
Су жолындағы сауапты еңбек
Қазір облыс елді мекендерінің басым бөлігінде ауыз су мәселесі шешілген. Бұрынғыдай әр үйге арнайы көлікпен су тасып беру қызметі жоқ. Себебі мемлекет тарапынан қолдау жасалып, ауыз су әр үйге кіргізіліп, құбырдан үздіксіз ағып тұр.
«ҚазСуШар» РМК аудандық филиалының Қаракөл су айдау бөлімшесі – ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған маңызды мекемелердің бірі. Осы бөлімшеде талмай еңбек етіп, кәсібіне адалдық танытып келе жатқан азаматтардың бірі – сорғы станциясының машинисі Аманғали Сарбалин.

Бүгін су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай қарапайым еңбек адамымен сұхбаттасу барысында су шаруашылығы саласына кездейсоқ келмегенін білдік. 1981 жылы онжылдық мектепті тәмамдаған соң Доссор кентіндегі автомектепте алты айлық курста оқиды. Артынша Ресейдің Мурманск қаласында әскери-теңіз флотында отан алдындағы борышын өтеп қайтады. 1986 жылдан сол кездегі Абай атындағы кеңшарда 1997 жылға дейін табан аудармастан су тасушы көліктің жүргізушісі болып еңбек етті. Кейін де нарықтың салқыны сезіліп, әркім қолынан келген кәсібін істеп, жан-жаққа тірлік етуге кеткенде Аманғали Баянғалиұлы ауылдан қол үзген жоқ.
2000 жылы бөлімшеге көлік жүргізушісі болып шақыртылып, 2015 жылға дейін еңбек етті. Көлік жүргізушісі болып істеген жылдары боран мен көктайғақта жол азабын тартып, түрлі табиғат сынағына қарамастан діттеген жерге жетіп, қызметіне адалдық танытты.
Уақыт өте келе, оның еңбек жолы жаңа арнаға бұрылды. Қазір ол су айдау бөлімшесінің сорғы станциясында машинист болып еңбек етеді. Зор жауапкершілік жүктейтін, үздіксіз бақылау мен ептілікті талап ететін бұл жұмыста ол қарапайым көрінгенімен, ауылдастарына ауыз су жеткізіп беруде абыройсыз қалған жері жоқ. Оның айтуынша, су шаруашылығы саласында «демалыс» деген ұғым болған емес. Жұмыстың мәні – үздіксіз қызмет ету, мереке немесе жексенбі деп қарамай, сумен қамту жүйесінің үзілмеуін қадағалау. Бұл саланың машақаты көп болғанымен, зейіні мен жауапкершілігі бар адамға мол тәжірибе береді.
Аманғали Баянғалиұлының жұмысындағы ең абыройлысы – халықтан алған алғысы. Қиын шақта түсініспеушіліктер орын алатыны да жасырын емес. Алайда көбінесе тұрғындар ризашылықпен қарап, еңбегін елеп жатады. «Сол сәттер маған дем беріп, жігер береді», — дейді ол шынайы ықыласпен.
– Су – тіршілік көзі. Сондықтан ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету – күн сайынғы басты міндетіміз. Қазір бұрынғы заман емес қой, әр үйге су құбыр арқылы келіп тұр. Бұл – заманның жақсарғаны. Бұған жеткенімізге шүкірлік ету керек. Көлікпен су тасуұмытылды. Арнайы техниканы меңгеріп, қажет болса суды ішке айдаймыз. Менің жұмысым – осы сорғыны басқарып, су айдау процесін бақылау, — дейді Аманғали Баянғалиұлы.
Ол жас мамандарға да ақыл-кеңесін үнемі беріп жүреді. Өйткені, оның кәсібі тек техникалық дағдыларды емес, өмірге зер салып, әр іске жауапкершілікпен қарауды үйретті.
– Атам қазақта «Еңбек етсең – емерсің» деген сөз бар. Бұл айна-қатесіз ақиқат. Жастар ерінбей, қиындыққа мойымай, шыдамдылықпен еңбек етуі қажет. Тер төгіп, адал жұмыс істеген адам өз орнын табады. Бүгінде ауылдағы бөлімшеде екі әріптесіммен бірге нәтижелі жұмыс істеп келеміз, — деп ой бөлісті тәжірибелі маман.
Ол үшін кәсібі – тек нәпақа көзі емес. Керісінше, бұл жұмыс шыңдалуға, табандылық пен төзімділікке баулыған өмірлік мектепке айналған.

Ел игілігі жолында тер төгіп жүрген қарапайым машинист Аманғали Сарбалин сынды азаматтар – бүгінгі қоғамның тірегі. Олардың көзге көрінбейтін тынымсыз еңбегінің арқасында ауыл тіршілігі тоқтамай, таза су әр үйге жетіп тұр. Ол қарапайым жұмысшы болса да, қоғам үшін атқарып жүрген қызметінің маңызын жақсы сезінеді. Әрине, техникамен жұмыс істеу оңай емес, бірақ жылдар бойы үйренген іс болғандықтан, олар өз міндеттерін ширақ орындайды.
Аманғали Сарбалин бұрынғы мен бүгінді салыстыра отырып, қазіргі еңбекақы мен жағдайдың бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарғанын атап өтті. Бұл – елдегі еңбек адамына деген қамқорлықтың бір айғағы.
– Жыл сайын бізге мереке күндері арнайы сыйақы беріледі. Бұл – еңбекті бағалаудың бір көрінісі. Ал жалақы мәселесіне келсек, шүкір, күнкөріске жетіп отыр. Бұрынғыдай аз емес, қазір жағдай жақсы, — дейді ол.
Аманғали Баянғалиұлы 35 жылға жуық отасқан жары Зәмзәгүл екеуі бес перзентіне тәлімді тәрбие бере білді. Бүгінде тағдырдың жазуымен дүниеден озған әйелінің артында қалған ұл-қызының қызығын көріп отырған ардақты әке немере-жиендерінің сүйікті атасы.
Кейде сырт көзге техникалық қызмет көрсету, яғни операторлық жұмыс жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда ауыл инфрақұрылымының тынысын қамтамасыз етіп отырған осы қарапайым жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Осындай еңбек адамдарына алғыс білдіру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Алмас ҚАБДОЛ
Қызылқоға ауданы