Жарнама
Майталман

Жалынмен келген жауапкершілік

Маусым айында Еркінқала ауылынан 15 шақырым жердегі «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында қамыстың тұтануынан ірі өрт шықты. Қатты желдің салдарынан жалын бірнеше бағытқа тез тарап, айналаны қалың түтін басты. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 78 қызметкері мен 11 техникасы және резерваттың 32 маманы мен 8 техникасы бірнеше тәулік бойы өртпен арпалысты. Осы күресте ерекше көзге түскендердің бірі – Махамбет ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Арман Олжабаев.

– Дабыл түскен бойда кідірместен оқиға орнына шықтық. Өрт болған жерге жеткен соң, әуелі қауіпсіздік жағын тағы бір рет қарап, жан-жағымызды байыптап алдық та, жалынды айнала қоршап, арнайы құралдармен қамыстың әлі тұтанып жатқан тұстарын анықтадық. Қамыс сырттай қарағанда өшкендей көрінуі мүмкін, бірақ қоламтасы сөнбей бықсып жатады екен. Сол кезде жел соқса, от қайта лап ете қалуы ғажап емес. Сол үшін әр жерін мұқият қарап, ештеңе қалмауына көз жеткізу керек, — дейді А.Олжабаев.

Өртті ауыздықтаудағы ең үлкен қиындық – жер бедерінің батпақты, ойлы-қырлы болуы және қамыстың тығыз өсуі. Мұндайда ауыр техниканы қолдану мүмкін емес. Сондықтан жалынмен күрестің негізгі бөлігі қол күшімен атқарылды, өрт сөндірушілер қамысты шауып, жалынды күрекпен басып, су бүріккіш құралдармен тоқтатуға мәжбүр болды. Осындай ауыр жағдайда мамандар бір-біріне сүйеніш болып, тізе қоса әрекет етті. Әрқайсысы оттың жолын кесуге күш салып, тілсіз жауды тоқтату үшін аянбай еңбек етті. Мұндайда күнделікті жұмыс техникасынан гөрі зор жауапкершілік қажет. Себебі мұндай апаттар табиғатқа ғана емес, тұтас экологиялық жүйеге орны толмас залал келтіреді. Сондықтан алдын алу, сақтандыру және дер кезінде әрекет ету қалың бұқараның ортақ міндеті болуы тиіс.

Бүгінде өрт сөндірушілердің маңдай тері қоғамда елеусіз қалып жатады. Алайда олардың күндіз-түні қауіптің алдын алу жолында атқарып жүрген қызметі елдегі тыныштық пен халықтың амандығына тікелей әсер етеді. Бөлімше командирінің пікірінше, бұл салада әуелі өрт сөндірушілерді заманға лайық техникамен және сапалы құрал-жабдықпен толық қамтамасыз еткен жөн. Өйткені жағдай ушығып, жел күшейгенде арнайы құралсыз жұмыс істеу қауіпті әрі уақытты көп қажет етеді. Сонымен қатар, кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап отыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Ол үшін оқу-жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, түрлі жағдайға бейімделу мен тәжірибе алмасудың мән-маңызы жоғары. Бұл мамандардың кәсіби дайындығын арттырып қана қоймай, қиын сәтте оңтайлы шешім қабылдауға да сеп болады.

Өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де маңызды. Себебі маман тек жұмыс барысында емес, жеке өмірінде де қауіпсіздік пен тұрақтылықты сезінуі қажет. Медициналық көмек, демалыс мүмкіндіктері мен тұрақты материалдық қолдау арқылы мамандықтың беделін арттырып қана қоймай, көрсетілетін қызмет сапасына да тікелей әсер етеді.

Жас буын бұл мамандықтың шынайы болмысын дұрыс түсініп, оның мән-маңызын жете ұғынғаны жөн. Себебі, өрт сөндіруші болу жай ғана мамандық таңдау емес. Бұл – жүрек қалауымен қабылданатын, жауапкершілік пен қажырлы ерік-жігерді талап ететін шешім. Батылдықпен қатар, бұл салада төзім мен табандылық та қажет. Жастарды осы мамандыққа баулу үшін әуелі олардың санасында өрт сөндірушінің қоғамдағы ролі туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет. Сол үшін орта және арнаулы орта оқу орындарында өрт қауіпсіздігіне арналған арнайы сабақтар мен тренингтер өткізу, өрт сөндірушілердің күнделікті жұмысымен таныстыратын экскурсиялар ұйымдастыру тиімді әдіс болмақ. Осы арқылы балалар мен жасөспірімдер бұл қызметтің қаншалықты маңызды әрі күрделі екенін ерте жастан сезініп, болашақта елге адал қызмет ететін кадрлар қатарын толықтырары сөзсіз.

Өрт сөндіру кезінде Арманға ең үлкен күш берген қарапайым халықтың шынайы алғысы екен. Өйткені, адал қызмет үшін айтылған ризашылық барлық шаршауды ұмыттырып, таңдаған жолдың дұрыс екенін терең сезіндіреді. Арманның басты тілегі әр азамат өрт қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауы тиіс.

– Тілсіз жау шөп пен ағашты ғана емес, тұтас елді мекен мен адамның тағдырына да кесел келтіруі ықтимал. Сондықтан әр адам табиғатқа тек тамашалайтын көрініс ретінде емес, оны сақтауға бағытталған азаматтық жауапкершілікпен қарағаны жөн, — дейді өрт сөндіру маманы.

Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button