Атырауда осал таптағы балаларға арналған «Үміт сыйлау» жобасы іске асырылуда
Республика күні қарсаңында «Болашақ -К» қоғамдық қоры орталығында осал топтардағы балаларды оңалтуға арналған «Үміт сыйлау» жобасын ақпараттандыру шарасы өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Жоба «Қолдау» бағдарламасы бойынша Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталық» КММ-нің қолдауымен осы жылдың қазан айынан бастап іске асырылуда. Жобаның үйлестірушісі Зарина Бектенованың айтуынша, бүгінде жоба бойынша биорезонанстық диагностикадан 15 бала іріктелген. Оның 7-і оңалту қызметтерін алуда, ал қалған 8 бала келесі аптадан бастап ем қабылдамақ.
— «Болашақ-К» оңалту орталығында қазан айынан бастап «Үміт сыйлау» жобасы іске асырылуда. Жоба бойынша 15 бала тегін оңалту қызметтерін алып жатыр. Оңалтуға заманауи инновациялық әдістер кіреді. Олар: биорезонанстық диагностика мен терапия, биоэнергетикалық массаж және микрополяризация. Қазір 15 баланың жартысы қызмет алуда, қалғаны келесі аптадан оңалту бойынша емді бастайды, — деді З.Бектенова.
Іс-шара барысында арнайы мамандар биорезонанс диагностикасының, емдеу мен терапияның жұмыс жасау процессімен таныстыра отырып, балаларға қызмет түрлерін көрсетті.
Айта кетейік, жоба биорезонанстық диагностика, биорезонанс терапиясы, биоэнергетикалық массаж және микрополяризация сияқты заманауи инновациялық әдістерді қолдану арқылы әлеуметтік осал топтардағы балаларды тегін оңалтуды қамтиды. Орталыққа туылғаннан бастап 16 жасқа дейінгі аралықтағы балалар қабылданады. Сондай-ақ бұл жоба ақыл-ой, мінез-құлық және іс-әрекеттерінде өзгешелігі бар, мемлекеттік бағдарламаларға енгізілмеген немесе ата-аналардың қаражат жағынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған.