Жарнама
Медицина

Ашық диалог алаңы

Үкіметтік емес ұйымдар мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткен VIII облыстық азаматтық форумда қордаланған проблемалармен қатар алдағы жоспарлар да талқыланды. Әлемдік трендке айналған әлеуметтік кәсіпкерлікті мұнайлы өлкеде дамыту мәселесі қозғалған шарада «Жомарт жүрек» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды.

????????????????????????????????????

Бұл жолы да ашық диалог алаңында сан алуан пікірлер айтылып, әлеуметтік жобалар мен тапсырыстар жайы сөз болды. Бүгінде өңірде 548 азаматтық бірлестік тіркелсе, олардың 120-сы ғана белсенді қызмет етеді. Ал, облыстық форумға оның алпысқа жуығы қатысып, шешімін күткен мәселелерін ортаға салды, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарды аймақтағы пандустар жайы алаңдатады. Көпшілік орындарда оның «аты» болғанмен, «заты» жоқ. Тіпті, дәріхана, емхана алдындағы пандустардың қандай мақсатта орнатылғаны белгісіз. Стандартқа да сай келмейді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруда да біраз кедергілер бар көрінеді.

– Бұл мәселелер бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілді. Азаматтық белсенділер оларды билік өкілдеріне жеткізіп, оны шешу жолдары қарастырылуда, — дейді облыстық ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталық» директоры Әйгерім Досқалиева.

Сондай-ақ, форум барысында әлемдік трендке айналған әлеуметтік кәсіпкерлік жайы айтылды. Өңірдің проблемасын шеше отырып, бизнесті дамытуға бағытталған сала бойынша бізде де жасалған жұмыстар аз емес. Жергілікті үкіметтік емес ұйымдар республикалық жобалардан 16 грант ұтып алды. Қазір олардың барлығы дерлік кәсіптерін табысты жүзеге асыруда.

Форумның екінші бөлімінде үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет ықпалдастығының серпінді дамуына жаңа күш беретін ұсыныстар айтылды. Яғни, әр аймақта «қоғамдық ұйымдар үйін» ашу ұсынылды. Азаматтық қоғамды біріктіру бағытында жасалатын бірқатар жұмыс талқыланды.  Шара соңында  Астана қаласында өтетін республикалық VIII Азаматтық форумға жиырма атыраулық жолдама алды. Сондай-ақ, ел дамуына  қосқан үлесі үшін «Жомарт жүрек»  номинациясы бойынша үздіктер анықталып, белсенді атсалысқан үкіметтік емес ұйым  өкілдері марапатталды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button