Жұмекен жыры жауған күн
Атырауда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Елім менiң!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.
Жұмекен мұрасын халық арасында, ǝcipecе жастарға насихаттау мақатында өткен байқауға еліміздің әр өңірінен 13 үміткер қатысты. Байқауды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев шараның маңызына тоқталып өтті.
— Республикалық Жұмекен оқулары алтыншы жылы дәстүрлі түрде өткелі отыр. Жұмекен Нәжімеденов Атыраудың қасиетті Қошалақ топырағында дүниеге келген. Өзінің жалынды жастық шағын Алатаудың баурайында өткізген ақын туған жерге деген сағынышын әркез жырына арқау қылып отырған. Оның жырларынан тағылым мен тәрбиенің, адалдық пен отансүйгіштіктің терең мәнін түсінуге болады. Жұмекен шығармаларын терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа насихаттау — біздің борышымыз. Сондықтан да бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен көркемсөз шеберлерін алдырып, жырсүйер көпшілікке керемет өнер кешін сыйлап отырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Байқауда үміткерлер ақынның поэзиялық шығармаларымен қатар, прозалық туындыларынан үзiндi оқу міндеттелді.
Сайысқа Ақмола, Ақтобе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Кызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркiстан облыстарынан 13 көркемсөз шебері қатысты.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президентi сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов төрағалық еткен қазылар құрамының шешімімен Алматы облысынан келген қатысушы Нұрбақыт Аршын жарыс жеңімпазы атанды. Бірінші орынды жетісулық Аршын Айдынбекұлы иеленсе, екінші орынды Түркістан облысының көркемсөз шебері Ержан Жолдасов еншіледі. Ал, үшінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Васихан Бекзатқа бұйырды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Атырау облысы әкiмiнiң атынан дипломдар, қатысушыларға алғыс хаттар, ақшалай және арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, байқау Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.