Атыраудағы емханалардың бірінде еңбекақы артық төленген
Бұған дейін де қоғамда қызу талқыға түскен №5 Атырау қалалық емханасынан тағы да заң бұзушылық анықталды. Жуырда аталған мекемеге жоспарлы аудиторлық іс-шара жүргізу кезінде сомасы 784 929,1 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 5 344,3 мың теңгенің қаржы бұзушылығы екендігі белгілі болды. Аудит барысында 4 763,6 мың теңге қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 779 584,7 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы бұзушылықтары анықталды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айталық, кәсіпорынның 5 қызметкеріне 2022 жыл қорытындысымен жалпы сомасы 3 267,2 мың теңге еңбекақы артық төленген. Аудит нәтижесімен негізсіз жұмсалған қаржы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу жалпы сомасы 142 460,5 мың теңгенің бұзушылықтары және еңбекақы шығындары, іс-сапар шығыны, жеке табыс салығы бойынша, жабдықтаушылар мен мердігерлер арасындағы дебиторлық пен кредиторлық берешектері кәсіпорынның бухгалтерлік есептерінде көрсетілмей, қаржылық есептілікті бұрмалау фактілері анықталды.
Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға қатысты мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы талаптарының сақталмағаны үшін жалпы сомасы 11 850,7 мың теңгеге 101 әкімшілік іс және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері бойынша сомасы 258,8 мың теңгеге 3 әкімшілік іс қозғалып, оның 9 418,5 мың теңгесі жергілікті бюджет есебіне өндірілгенін жариялады.
А. МҰРАТҚЫЗЫ