазіргі емдеу мекемесінің ғимараты сай келмейді. Сол себепті, 2023 жылы дәл осы аурухананың ауласынан жаңа радиологиялық кешен тұрғызу жоспарда бар. Бұған қоса, облыстық аурухананың жаңа ғимаратын Талқайраңнан салу, психоневрологиялық диспансерді жаңарту, «Ана мен бала» перинаталдық орталығын салу міндеті тұр. Әрине, соншама ауқымды жұмыс бірер айда жүзеге аса қоймағанымен, алдағы уақытта біртіндеп қолға алынбақ. Қысқасы, таяу уақытта жаңадан типтік емханалар мен ауруханалар құрылысын бастау, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті ұйымдастыру үшін жаңа әрі жоғары технологиялық көмекті енгізу, медициналық көмекті одан әрі жетілдіру және күнделікті мониторинг жасау үшін облыстық және салалық ситуациялық орталықтарын ашу қарастырылуда.
Ковид… қыр астында
Соңғы үш жылда дүние жүзін дүр сілкіндірген коронавирус талай жақсы мен жайсаңды жұтып тынды. Бастапқыда емі табыла қоймаған кеселдің екпесі табылып, жағымды ықпал еткеніне де көз жеткіздік. Рас, ковид мүлде кетіп қалған жоқ, ол әлі де арамызда. Тек соңғы тәулікте облыста онымен 61 адам сырқаттанды. Медиктердің байқауынша, екпе алғандар, қайта егілгендер де ковидпен қайталап ауырады. Бір атап өтерлігі, олар бұрынғыдай сұлқ түспей, аяқтай жүре береді екен. Ал, екпенің бәрі де есепте. Әркімнің қалауы әрқалай. Бірі «Пфайзерді» салдырмақ болса, екіншісі қытайлық «Синовакты» сұрайды. Не дегенде де, ревакцинация жасату – ауырмаудың жолы.
Ақжелеңділердің жалақысы қандай?
Заманның жақсарғаны, заманауи құбылыстың нақты нышаны іспетті облыста жекеменшік клиникалар саны көбейді. Көпшілік олардың қызмет көрсету әдіс-тәсілін әрқалай бағалайды. Бірі «бес» десе, енді бірі «ақылы болған соң ғой…» дейді. Қай-қайсының да міндеті ауруды емдеп-жазу болған соң, пәлендей кінә артуға негіз де жоқ. Жалпы медицина қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт алдымен жаратушыға сенгенімен, түптің түбінде медиктер қызметіне жүгінеді. Бұл, әсіресе, соңғы үш жылда анық көрінді. Тәулік бойы тік тұрып, мігір көрмей жұмыс жасайтын ақжелеңділердің еңбекақысы қандай? Бұл туралы облыстың бас дәрігері нақты айтты.
– Қазір медиктердің орташа жалақысы – 370 000 теңге. Жасайтын қызметінің қиындығына қарай ауруханаларда және түнгі ауысыммен жасайтын медиктердің табысы 700000-800000 теңгеге жетіп жығылады. Ал, нейрохирургтер, басқа да ағзаға ота жасайтын хирургтердің табысы 1 миллион теңгеге дейін барады. Бір жақсысы, бүгінде медиктердің білім-біліктерін көтеру үшін шетелдерге тәжірибе алмасуға жіберу игі дәстүрге айналып отыр. Жұмыс жоспарына сәйкес, акушер[1]гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, балалар хирургы, онколог және басқа мамандар облыстық медицина мекемелерінде, Ұлттық ғылыми-зерттеу институттарында, Израиль, Германия елдерінде білімдерін жетілдіреді, — деді Асхан Мархабайұлы.
30 грант бөлінді
Денсаулық сақтау саласындағы күрмеуі қиын проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Оған түрлі әлеуметтік мәселенің де ықпалы бар. Айталық, медициналық жоғары оқу орнында білім алып жатқан атыраулық қыз балалар сол қаланың жігітімен бас қосып, сонда қалады. Бұл да болса жергілікті дәрігерлердің қатарын сирететін бір құбылыс дер едік.
– Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ұлт саулығы – Жаңа Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты. Бүгінде өңірдегі кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атыраулық түлектер үшін фармация факультетіне 30 грант бөлді. Бұл – мектеп бітіруші түлектерге үлкен мүмкіндік. Атырау облысының жоғары медициналық колледжінен де жыл сайын 70-тен астам грант бөлініп келеді, — деді өз сөзінде басқарма басшысы.
Науқастың халін емсектен сұра!..
Кім-кім де ауруханаға түсе қалса, соңынан бірнеше туыс-бауырының телефон соғатыны белгілі. Облыстың бас дәрігері мынадай оқиғаны айтып берді. …Оңтүстік өңірдің бір ауруханасына ауыр халдегі науқас түседі. Оған білікті хирургтер ота жасайды. Соңынан оның жағдайын білмекке келген туыстарына сол мекемеде жұмыс жасайтын тазалықшы әйел: «Ойбуй, осынша құлаш ішегін кесіп тастапты. Масқара, енді не болады?!» деп ақырзаманды соғады. Мұны естіген науқастың жақындары бастықтан бастық, әкімнен әкім қалдырмайды. Тіпті, мұның соңы үлкен дау-дамайға ұласады. Түбінде жаңағы ота жасалған пациент айығып шығады. Мұндайда, сөз жоқ, аурудың халінің қандай екенін хабарлауға құзыреті бар қызметкер ғана жауап беруі керек. Сол себепті, ауруханаға түскен дімкәс жанның жағдайын біліп отыруға мүмкіндік жасалып, арнайы байланыс орнатылады. Сондықтан, басқарма басшысы бұл саладағы жұмысқа сын айтушылар көп екенін, бірақ қордаланған проблемаларды аз ғана уақытта шешіп тастау мүмкін еместігін айтты. Негізгі нәтиже маңдай термен өтелетінін атап көрсетті.
Өзім айтам өз жайымды…
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап «Галстуксыз кездесу» өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев медицина саласына қатысты мәселелерге қоса, өмір жолы, балалық шағы, студенттік кезеңі жайлы да сыршыл әңгімелерімен бөлісті. Кентау қаласында 1972 жылы дүниеге келген бала Асханның Қызылордадағы ата-әже бауырында өткен балалық шағы, неміс достарымен құлын-тайдай тебісіп өскен балғын кезі қызықты көрінді. Одан кейін Қарағанды медицина институтында өткен студенттік шақ, отау көтеру, егіз нәрестелі болу, оларды өсіру, немере сүйіп, ата болу – барлық адамға тән құбылыс болса да, бас дәрігер оны әсерлі әңгімеледі.
– Медицина қызметкері – өте сауатты, өз ісінің шын шебері болуымен қатар, адам жанын түсінетін мейірімді жан болуға міндетті. Меніңше, олардың арасында тұрақты түрде мәдениетті сөйлеу, пациенттермен қарым-қатынас этикасы турасында «мастер-кластар» ұйымдастырып отыру керек. Мұны да қолға аламыз. Ал, қазіргі жағдайыма келсек, Атырау өңірі маған қатты ұнайды. Өйткені, мұнда бәрі бетіңе тура айтады, ешқандай күлбілтелеу жоқ, — деп ағынан жарылды Асхан Мархабайұлы.
Лиза СЕЙТІМОВА