Атырауда наурыз айында коронавирустық инфекцияның 86 жағдайы тіркелді
Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов «Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ақпан айында инфекцияның 36 жағдайы тіркелсе, осы айда көрсеткіш 2 есе өсіп тұр. Ал өткен тәулікте коронавирус жұқпасының 8 жағдайы тіркелген. Оның ішінде симптомды — 6 жағдай, симптомсыз – 2 жағдай.
— Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен осы айда өткен айлармен салыстырғанда ауру екі есе өсіп отыр. Наурыз айының басында 11 жағдай тіркеліп, ахуал тұрақтанған еді. Алайда, мереке күндері ауру 4 есе көбейді. Яғни, бір аптаның ішінде 44 жағдай тіркелді. Бұл аурумен күресіп жүргенімізге міне 3 жылдан астам уақыт болды. Covid-19 инфекциясынан құтылудың, оны өршітпеудің жалғыз амалы – вакцинация. Биыл облыс бойынша 14% ғана адам вакцинацияланған. Әрине, көрсеткіш өте төмен. Облыста вакцина жетерлік, тұрғындарды вакцина және ревакцина алуға шақырамыз, — деді М.Танауов.
Сондай-ақ. санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы облыс тұрғындарына аурудың алдын-алу үшін және оны ушықтармау үшін сақтық шараларын естен шығармау керек екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде облыста вакцинаның 29 мыңнан астам дозасы бар. Оның 19800 Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасы, ал қанғаны Vero Cell компаниясына тиесілі. Вакциналау жұмысы өңірдегі кез-келген емхана тегін түрде жүзеге асады.