Атырау облыстық балалар ауруханасы жаңа қымбат құрал-жабдықтармен толықты
Атырау облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінің дәрігерлері дәлдігі жоғары ота жасаудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болды, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Заманауи медицинаның дамуына байланысты әдістемелер өзгеруде және тиісінше дәлдігі аса жоғары ота жасауға арналған хирургиялық жабдықтар да өзгереді. КҚК денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік-қайырымдылық бағдарламасы аясында облыстық балалар ауруханасына медициналық жабдықты — хирургиялық бөлімшеде ота жасауға арналған Германияда жасалған «Acculan 4» бұрғысын сатып алды.
«Біз медицинаны, білімді, мәдениетті, балалар спортын, сондай-ақ магистральдық мұнай құбыры өтетін аймақтарда орналасқан қалалар мен кенттердің инфрақұрылымын қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды тұрақты түрде жүзеге асырамыз. КҚК үшін басты құндылық — балалар, олардың денсаулығы мен жарқын болашағы, сондықтан біз бұл жабдықты Атырау облыстық балалар ауруханасына дәрігерлер мен медбикелердің ерен еңбегі үшін үлкен алғыс білдіре отырып табыстаймыз», — деді Бас директордың ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Біздің дәрігерлермен тәжірибе алмасу үшін және консультациялар өткізу үшін «BI-Жұлдызай» Қорының шақыртуы бойынша Атырауға Г.А. Альбрехт атындағы № 1 Санкт-Петербург қаласының медициналық-әлеуметтік сараптаманың ғылыми-тәжірибелік және мүгедектерді оңалту орталығының балалар ортопедиялық бөлімшесінің меңгерушісі, балалар хирургі, травматолог-ортопед дәрігер келді.
«Біз ауруханамызда болып жатқан оқиғаларға — медициналық бұрғы сатып алынғанына және ресейлік әріптесіміздің келгеніне екі есе қуаныштымыз. Сөзсіз, бұл оқу мамандарымызға кәсіби біліктілігін арттыруға және халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Бұрын қаламыз мен облысымыздың тұрғындары осындай оталар жасау үшін Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларына баратын болса, енді біздің дәрігерлер өздері жаңа медициналық құралдарды пайдалана отырып, күрделі оталарды жасай алатын болады, осылайша балалар мен олардың ата-аналарына ешқайда баруға тура келмейді», — деп атап өтті Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.