Жарнама
Медицина

400 грамдық сәбиге өмір сыйлау дәрігерлердің дәстүрлі ісіне айналды

  Осыдан бес жыл бұрын өңірдегі ең кішкентай деп та- нылған сәби облыстық перзентханада дүниеге келді. Салмағы – 450 грамм, ал бойы – 24 см. Нәрестенің анасы қырық жастағы Ләззат сәбиін жүктілігінің алтыншы айында, яғни 2011 жылдың 1 сәуірінде дүниеге әкелгенін айтады. Сәбидің көрер жарығы бар екен. Өйткені, дәрігерлердің өзі оның жетіліп, өз-өзіне келуі екіталай деген көзқараста еді. Дегенмен, заманауи медициналық құрал-жабдықтың көме-гімен, перзентхана дәрігерлерінің күн-түн демей ем-домын жасап, үлкен біліктілік танытуымен сәби аман қалды. Бүгінде Қасиет есімді бүлдіршін бес жасқа толды.

ҚАБІЛЕТТІ ҚАСИЕТ

  Ол өз құрбыларынан кем емес. Тіпті, кейбіреулерінен есте сақтау қабілетімен, зеректігімен озып тұр. Өз талғамына сай киінгенді, сурет салғанды ұнатады, анасына арнап айтатын тақпақтарды да көптеп жаттапты. Ләззат Сағиеваның өзімен сөйлескенімізде, ол жүктілік кезінде дәрігердің бақылауында болғанын, жиі тексеріліп тұрғанын, денсаулығында кінәрат болмағанын айтады. Ойда жоқта ауырып, Құрманғазы аудандық перзентханасына барады. Аудандық дәрігерлер оның жағдайына көмек көрсете алмай, облыстық перзентханаға жіберген. – Дәрігерлер баламның мерзімінен бұрын дүниеге келетінін айтты. Тірі туылғанымен, оның жетіліп кететініне сенімсіздік білдірді. Олар бар болғаны психологиялық жағынан қолдау көрсетті, — дейді ол бізбен әңгімесінде. Ләззатқа мұндай шешімді есту қиын еді. Бірақ, ана баласы үшін бәріне дайын болды. Дәрігерлер қимылы шамалы, жылай да алмайтын шақалақты арнайы инкубатор-кувезде ғана ұстаған. Онда дене температурасы бірқалыпты сақталып тұрады, түтікшелермен тамақтандырылады. «Сәбиіңді көре тұра, оны құшағыңа алмаудан қиын ештеңе жоқ шығар. Әйнектің бер жағында тұрып, бақылаумен ғана болдым. Бар тілеуім – жетіліп, үйге аман-есен шықсақ деген арман еді. Қасиетті бала болсын деп, есімін де Қасиет қойдым», — дейді Ләззат.

  Мамандардың пікірінше, Қасиеттің жағдайында дүниеге келіп, дені сап-сау болу – өте сирек кездесетін жағдай. Ресми ақпарат бойынша, әлемде шала туылған баланың 40 пайызының көзі көруі нашар, құлағы естімейтін, бүйрегінде, жүрегінде немесе жүйке тамырларында кінәраты бар болып шығады. Ал, біздің кейіпкеріміз Қасиеттің бойынан дәрігерлер ешқандай патологиялық ауруды таппапты. Сәби сегіз айға толғанда ғана ет жинап, қимылы ширапты. Салмағы 1 кг 500 грамға жеткен кезде үйге шығарылған. Кішкентай қарындасын әкесімен бірге үйінде екі ағасы мен үш апасы асыға күтіп отырыпты. Бұл отбасы кішкентай Қасиеттің дені сау болып, олардың қатарына қосылғанына қуанады.

«АУЫРМАСЫНШЫ БАЛАЛАР…»

 «Сәбиді аман алып қалу – міндетіміз!». Осындай қағидамен ғана жұмыс жасайтын облыстың дәрігер-неонатологтарының да қызметі оңай емес. Бүгінде облыстық перзентхана қайта жаңғыртылып, перинатальдық орталық ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Орталықта жүкті әйелдермен қоса, шала туылған шақалақтарға ем-дом жасалады, оңалту жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бас дәрігердің орынбасары Альмира Талапқызының бізге берген мәліметінде, өткен жылы облыстық перинатальдық орталықта сегіз мыңға жуық бала дүниеге келсе, оның ішінде мерзімінен бұрын туылған 579 сәби бар.

  Бас дәрігердің балалар ісі жөніндегі орынбасары Альмира Сабырғалиеваның айтуынша, қазір он шала туылған бала болса, соның сегізі – дені сау балалардың қатарына қосылып, жетіліп отыр. Алдағы күндері 100 пайыздық көрсеткішке жету межесі тұр. Дәрігер балалардың мерзімінен бұрын дүниеге келуінің бірнеше себептері барын да айтып отыр. Шетінеген нәрестелердің көпшілігі құрсақ ішіндегі инфекциядан көз жұмады. Құрсақ ішіндегі инфекция — күрделі мәселе. Жүктілік кезінде әйелдің ағзасындағы агрессивті инфекциялар балаға кері әсер етеді. Соның салдарынан кейбір жағдайда жүктілік үзіледі. Болмаса, денсаулығы өте нашар бала дүниеге келеді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде экстрагенитальды аурулар (жүктілік кезіндегі инфекциялар, жүрек сырқаты, гипертониялық ауру, бүйрек аурулары, қант диабеті) себебінен сәбидің шетінеуі немесе шала туылуы жиі кездесіп отыр. Оған қоса аналар жүктілік кезінде телефон қарап, компьютерге телміріп отырады. Мұндай техногендік салдардың да ана мен бала саулығына зияны көп. Бұл — бірінші мәселе. Екіншіден, жасөспірімдер жүктілігі барын жасырмауы керек. Бұл жасанды түсік жасатушылар қатарының көбеюіне әкеліп соқтырады. Жасанды түсіктің зияны көп екені мәлім. Салдарынан құрсақ ішіндегі инфекцияға шалдығатыны анық. Дегенмен, бұл жөнінде ресми мәлімет жоқ. Дәрігерлер көбіне 18-49 жастағы жүкті әйелдердің денсаулығын бақылайды. Қазіргі күні дәрігерлердің көмегімен 1,5 кг салмақ мөлшерінде дүниеге келген сәбиді аман алып қалу мүмкіндігі 90 пайыз болса, 2,5 келіден жоғары салмақта 97 пайыз болып тұр. Ал, физиологиялық қалыпты жағдайда босанатын әйелдердің көрсеткіші әртүрлі пайызды құрайды.

ДАРЫНДЫ БАЛА: ОЛ КІМ?

  Статистикалық мәліметке жүгінсек, әлемде жыл сайын 15 миллион сәби, яғни, дүниеге келген әрбір оныншы бала шала туылады екен. Дегенмен, физиологиялық жағынан шала туған бала үлкейгенде де әлжуаз, ойы төмен дегенді білдірмесе керек. Олардың арасында кейіпкеріміз Қасиет секілді құрбыларының арасында ұшқыр ойымен ерекшеленіп жүргендері де аз емес. Әлемді ілім-ғылыммен мойындатқан Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн, француз императоры Наполеон Бонапарттың өзі шала туылған сәби көрінеді. Сондықтан, оларды бөле-жара қараудың да себептері шамалы. Ең бастысы – түрлі үйірмелерге қатыстырып, бір бағытқа баулыған абзал. Дарынсыз бала болмайды. Оның талантын анықтау да оңай шаруа емес. Бір баланың дарыны ашық көрінсе, енді бірінікі бірден байқалмауы мүмкін. Сондықтан, олардың ертеңіне үмітпен қарап, белгілі бір өнердің саласына түсіп кетуіне жағдай жасап, ата-анасы бас-көз болғаны абзал.

ТҮЙІН

Адамзаттың бүгіні де, болашағы да – ананың қолында. Ана – қашан да мейірімнің бастауы, қайырымдылықтың қайнары. Сондықтан, бүгінгі қоғамның негізгі міндеті – еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту. Ана мен балаға жағдай жасау. Жыл сайын елімізде 400 мың сәби дүние есігін ашса, күніне бір мыңнан астам бала өмірге келеді екен. Қазақстанда табиғи өсім соңғы 10 жылда 1,5 есеге артты. Ал, тәуелсіздік жылдарында елімізде 6 миллионнан астам бала дүние есігін ашқан. Тәжірибе көрсеткендей, олардың дені сау болуы – он пайыз дәрігердің қолында, қалған тоқсан пайызы ата-аналарымызға жүктеліп отыр.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button