30 күн бойы су ғана ішсе не болады?
Ғалымдар су ішуді әдетке айналдыру адамның ақыл-ой қабілетін арттырып, жүректің жұмысы мен зат алмасу процесін жақсартатынын анықтады.
Егер біз бар-жоғы 30 күн бойы судан басқа барлық сусыннан бас тартсақ, өмірімізде қандай өзгеріс байқаушы едік? Бұл әдістің ағзаға қандай пайдасы бар екенін екінің бірі біле бермейді.
Neuroscience (Нейробиология) журналының мәліметінше, 30 күн бойы миыңыз едәуір жылдам реакция жасауымен таңғалдырады. Ми тиімді жұмыс істеуі үшін тонналаған оттегі қажет, су да оның жұмысын жақсартады. Күніне 8-10 стақан су ішсеңіз, сіздің когнитивтік қабілетіңіз тұтастай алғанда 30%-ға жақсарады.
Сондай-ақ, ауыз су сіздің теріңіздегі судың тепе-теңдігін сақтай отырып, қартаю процесін тежеуге көмектеседі. Ол теріні ылғалдандырып, оны сау, жұмсақ, жылтыр және әжімсіз күйінде сақтайды. Су бұлшық ет тіндерінің де күш-қуатын арттырады. Ол үшін таза су ішуіңіз керек.
Су бауырыңыз бен бүйрегіңіздің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Бұл органдар қандағы улы заттар мен қалдықтарды, тұздарды шығаруға жауапты. Осы саланы зерттеген ғалымдардың айтуынша, адам ағзасындағы pH теңгерімі қалыпқа түсіп, бүйректе тас пайда болу деңгейі төмендейді. Нәтижесінде бас және өзге де ауруларға шалдыға бермейсіз.
Жүрегіңіздің жұмысын жақсартуға көмектесетін бірден-бір дәрі бұл — су. Ұйқыға жатардан бір сағат бұрын бір стақан су ішу жүрек талмасы мен инсульттің алдын алады. Бар-жоғы бір стақан су сіздің жүрегіңіз бен басқа да органдарыңызға оттегі жетуін едәуір жеңілдетеді. Америкалық Эпидемиология журналы алты жылдық зерттеудің нәтижесін жариялады. Күніне 5 стақан су ішкен адамдар 2 стақан су ішкендермен салыстырғанда жүрек талмасынан 41%-ға аз көз жұматыны анықталды.
30 күн су ішкен кезіңізде сіздің маңызды органдарыңыздан зиянды қалдықтар мен шлактар шығып кетеді. Теріңіз тазарып, іштегі артық май кетеді. Тамақтану және диетология академиясының өкілі Андреа Н.Джанкола тамақтан алдын бір немесе екі стақан су ішуге кеңес береді, ол астың қорытылуына көмектесіп, тамақты нормадан артық жеп қоюға жол бермейді. Оны әдетке айналдырсаңыз болғаны.
Зерттеу жұмыстары ауыз суды тұрақты тұтыну зат алмасуды жақсартатынын көрсетіп отыр. Таңертең оянғаннан кейін бар-жоғы жарты литр су ішу метаболизмді (зат алмасуды) 24%-ға көтереді. Ал метаболизм не үшін маңызды? Ол ағзамыздағы химиялық реакцияларды жүргізуге, яғни адамның дені сау болуына тікелей жауапты.
Хорлан СМАДИЯР