
100 жылдық шежіре: Халықаралық конференцияда дерматологиядағы жаңа тәсілдер талқыланды
Атырау облысында тері-венерологиялық қызметтің 100 жылдығы және облыстық диспансердің 90 жылдығына арналған «100 жылдық шежіре: Атырау облыстық тері-венерологиялық қызметінің эволюциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Латвиядан келген жетекші ғалымдар мен дәрігерлер дерматологиядағы өзекті мәселелерді талқылады. Баяндамаларда псориазды ерте диагностикалау мен емдеу, созылмалы дерматоздар мен тері ісіктерін анықтау, ЖЖБИ-ды заманауи әдістермен диагностикалау, лепра мен витилигоны емдеудегі жаңа тәсілдер, сондай-ақ фототерапия мен лазеротерапияның мүмкіндіктері қамтылды.
-Бүгінгі іс-шарада Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдеріндегі медициналық ұйымдар бірнеше меморандумға қол қойды. Бұл серіктестік мамандардың біліктілігін арттыру, мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу және жаңа емдеу тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді,-деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Конференцияда 50 маман марапатталды. Олардың қатарында сала ардагерлері мен мамандарына түрлі ұйымдардың Алғыс хаттары мен төсбелгілері табысталды.