Атырауда нәрестеге қатысты оқиғадан кейін перзентхана басшысы жұмыстан кетпек
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры жұмысынан кетуге арыз берген.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сәдуова мәлім етт. Жанар Сәдуованың айтуынша, өткен аптада облыстық перинаталдық орталықта жас босанған ана сәбиді еденге құлатып алған. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысымен пациенттерді тәулік бойы бақылауға міндетті медицина қызметкерлері мен кезекші дәрігерлерге тәртіптік шара қолданылған.
«Биылғы 8 маусымда К. есімді әйел салмағы 4 келі 450 грамм ұл баланы дүниеге әкелді. Ол босанғаннан кейін ана мен бала бірге жататын бөлімде болған. Босанған әйел 9 маусымда рентген кабинетіне жоспарлы түрде флюорографияға жіберілді. Осы кезде К.-ның баласы палатада қалған. Палатада жаңа босанған өзге әйел жылаған нәрестені жұбату үшін оны қолына алған. Бірақ дене тепе-теңдігін жоғалтып, шақалақты құлатып алған. Сол күні бала УДЗ мен компьютерлік томографияға түсірілді. Травматологтар мен невропатологтар кеңесін берді. Қатты жарақаты болмағанмен, гипоксиялы ишемия жарақаты анықталып, емдеу тағайындалды. Жаңа туған нәресте жансақтау бөліміне ауыстырылды. Қазір сәби нәрестелердің патологиялық бөлімінде жатыр. Оның жағдайы қанағаттанарлық», — дейді Жанар Сәдуова.
Оның айтуына қарағанда, перинаталдық орталықтағы палаталарда дабыл түймесі бар. Пациенттер сол түйме арқылы медицина қызметкерлерін шақыра алады. Бұл туралы алдын ала ескертілген.
«Палатада балаға анасының өзі қарайды. Бірақ, анасы палатадан шығып кеткенде, медицина қызметкерлері нәрестені бақылауы қажет еді. Әсіресе, босанған әйелдер өздерін нашар сезінгенде, медицина қызметкерлері олардың жанында болып, көмек беруі тиіс», -дейді басқарма басшысының орынбасары.
Осындай оқиғадан соң облыстық перинаталдық орталықтың директоры өз еркімен жұмыстан кету туралы арызын берген. Арызды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы қарап жатыр.
«ҚазАқпарат»
Фото: azh.kz