Атырау облысында менингит ауруы тіркелген жоқ
Соңғы үш жылда Атырауда менингит ауруы тұрғындар арасында тіркелген жоқ, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайсов пен № 2 облыстық аурухана директорының орынбасары Надя Ергалиева ӨКҚ өткен баспасөз коференциясында мəлімдеді.
— Менингит ауруы бойынша соңғы рет 9 факт 2015 жылы тіркелді. Аурудың басталуына тоқталар болсақ, ауру жұққаннан бастап бірінші күннен он күнге дейінгі аралықта ауру белгілері пайда болады. Адам аурудың алғашқы күндерінен бастап басқа адамдарға жұқтыратындықтан, аурудың алдын-алу өте маңызды. Сондықтан, жүзу бассейні, жабық бөлмелерде өтетін үлкен іс-шараларға кіру кезінде өзіңізге қараңыз. Намаз оқу кезінде мешіттерге барғанда маска кию керек. Осылайша, өзіңізді қорғауға болады, — дейді Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайсов.
Қазіргі уақытта барлық медициналық ұйымдар (емханалар) күн сайын таңертеңгі 8-ден кешкі 20:00 -ге дейін жұмыс істейді. Инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде 103 жедел жәрдем қызметіне немесе жергілікті дәрігерге хабарласу қажет.
— Жұқпа ауамен, жөтелмен, сөйлесу жолдары арқылы таралады. Əлсіздік пен арқадағы және аяқтардағы ауырсыну арқылы ауру белгісі белгілі болады. Науқас шөлдеп, тәбеті азаяды. Егер 6-15 сағаттан кейін бас ауруы, құсу, бөртпе байқасаңыз, температура 39-40 ° C-қа дейін жетсе, онда бірден дәрігерге хабарласыңыз. Өз-өзіңізді емдемеңіз! Сондай-ақ, ауру тұмау ауруы, тонзиллит т.б. аурулар сияқты жеңіл түрде жүруі мүмкін, — дейді № 2 облыстық аурухана директорының орынбасары Надия Ерғалиева.
Айта кетейік, вакцина шетелге баруға шешім қабылдағандар үшін ғана беріледі. Оны тек жеке клиникаларда алуға болады. Бүгінгі күні Атырау қаласында құны 30,000-35,000 теңге тұратын 45 вакцина бар.
Хорлан Смадияр