АРДАГЕРЛЕР САУЛЫҒЫ ҰДАЙЫ НАЗАРДА
Емхананың бас дәрігері, жоғары санаттағы ұйымдастырушы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ғазиз Есқали комиссия тобына емханада атқарылып жатқан оң істер жайында хабардар етті.
Емхана қазіргі заманғы озық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, ауысымына 500 адамға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, емдеу орны өзінің бекітілген тұрғындарына қоса Дамбы, Еркінқала,Теңдік, Томарлы, Геолог, Бесікті елді мекендерін де қамтиды.Соның ішінде соғыс, еңбек ардагерлері тегін ем алады. Учаскелік дәрігерлер жүріп-тұруы қиын қарт адамдардың үйлеріне барып, олардың емделуіне жағдай жасайды. Емделушілер емханада электрондық жүйеде, телефон арқылы алдын ала кезекке жазылып, қалаған мезгілінде дәрігерлерге қаралады. Емхана осы заманғы медициналық құрылғылармен толық жабдықталған. Соның бірі Германиядан шыққан жүрек, қан қысымын анықтайтын аппаратуралар. Балалардың сырқатын тексеріп, емдеуге арналған құрылғылар да алынды.
Емдеу орнындағы тағы бір жаңалық, қарт адамдарға арналған күндізгі аурухана, қарттар орталығының ашылуы. Емханада емделушілердің арыз-шағымдарына орай заңгер жұмыс істейді. Диспансерлік есепте тұрған ардагерлер уақытылы дәрі-дәрмектерін тегін алып тұрады. Жалпы, емханада емделушілер үшін барлық жағдай жасалынған.
Басқосуда «Ардагерлердің денсаулығына қамқорлық» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұхамбетжан Сапаров емхана ұжымының халыққа, соның ішінде ардагерлерге медициналық қызмет көрсетудегі игі жұмыстарына ризашылығын білдірді. Ол осындай сапалы қызметі үшін емхананың республика деңгейіндегі емдеу мекемелері арасындағы рейтингіде үшінші орын алуы өзге емдеу орындарына үлгі боларлық екенін атап өтті.
Алдағы уақытта мұндай көшпелі мәжіліс қала, аудандардағы емдеу мекемелерінде де өткізіліп тұрмақ.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.