Жұрт ұмытқан дәстүр бар
Жақында Астана қаласына жол түсіп, «Әдемі-Ай» өнер үйіне бас сұқтық. Ғимараттың іші ерекше екен. Қазақтың иісі шығады. Сөрелер кәдесыйларға толып тұр. «Тәуелсіздік» монументі, «Бәйтерек», асық, ер-тұрман – бәрін осыннан табасыз. Осы жерде «Әдемі-Ай» өнер үйінің директоры, Мәдениет қайраткері, ғалым-этнограф Баһаргүл Төлегенқызымен кездесіп, қазақтың ұмытылған дәстүрлері жайлы әңгіме қозғаудың сәті түсті.
–Баһаргүл Төлегенқызы, жалпы сіз туралы батыс өңірі біле бермейді екен… Әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасақ?
–Менің ата-әжем, ата-анам қазақтың көшпелі мәдениеті мен салт-дәстүрін күнделікті өмірде пайдаланды. Мен де рухани мұраны көзімнің қарашығындай сақтауды үйрендім. Негізгі мамандығым – биолог. 1994-1997 жылдары білімімді жетілдіру мақсатымен ғылыми жұмыспен айналыстым. Диссертация жазуға әзірлік барысында Қазақстандағы ежелгі қолданбалы өнерді зерттеуге бет бұрып, аталмыш өнердің ежелгі туындыларын жинастырушылармен танысып, көне заттардың коллекциясына ие болдым. Содан бастап Қытай, Моңғолия қазақтарының жәдігер бұйымдарын жинай бастадым.
Осылайша, 2002 жылы «Әдемі-Ай» өнер үйін аштым. «Әдемі-Айдың» мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық ұғымның халыққа жету жолдарын қарастыру.
–Иә, рухани қазынамызды насихаттап, ұмытылған дәстүрлерді қайта жаңғырту жолындағы еңбегіңіз өлшеусіз…
– Ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізуді міндетім деп қабылдаймын. Қазіргі уақытта көне жәдігерлерді жинап қоймай, тәуелсіз еліміздің бай мәдениеті мен терең тарихын насихаттап жүрмін.
Жалпы, қазақтың қай дәстүрін алып қарасаңыз да, астары терең, тәрбиесі мол. Атап айтсам, «Баланың бауырынан табақ жүгірту», «Шілдехана күзету», «Өңір салу» секілді ырым-дәстүрлердің барын көп халық біле бермейді. Бұлай айтуымның себебі де бар. Өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама түрлі салт-жоралғылардың анықтамасын жазып отырамын. Сонда оқырмандар менің жазбаларымнан көп нәрсені біліп-танығандықтары үшін ризашылықтарын айтып жатады.
–Жаңағы өзіңіз айтқан «Өңір салу» ырымын батыс жақта біле бермейді. Сол туралы кеңірек айтып бересіз бе?
–«Өңір салу» – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі. Ол қазірге дейін сақталмаса да, кейбір өңірлерде осыған ұқсас шаралар өтіп жатады. Ертеде қазақтар «Өңір салу» дәстүрін тойдан кейін өткізген. Келін түскен үйге сол әулеттің әйелдері шашу шашып баратын болған. Негізі, «Өңір салу» кәдесый беру жоралғыларының қатарына кіреді. Бұл дәстүрдің негізгі мағынасы мен мақсаты жаңа құрылған отауға қамқор болып, құрмет көрсетіп, тұрмыстық жағынан көмек көрсету болған.
«Өңір салу» дәстүрі бойынша, әркім өзінің қолында барын, жағдайы жететін затын әкеледі. Жағдайы болмаса ырымдап үкі, бүркіт тұяғын да апарған. Ал, өңір салу дәстүрімен барған әрбір қонақты қазақтар ерекше күтіп, малын сойып, мол дастархан жайған. Мұнда ең маңыздысы, келген әрбір қонақтың риза болып қайтуы. Рәсім аяқталғаннан кейін қонаққа сарқыт беріледі. Мұның мағынасы «жұғысты болсын» дегенді білдіреді.
Осы жерде айта кетейін, бұл дәстүрді жаңғырту қажет. Себебі, оның жастар үшін маңызы мен пайдасы мол. «Жас отбасы тезірек аяққа тұрып кетсін, ел қатарына қосылсын, жас келіннің жоқ заты көп болып, біреуге алақан жайып қалмасын» деген ниеттермен осындай дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыру керек. Осының арқасында жастардың тұрмыстық қиындықтарға бола ажырасып кетуі секілді проблемаларынан арылатын едік.
–Байқаймын, мына кәдесыйдың көбінде «Асығың алшысынан түссін!», «Жолың болсын!» деген бата-тілектер жазылған. Бұл да бір қазақтың мұраларын халық жадында жаңғыртудың тәсілі ме?
– Әрине. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, сөредегі заттан жақсылықтың иісі аңқып тұрғаннан кейін халықтың да назары ауады. Кәдесыйдағы сөздер арқылы өз тұтынушыларымызға тілектес екенімізді білдіреміз. Біз тек табыс табуды көздемейміз. Бұл арада сыйлық беруші мен сыйлық алушының қуанышы бар.
– Әңгімеңізге рахмет. Қазақ халқының ұлттығы мен ұлықтығын дәріптеп жүрген еңбегіңіз елене берсін!
Сұхбаттасқан Майра ОРАЗҒАЛИЕВА