Жарнама
Майталман

Еңбекпен өрілген ғұмыр

Жұмабай Мүтиев – атакәсіптің кәнігі шебері, атақты шопан, Исатай ауданының Құрметті азаматы. Ол – соғыстан оралмаған майдангердің ұлы. Қой шаруашылығында қырық жылдан астам уақыт табан аудармастан еңбек еткен тәжірибелі малбегі, жастардың тәлімгер-ұстазы, «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері.

Осындай өмірі аңызға айналған, жасы тоқсанға таяған абыз ақсақал туралы «Маңдай тер» атты кітап жарық көріп, тұсауы кесілген болатын. Жуырда осы туындының басты кейіпкері Жұмабай Мүтиев және авторы, белгілі журналист Мәди Өтеғалиев оқырмандармен кездесті.

69d6be0d 913b 4c16 800b e78d30e38150

Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылған тағылымды шараны «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы жанындағы «Шабыт шандозы» алаңы өткізді.

Кітапта баяндалғанындай, әкесі Мүти Байғазыұлы Орпа ауылдық кеңесінен соғысқа аттанғанда, артында қалған алты, төрт жастағы және жасқа да тола қоймаған үш баласын жұбайы Мұхсина бауырына басып қала берді. Ортаншысы Жұмабай ұжымшардағы сауыншы анасына қолғанат болды. Қаршадайынан бұзау бақты, шөп шапты, қой бағып, егінге көмектесті. Кәмелетке толғанында ауыл басшылары еңбекқор, тындырымды бозбалаға бір отар Шопан ата түлігін сеніп тапсырды. 1956 жылдан басталған шопандық еңбек жолы қырық екі жылға ұласып, елімізде екінші тың саналған қой шаруашылығын өркендету ісіне өлшеусіз үлесін қосты.

e63f93bc 4f33 403c 8611 9916602a5cce

Ол он үш жыл бойы кеңшардағы «Жігер» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына ұстаздық-тәлімгерлік етіп, жастарды ата кәсіпке баулыды. Олардың ұзын саны алпыстан асып жығылады. Жұмекең ауданда алғашқылардың қатарында шаруа қожалығын құрды. «Ат тұяғын тай басар» демекші, бүгінде әкесінің қолымен құрылған шаруашылықты ұлы Бекболат табысты дамытып, лайықты жалғастыруда. Құдай қосқан қосағы Збира апаймен екеуінің шаңырағында тәрбиеленген өзге де ұл-қыздары ата-ананың өнегелі өмір жолын өрісті етуде.

– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезімде өңірдің озат шопандарының қатарында қамысқалалық Жұмабай Мүтиевтің де есімі жиі аталатын. Бағымындағы мал басын аман сақтап, табысты көбейту мақсатында шаруашылықтарда «аналық қойды қолдан ұрықтандыру» тәсілі (СЖК) кеңінен қолданылатын. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өндіріске енгізе білген жаңашыл малшылардың бірі де осы Жұмекең болатын. Нәтижесінде, отарындағы әр жүз саулықтан 150-ден 190-ға дейін қозы алынуын қамтамасыз еткен аға шопанның еңбегі еленіп, сол мезгілдегі ең жоғары мемлекеттік марапат саналатын «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне тақты, – деді кейіпкер хақында кітаптың алғысөзін жазған оның замандасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау облысының Құрметті азаматы Бақтыбек Таубаев.

6c726583 1a00 4251 814c 2c3b98c49f30

Жасының ұлғайғанына қарамастан, әлі күнге айтар ойынан жаңылмай, өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып, кейінгі толқынның толыққанды азамат болып қалыптасуына аянбай қол ұшын созып, парасат-пайымын, ақыл-кеңесін халқының келешегі жолына арнап, саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, мәуелі бәйтерекке айналған ел ардақтысына қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Ерлікке пара-пар жанқиярлық еңбегімен ел табысын еселеуге өлшеусіз үлес қосқан, өзіндік өмір жолымен дараланған, өнегелі ғұмырынан өскелең ұрпақ ғибрат алар нар тұлғаларды, олардың замандастарын ұлықтау – бүгінгі буынның борышы.

Ойын осылайша түйіндеген кітаптың авторы, әріптесіміз Мәди Рақымұлы бұл туындының дүниеге келуіне ең алдымен адалдығынан айнымаған еңбек адамының өмір жолы себепші болғанын атап өтті. Ал кітаптың жазылуына немересі, «Сарайшық» республикалық мемлекеттік музей-қорығының ғылыми қызметкері Амангелді Жұмабаев түрткі болған.

Қызықты да тартымды кездесуді «Шабыт шандозы» қаламгерлер алаңының жетекшісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов жүргізді. Сұрақ-жауап түрінде өткен кездесуде кітаптың кейіпкері мен авторынан бөлек, оқырмандар да әңгімеге араласып, ой-пікірлерін білдірді. Олар еңбегімен елінің қадірлісі атанған қарияны әр қырынан танытуға тырысты. Әуелеген әсем ән де шараның шырайын аша түсті.

Кездесу соңында қатысушылар кітап кейіпкерінің өмір жолын баяндайтын көрмені тамашалап, естелік фотосуретке түсті.

Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button