
Жұмысшы мамандықтарға құрмет көрсетілді
Қазақстан Халық партиясы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Арнаулыавтобаза» ЖШС ұжымына және ондағы қызметкерлерге қала тазалығы мен тәртібін сақтауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіретін салтанатты жиын ұйымдастырды.

Аалған партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Арнаулыавтобаза» мекемесінде 400 қызметкер жұмыс істейді – жол жұмысшылары, жүргізушілер, мамандар. Олар күндіз-түні еңбектеніп, қаланы таза ұстауға күш салып жүрген, көпшілікке көрінбейтін нағыз батырлар.
Кәсіпорын аумағында өткен жиында жұмысшылар мен партия өкілдері бас қосып, қызметкерлерге алғыс білдіріліп, жылы лебіздер айтылды.
– Бұл іс-шара – тек алғыс айту ғана емес, қала тұрғындарына осы мамандық иелерінің еңбегін бағалау керектігін еске салу, — деді партия мүшелері.

Сонымен қатар мекеме директоры Алмас Ізтілеуовке алғыс хат табысталды.
– Біздің жұмысымыз үнемі көз алдында, себебі тазалық сақталмаса, бірден байқалады. Бізде үлкен тәжірибе бар, тек қаланы ғана емес, алты ауылдық округтің де тазалығына жауап береміз. Бұл – өте маңызды міндет, — деді Алмас Ізтілеуов.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партия мүшесі Бекзат Есенғожин қала тұрғындарына үндеу жасады:
– Тазалықты сақтау – әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Балаларға да, ересектерге де қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін үйретуіміз керек. Егер біреудің қоқысты дұрыс емес жерге тастағанын көрсеңіз, үнсіз қалмай, ескерту жасаңыз, -деді Б.Есенғожин.
Осындай марапаттау жиыны «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында және ТКШ басқарушы, сервистік компаниялардың және басқа нысандарының бірлестіктері қауымдастығында да өтті. Бұл мекемелердің жұмысшыларына да алғыс хаттар табысталды.