Жарнама
Мәдениет

Жастар театры аудандарды аралайды

Атырау жастар театры Халықаралық театр күнін ерекше атап өтті.  Бұл – күні кеше 66 мемлекеттік театр болып құрылған өнер ордасының алғашқы шарасы.  

  Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының киелі сахнасында табанының табы қалған ардагер актерлер, сахна майталмандары шымылдық артында емес, көрермендермен бірге өнерге ынтық жас буынның құттықтауларын тамашалады. Шараға, сонымен қатар, депутаттар, мәдени ошақтары басшылары мен ұжымдары қатысты.

   Мерекелік шарада жастар композициялық қойылымдарында 2014 жылы әуесқой театр болып құрылған жылынан бастап мемлекеттік театр атанған аралықты көрсетті. «Идея қайдан туды?» деген сұраққа да жауап тапты. Кастингтің өту барысы, әртүрлі қиындықтар мен қуаныштар, фестивальдардағы жеңістері мен жеңілістері, он жылдағы тетардың асынан өткен қызығы мен шыжығын көрерменнің көз алдына әкелді. Гран при алған жемістері мен жетістіктерін ерекше толқыныспен суреттеді. Осылайша әртістерді төл мерекемен құттықтаған көрермендер ерекше форматтағы шараның куәсі болды. Қойылымдарды әдемі әнмен, бимен жеткізгендегі шеберліктері ел-жұрттың көңілін тап басты.

  Айта кетелік, бүгіне театрда 25 актер, сахна сыртында 28 маман еңбек етіп жүр. Шарада облыс пен қала билігі, мәслихаттар төрағалары, басқарма басшылары оларды марапаттады. Көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерсүйгіш ұрпағымызды тәрбиелеу жолындағы игілікті еңбектеріне жеміс тіледі.

   –Бүгін театр қызметкерлері үшін ғана емес, театрды жақсы көретін көрермендер үшін де маңызды мереке. Театрдың барлық ұжымын осы айшықты күнмен құттықтаймыз. Алдағы уақытта да  түрлі  қойылымдарымызбен көрермендерімізді қуантамыз, — деген Атырау жастар театрының  директоры Әміржан Нұрланұлы жоспарларымен де бөлісті. 

Оның айтуынша, ғашықтар күніне орай «Махаббат кафесі» деп аталатын поэтикалық кеш, Махамбет театрында «Үйлену оңай» және «Еркіндік» жастар комедияларын көрермен назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сәуір айында «Жәннат» жанұялық драмасымен облысқа қарасты жеті ауданға гастрольдік сапарға шығады. Ал мамырдың басында бірінші премьерасы Б.Соқпабаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын қояды.  

  Еске сала кетейік, халықаралық театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының ІХ конгресімен бекітілді және жыл сайын 27 наурыз күні ІТІ Орталықтармен және халықаралық театр қоғамдастықтарымен атап өтіледі.

Халықаралық театр күніне арналған алғашқы халықаралық үндеуді 1962 жылы француз жазушысы және суретшісі Жан Кокто жазды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button