Жарнама
Майталман

Ерлік пен еңбектің үлгісі

Бірнеше күн бойы тұрғындарды түтінге тұншықтырған қамыс өртімен бетпе-бет келіп, жан аямай жұмыс істеген жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс.

Иә, өткен айда болған қамыс өртінің салдары мен шығыны әлі күнге дейін тексеріліп, оған кінәлілер анықталып жатыр. Бүгінде осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Өкінішке қарай, бірнеше гектар аумақты шарпыған өртті сөндіру қиынға соқты. Оның бірнеше себебі де бар еді. Мәселен, батпақты жер болғандықтан «қызыл жалын» жалмаған аумаққа жету оңай болмады. Екіншіден, қамыстың түбі қайта-қайта бықсып, тұтанған өртті өшіруге біраз техника мен күш жұмсалды.

Өртпен арпалысқан сәтте нағыз ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсеткендердің қатарында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының трактор жүргізушілері Оңайбай Жексенғалиев пен Мүбәрак Катапов бар. Олар резерваттағы жағдайды бағдарлап, қауіптің алдын алу мақсатында батыл әрекет етті. Өз өмірлерін қатерге тіге отырып, табиғи апат салдарын барынша азайтуға күш салды. Олардың жедел қимылы мен кәсіби шеберлігінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Бұл – мамандыққа деген адалдықтың ғана емес, Отанға, табиғатқа деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Төтенше жағдайлар кезінде уақытпен санаспай, қауіпке қарамай, елі үшін еңбек етіп жүрген осындай азаматтардың еңбегі – қандай құрметке де лайық.

Оңайбай Жұмабайұлының резерватқа қызметке келгеніне көп уақыт өте қоймапты. Осы уақыт аралығында ол өзін жоғары білікті, тәжірибелі және өз ісіне адал маман ретінде танытқан. Кейіпкеріміз өз жұмысын жауапкершілікпен, ұқыптылықпен және тиянақтылықпен орындап келеді. Ауыл шаруашылығы техникасын жетік меңгерген, соның ішінде әртүрлі маркалы тракторлар мен арнайы техникаларда жұмыс істеуде мол тәжірибесі де бар екен. Әріптестерінің айтуынша, Оңайбай Жексенғалиев – ұжымда беделді, сыйлы, жас мамандарға үлгі бола алатын, еңбекқор қызметкер.

– Еңбек жолымызда түрлі жағдайларды бастан кешірдік. Бірақ бұл жағдай өзіме ерекше әсер етті. Себебі жанған қамыстың түтіні қалаға тарап, тұрғындар тұншықты. Өзіміздің отбасымыз да солардың ішінде. Біз уақытпен санаспай бықсыған қамыс қаптаған жерді жырттық. Түтіннің дәл қасында жүргендіктен біздің денсаулығымызға да әсері болды,-дейді Оңайбай аға.

Ал Мүбәрак Катапов «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында 2023 жылдың 21 шілдесінен бастап трактор жүргізушісі болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде өзін жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі жүргізуші ретінде көрсеткен. Резерват басшылығының айтуынша, ол өзіне жүктелген тапсырмаларды уақытылы және сапалы орындайды. Қауіпсіздік техникасы мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайды. Көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстап, ақаулардың алдын алуға ерекше мән береді.

Күнделікті жұмысында сенімді, сабырлы, ұқыпты қырынан танылған ол сол күндері еселі еңбек етті. Ешқандай кедергілер мен қиындықтарға қарамастан тәулік бойы жұмыс істеді. Ол өзінің жасына қарамастан күндіз-түні өрт сөндіруге атсалысты. «Әрине, қою түтіннің арасында жүрген сәтте қорқыныш болды. Бірақ біз уақытпен санаспадық. Алдымызда өртті ауыздықтау міндеті тұрды» дейді ол.

 «Тілсіз жаумен» бетпе-бет келген жандардың қайсарлығы – ұмыт қалмауы тиіс өнеге. Оңайбай Жексенғалиев пен Мүбәрак Катапов сынды азаматтардың ерлікке пара-пар еңбегі – қарапайым жұмыс иесінің ел тағдырына бейжай қарамай, сын сәтте алдыңғы шептен табыла алатынын дәлелдеді. Олар – трактор тізгіндеп, түтін мен жалынның ортасында жүріп, туған жерін қорғаған нағыз патриоттар. Бұл – олардың кәсіби шеберлігінің ғана емес, жүректегі елге, табиғатқа деген шынайы жанашырлығының айғағы. Бүгінгі күннің батырлары – күнделікті өмірде көзге көп түсе бермейтін, бірақ ел басына күн туғанда ерлік пен еңбектің үлгісін көрсеткен қарапайым жандар. Олардың еңбегі – құрметке әбден лайық.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button