Атырауда 22 тұрғын АИТВ жұқтырған
Атырау қаласы Шоқан Уәлиханов атындағы №9 орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында салауатты өмір салтын сақтау, адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясының алдын алып, жасөспірімдер арасында дұрыс мінез-құлық қалыптастыру мақсатында «Республикалық этномәдени ұйғыр орталығы» ҚБ филиалының ұйымдастыруымен «Мехрибан жүрек» жобасы аясында «Денсаулық – өз қолымызда» атты кездесу өтті.
Аталған шараға «Қазақстан Республикасының ұйғыр этномәдени орталығы» филиалының Аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Бекешева, «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы Жаннат Асабаева мен «Медициналық орталығы» АҚ-ның эпидемиолог дәрігері Аягөз Садуова қатысты.
ХХІ ғасырдың дерті саналатын АИТВ бойынша эпидемиолог Аягөз Садуова оқушыларға түсінік беру мақсатында шеберлік сабағын өткізді. «АИТВ жұқпасы деген не?», «Қайдан, қалай пайда болады?» деген сұрақтарға жеке тоқталып, білім алушылардың көкейкесті сауалдарына толық жауап берді. Кездесу барысында әлемде емі табылмаған бұл аурудың жұғу жолдары мен алғашқы белгілері жөнінде жан-жақты айтылды. Әсіресе, жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығын қалыптастыру туралы сөз болды.
Мамандардың айтуынша, АИТВ жұқпалы дертімен облыста 22 адам тіркелген.
–Аталған жұқпалы дерт бойынша елімізде оң нәтиже көрсеткен науқастардың саны артқаны алаңдатып отыр. Сондықтан маман ретінде жасөспірімдерге нақты ақпарат беру борышым деп білемін. Жыныстық сауаттылық жөнінде көптеген ата-аналар балаларымен ашық әңгіме жүргізбейді. Осындай қателіктерден соң, өскелең ұрпақ қатерлі дертке душар болады, — деді дәрігер.
Облыс тұрғындары жылына бір рет АИТВ-ны анықтау мақсатында ақысыз түрде тексеріле алады. Оған қоса, аталған дерттің белгілері байқалса, орталыққа хабарласып, тексеруден өтуге болатыны жөнінде мамандар қаперге берді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА