
Өлім мен өмір ортасынан оралған жан
Қан майданда қайталанбас ерлігімен, бейбіт кезеңде соған пара-пар ерен еңбегімен ерекшеленген, есімі ел есінде сақталған ерлердің бірі – атыраулық Самат Даралиев. Отты жылдарда Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан, бертінде халқына адал қызмет қылған ол – жүріп өткен жолы өзгелер үлгі тұтар өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр иесі.
Ол 1923 жылы Исатай ауданы Х.Ерғалиев (бұрынғы Новобогат) ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Манап Бегалиев қазан төңкерісіне дейін және одан кейін өзінің жеке қожалығында атакәсіппен айналысып, мал бағумен шұғылданды. Кеңес заманында жұмысын ауыстырды. Бала оқытып, шәкірттерге дәріс берді. 1931-1941 жылдар аралығында онжылдықты оқып бітіріп, орта білім алып шығады. 1942 жылдың басында әскер қатарына шақырылады. Осы жылдың шілде айында соғысқа аттанады. Бірнеше майданның құрамында ұрысқа түсіп, өмір мен өлім белдескен қанқұйлы шайқастарда батырлығымен, батылдығымен көзге түседі. Сөйтіп, қатардағы сарбаздан саяси қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп, офицер шенін иеленді.
Соғыс аяқталған соң да бірер жылдай әскери қызметін жалғастырған майдангер аман-есен елге оралысымен партиялық басқару органдарына қызметке орналасады. Бастапқы екі жылдан астам уақыт Қазақстан коммунистік партиясы Гурьев қалалық комитетінде нұсқаушы қызметін атқарады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Алматы қаласындағы екі жылдық партия мектебінде дәріс алады. Одан соң облыстық партия комитетіне нұсқаушылық жұмысқа ауысады. Жауапты қызметте шыңдалып, біраз тәжірибе жинақтап үлгерген шағында ағамыз Жылыой және Қызылқоға аудандық партия комитеттерінде ауыл шаруашылығы секторына жауапты хатшы лауазымына жоғарылатылады. Бұл қызметті де абыроймен атқарып, бедел биігінен көрінеді, адалдығымен, адамдығымен, іскерлігімен және жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен көпшіліктің құрметіне бөленіп, ризашылығына кенеліп, халықтың шынайы алғысын алады.
Одан әрі облыстық партия комитетінің жолдамасымен 1955 жылдың қаңтарында Есбол (қазіргі Индер) аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары қызметін атқарып, кейіннен сол аудандағы тұтынушылар қоғамын басқарады. Арада екі жылдан астам уақыт өткенде аудандық партия комитетінің ұйғарымымен, колхоз мүшелерінің бірауыздан қолдауымен сол мезгілдегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірінен саналған «Путь к коммунизму» колхозына төраға болып сайланады. Екі көршілес колхоз біріктіріліп, ірілендірілгенге дейін шаруашылық тізгінін қолында ұстаған азамат 1958 жылдың шілде айынан соң отбасы жағдайымен облыс орталығы – Гурьев қаласына қоныс аударады.
Қандай жұмысты да қиынсынбайтын, жаңалықты жатсынбайтын ағамыз өзіне сеніп тапсырылған істі ұршықша иіріп, дөңгелентіп әкететін әдетімен құрылыс саласында да жүктелген жауапты, басшылық жұмыстарды тиянақты орындап, мұнда да әріптестерінің зор сенімі мен қошеметін иеленді. Көп ұзамай қалалық партия комитеті сол мезгілдегі ауыл шаруашылығы саласын көтеру саясатын жүзеге асыра отырып, Сәкеңді «Теңдік» көкөніс-сүт кеңшарына басшылық жасауды ұсынады. Қысқа мерзімнің ішінде шаруашылықтың экономикасын түзеп, жоғары көрсеткіштерге жеткізеді. Соңынан осында партия бюросының хатшылығына сайланып, ұжымның саяси жетекшісі ретінде де оны алға жетелеуге бар күш-жігерін жұмсайды.
Осындай өмір жолын өткеріп, өзіне ғана тән дара да сара жолын салған Самат Манапұлы майдандағы ерліктері мен еңбектегі жоғары жетістіктері үшін көптеген мемлекеттік марапаттардан да құр қалмады. Лайықты бағасын алып, мерейін үстеп, мәртебесін биіктетті. Солардың ішінде кейіпкеріміз үшін ең қымбаттысы – үзеңгілес жүріп, бірге жұмыс жасаған үлкенді-кішілі әріптестерінің өзіне деген шексіз құрметі, ізеті мен ілтипаты, ыстық ықыласы мен риясыз көңіілі, халықтан алған алғысы еді.
Ел басына күн туған сын кезеңде жанын шүберекке түйіп, Отанын жаудан қорғаған батыр – майдангер, бейбіт заманда көпшілікті соңынан ертіп, ел басқарған қайраткер тұлға, абзал азаматтың есімі елінің есінде сақталып, жұртының жадында жатталған жампозды ұрпақтары да әркез ұмытпай, ұлықтайтынына сенім мол.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ