Атырауда ерікті донорлар көбейіп келеді
Дәрігерлердің айтуынша, 40 пайыз қан жоғалтқан ағзаға уақыт создырмай, жедел түрде қан құйса, адамды аман алып қалуға болады екен. Қан құю демекші, бойындағы тамшы қанын зәру жандарға «сыйлайтын» құрметті жандар бар. Олар – донорлар. донор болу, өмір мен өлім арасында жатқан науқастарға екінші өмір сыйлау – кез келгеннің қолынан келе бермейтін жауапты іс. Донор күні қарсаңында облыстық қан орталығына бас сұғып, ондағы қызмет барысымен танысып қайтқан едік. Оның үстіне облыс бойынша қан тарататын жалғыз нүкте – аталған орталыққа биыл 50 жыл толды.
ӨНДІРІС ОРНЫ ДЕРСІҢ…
Бұл жер емдеу мекемесі емес, өндіріс орны дерсің… Бұл біздің жеке пікіріміз. Өйткені, кəсіпорын донорлық қан мен оның компоненттерін дайындаумен, өңдеумен жəне тексерумен айналысады. Өңірдің барлық емдеусауықтыру ұйымдарын қамтамасыз етіп, түрлі техногендік, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қан компоненттерінің қорын құру да аталған орталықтың қызмет түріне кіреді. Яғни, қанды компоненттерге бөліп дайындайды. Қан орталығының жұмыс барысымен танысып жүріп бұрынғыдай науқасқа донордан тікелей қан құятын кездердің келмеске кеткеніне көз жетті. Бүгінде донордан алынған қан одан əрі бірнеше компонентке бөлінетінін білдік. Бастысы, олар белгілі бір мақсаттарға қолданылады.
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ АМАЛЫ
Технологияның ілгерілегені сондай, қан орталығында Info-Donor бағдарламасы аясында қан қызметінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Дайындалып, тексерілетін барлық кезең компьютерлік жүйеге енгізіліп қойылған. Қан тапсырушы тұрғынның орталыққа келгенінен бастап, құжаттарын тіркегені, қан тапсыруы, түрлі тексерулер мен өңдеулер, дайындалған қанды емдеу мекемесіне апарғанға дейінгі үдеріс жіті бақылауда болады екен. Яғни, жеке куəлігін алып қан орталығына келген əр адам сауалнама толтырып, тіркеу орнына барады. Донорлардың бірыңғай деректер базасынан қан тапсырушы туралы жеке мəліметтер тексеріледі. Тіркелгеннен кейін маман донордың саусағынан бірнеше тамшы қан алып, клиникалықбиохимиялық талдау жүргізіледі.
Орталық басшысы Жəңгірхан Бахоновтан білгеніміздей, ол қан тобы мен резус фактор, гемоглобин, АЛТ жəне Ке11 антиген тексеру деген сөз екен. Əрі қарай терапевт дəрігер дене қызуын, тамыр соғысын, артериялық қан қысымын өлшейді. Донорлардың сұрағына жауап беріп, қан тапсыру тəртібін де егжейтегжейлі түсіндіріп береді. Дəрігер зертханалық жəне медициналық зерттеуден кейін донорды донациялауға жіберуді не жібермеу туралы шешімін шығарады. Қан тапсыруға жіберілген донор шəйханаға барып, шəй ішеді. Одан кейін кезегін күтеді. Қан тапсырушы 450 мл жəне талдау үшін 50 млге дейін қан береді. Қан тапсырғаннан кейін тіркеу орнына барып, қанды жəне оның компоненттерін тапсырғаны жөніндегі анықтаманы алады. Қызметкер демекші, орталықта қызмет ететін кəсіби мамандардың басым бөлгінің тəжірибесі мол. Зертханашы мамандар, терапевттер, трансфузиологтар өз ісіне өте мұқият, тиянақты. Өйткені, қан алу, компоненттерін даярлау, талдау жауапкершілігі зор жұмыс.
ДОНОРЛАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Облыстық қан орталығы директорының айтуынша, кейінгі кездері өзгеге өмір сыйлауға құштар жандар қатары өсіп келеді. Осы себепті, қан қоры да жеткілікті деңгейде. Күніне 30-100 донор келіп, қан тапсырып тұрады. Біз барған күні 69 адам келсе, оның 56-сы донорлық қанын өткізген екен. Адамдардың қан тапсыруы сауабы мол іс болса, донордың денсаулығы үшін де пайдасы аз емес. Физиологиялық та, психологиялық тұрғыдан да жақсаруына мүмкіндік алады. Қан тапсырған адамның қан айналу жəне иммундық жүйесі жақсарып қана қоймай, жүрек-қан тамыр жүйесі кеселдерінің де алдын алады. Бəрінен бұрын қиналғанға қолұшын созудың пайдасын айтсаңызшы…
– Адам денесінде 5 литр қан бар. Оның 500 миллиграмын алғанда ол сол көрсеткішке азаяды. Бірақ қанда жаңа жасушалар пайда болып, қайта толығады. Бір сөзбен айтқанда, адам ағзасы жаңарады. Қан беру – өзгенің өміріне араша түсу ғой. Бір адам жылына 4-5 рет қан тапсыра алады. Донор болудың пайдасы жөніндегі түсіндірме жұмыстар кеңінен жүргізіледі. Əсіресе, түрлі акциялар ұйымдастыру игі дəстүрге айналды. LED экран, билбордтар арқылы тақырыптық бейнероликтермен насихаттау жұмыстарын жүргіземіз. Сол арқылы донор болуға ниетті жандардың қатарын көбейтуге ерекше назар аударудамыз, — дейді Жəңгірхан Бахонов.
Айтпақшы, облыста кемінде 40-тан астам қан тапсырып, «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған белсенді донорлар бар екен. Қан хирургиялық, травматоло-гиялық, гинекологиялық ота кезінде, гематологиялық ауруларға, оқыс апат орын алған кезде қанға мұқтажға құйылады. Десе де, ел арасында қан сапасы мен құрамына күдіктенетіндер, зарарсыздығына күмəнданатындар да кездесіп жатады. Қазіргі таңда қан құрамына талдау жоғары деңгейде жүргізілетініне орталыққа сапарымыз барысында əбден көз жетті.
Облыстық қан орталығы басшысының айтуынша, орталықтың материалдықтехникалық базасы нығая түскен. Бəрі автоматтандырылған. «Заман талабына сай қан тапсыру үрдісін оңайлату əрі жеделдету мақсатында жаңа аппараттармен қамтылып, қолданысқа енгізілді» деді Жəңгірхан Кенжетайұлы. Сондықтан да қан қызметі мамандарына толықтай сенім артуға болады. Мұндағы заманауи аппараттармен еркін жұмыс жасайтын мамандар да оқытылып, үйретілген екен. Өйткені, бірі болмаған жағдайда, келесі қызметкер оның орнын баса алады. Бүгінде үш қатарлы орталықта сапалы, қауіпсіз қан дайындау жолында 120 адам еселі еңбек етуде. Олар 8000 донордың донорлық қанынан дайындаған қанның қызыл түйіршіктері, қанның ақ түйіршіктері, тромбоцит арлық пластинка лар, донорлық қаннан қатырылған сары сулар (плазма), донорлық қаннан жуылған қанның қызыл түйіршіктері, қанның топтамаларын анықтайтын сары сулар (гемосыворотка) үлкен-үлкен бірнеше медициналық тоңазытқышта тұрғанын көзбен көріп, қолмен ұстап, көруге де репортаж барысында мүмкіндік туды. Оның үстіне, АЛТ, АСТ мөлшерін тез анықтауға арналған биохимиялық талдаулар жүргізетін зертханалық жабдықтармен танысып үлгердік.
ЖАУАПТЫ ДА, САУАПТЫ ІС ЕКЕН
Сандарды сөйлетер болсақ, жыл басталғалы бері 8309 қан компоненті дайындалып, оның 6978 дозасы емдеу-сауықтыру мекемелеріне жіберіліп үлгерген. Айтпақшы, қан компоненттерін сақтау өте шектеулі екен. Мысалы, тромбоциттер 7 күн, ал, эритроцитті масса 42 күн, тек плазма ғана 3 жыл сақталады. Елімізде жасы 18-ге толған, салмағы 50 килограмнан асатын, денсаулығында ақауы жоқ əр адам донор болып, қанға зəру жанға көмектесуіне мүмкіндігі бар. Алайда, қан тапсырушыға қойылатын талаптар да аз емес. Яғни, кімдер донор бола алады? Қан тапсырмас бұрын нені білу керек? Қалай дайындалу керек?
– Бұдан бөлек, қан құрамындағы гемоглобин 120 г/л-ден төмен болмауы қажет. Алкогольді ішімдікке, темекі мен есірткіге əуес болмағандығы маңызды. Сонымен қатар, соңғы айларда тұмау, ангинамен ауырмағаны да талаптардың бірі. Соңғы үш күнде аспирин, аналгин секілді қабынуға қарсы дəрі-дəрмек пайдаланбаған болуы тиіс. Ал, сары аурумен ауырғандар, онкологиялық, асқазан, бүйрек, жүректің созылмалы ауруы барлар, қан ауруына, түрлі инфекциялық ауруға шалдыққандарға, т.б. донор болуға тыйым салынады. Қан тапсырмас бұрын үлкен дайындықтан өтуі тиіс. Алдымен, жақсылап тыныққаны жөн. Бір тəулік бұрын диета ұстап, қуырылған, ысталған, ащы, тəтті жəне майлы тағамдардан бас тартқаны дұрыс. Қан тапсырардан бірнеше күн бұрын ішімдік ішпей, дəрі-дəрмек қабылдамай, кемінде 2 сағат темекі шекпеуі керек. Дегенмен, аш қарынға қан тапсыруға болмайды. Шай, компот ішіп, бананнан басқа жеміс-жидек жегені дұрыс, — деді орталық басшысы.
Орталыққа сапарымыз барысында білгеніміз, пандемия патшалық құрғанда да облыстағы қан қызметінің жұмысына əсерін тигізе алмапты. Басшылықтың жұмыс кестесін сауатты құра білгенінен болар, бригадаға бөлініп, жұмысты тоқтатпағандарын айтады.
Тақырыпқа тұздық болсын, қан орталығы облыстық ауруханасында б лімше болып тұрған жерінен 1972 жылдың қаңтарынан бастап, Үкіметтің қаулысымен з алдына облыстық қан құю бекеті болып құрылған. Үкіметтің 1994 жылы 28 қазан №1211 қаулысымен облыстық қан құю бекеттері, облыстық қан орталықтары болып аталады. Ал, мекеменің ғимараты 2008 жылдың қараша айында берілсе, 2019 жылы күрделі ж ндеуден ткен. Донорларға да, қызметкерлерге де жағдай жасалған. Орталық директоры Жәңгірхан Кенжетайұлы айтып ткендей, ңірде қан тапсыруға ниетті адамдардың саны жыл санап артып, к бейіп келеді. Бәлкім, бұл мамандардың жүргізген сапалы жұмысының жемісі болар.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ