54 атыраулық дәрігер біліктілігін арттырмақ
Атыраудағы №1 қалалық емхананың 54 қызметкері біліктілігін арттырды.
Бұл туралы Атырау қалалық №1 емхананың директоры Әсия Нарымбаева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Биыл қалалық №1 емхананың дәрігерлері біліктілігін арттырып, өз бағыттары бойынша еліміздің өзге өңірлеріндегі кәсіби мамандардан дәріс алған. Ұлттық ғылыми хирургия орталығының ұйымдастыруымен өткен «Трансплантацияға дейін және одан кейін бауырдың созылмалы вирустық және вирустық емес ауруларының диагностикасы және фармакотерапиясы» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсына 6 дәрігер қатысты. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мамандарының қатысуымен «Ерте жастағы балалардың ауруларын ықпалдастыра қарау» атты біліктілік арттыру курсында 4 дәрігер, 3 мейірбике дәріс алған.
— Бұл емханада тіркелгендердің саны көп. Бүгінде 55 мыңға жуық тіркелуші медициналық мекеменің көмегіне жүгінеді. Былтырмен салыстырғанда биыл тіркелушілер 1,01% көбейді. Оған қаламызда жаңа құрылыс нысандарының көптеп салынуы және емхананаға өз еркімен тіркелуі себеп болып отыр. Сондай-ақ үй жағдайында ем алатындардың саны азайып, ауруханаға келіп ем-дом шараларын жүргізетін тұрғындардың саны артып отыр, деді Ә.Нарымбаева.
Аурухана директоры емхананың медицина кадрларын үздіксіз кәсіби дамыту, біліктілігін арттыру, қазіргі заманғы технологияларға бағдарланған негізде қайта даярлау басты назарда екенін атап өтті.