Жарнама
Мәдениет

Жақсының аты өлмейді…

«Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкелер ем бір тауды…»

Қазақтың маңдайына біткен тұңғыш бард ақын – Табылды Досымовтың «Биіктік» аталатын бұл туындысы алыстан мұнартып, басын әппақ қар шалған тауы болмаса да, таудай тұлғаларды тудырған Атыраудың асқақ ұраны. Бұл әнді тыңдағанда өне бойыңды өрлік сезімі билейді. Аспандағы құс та саған теңдессіз көрінгені соншалық, қолыңды созып, бұлт арасынан арманыңды іздеп кеткің келеді.

Қазір әннің әуенін де, сөзін де өзі жазатын әншілер жетерлік. Алайда, әннің әуеніндегі ойнақылық пен ырғақ неғұрлым «дауысты» болса, сөзі соғұрлым «дауыссыз» болмақ. Ал, «бард» ақынның әндерінің әуені құлаққа жағымды, көңілге қонымды «дауыссыз», сөздері жер шарының кез-келген түкпірінен естілетіндей, мағыналы да мәнді һәм «дауысты».

«Ұйықтап кетіп, сол күйі оянбай қалған» Табылдының әр өлеңі, сені тұңғиыққа тартса керек, тыңдаған сайын терең ойға шомыласың.

Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,

Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай.

Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,

Тұманбайлар кетер ме екен жыр жазбай.

Бір құдірет тұла бойда тасқанда,

Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,

Қыр баласы тауға қарап өспейді,

Қыр баласы қол созады аспанға…

Ақынның бұл әні Тұманбай Молдағалиевтың жырындағы мына бір шумағына жауап:

Алатаудың жаңбыры мен нөсері,

Бала күнгі жан досымыз кешегі.

Ұлы өзендер басын таудан алады,

Тау баласы тауға қарап өседі.

Тауға қарап таусылып арман қуған қыр баласы биікке ұмтылып, тұман арасынан жол тапқандай.

Қаланың тірлігінен шаршап, алыстағы ауылын аңсап жолға шыққан Табылдының «Шаһари шақтары» :

…Қамықтым кейде алақан таппай аялы,

аттандым сосын сахара сары далама

Бәледен қашқан Машайық құсап баяғы.

Ақжарма дәурен бізден де сөйтіп алыстап,

тарттым да кеттім Ақжайықты өрлеп, қарыштап.

Алқам да, салқам феодалша өмір сүрмекке,

ауылға барып Аманқос құсап мал ұстап…

«Ауылға кел, ауылға көш» деген пропаганда өлеңдермен салыстырғанда, Табылдының бұл туындысында еркіндік бар.

Ауылда тәлтіректеген мас адамды көрсек, қуанушы ек. Себебі, сол уақытта одан асқан жомарт жан болмайтын. Өміріне дән риза. Бірақ, есімізді біле тұра, біз адамдар жәй отырып та өмір туралы терең ойға батамыз. Өміріне, тағдырына титтей өкпелі жанға Табылдының әндерін тыңдау қауіпті. Өз ойыңмен бетпе-бет келсең, одан шыға алмай қаласың. Ол жайлы ойлап кетсең қорқасың, атам қазақ айтпақшы «қорыққанға қос көрінердің» күйін кешуің де ғажап емес. Бірақ, мен өлім туралы ойдан бұрын, мына әннен қатты қорыққанмын:

Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым,

Еңсемді езеді тамұқ-түн.

Сығалап қарадым мен оған,

Терезесінен табыттың.

Лақаттан лақтырдым бөркімді,

Тәнімді жаным жеп өлтірді.

Жардағы сүгірет үні кеп,

Күлкімді менің келтірді.

Сезімім құламай сенделіп,

Қиялым барады жерге еніп.

Қараңғы тып-тымық бөлмеде,

Жарқырап шам тұр тербеліп…

…Біреу келсе екен!…

«Тұңғыш бард ақын» деп ұлты ұлықтайтын ақынның ішінде соншалықты мұң мен зар жиналған деп кім ойлаған… Табылды жазған әр шумақ – біз үшін таптырмас шедевр!

«Heгізгі болмысың — ойдан тұрады. Қалғаны — ет пен сүйек. Гүл ойласаң — гүлістансың. Тікен ойласаң – тікендісің», – деген Мәулана Руми сөзін ескерсек, нені ойға алсаң, аузыңнан сөз, қаламыңнан жазу боп шықса, сол саған бір табан жақындай бермек. Бәлкім, ақынның тағдырына жазылған, дәм тұзы таусылар шақ сол болған шығар, бірақ, біз ойға алуға батпайтын дүниені өлең қып жазу үшін қаншалықты «жалғыз» болу керек екен…

Ол:

-Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,

Табылдың құтылуы қиын шығар, – деді.

Мен:

Табылдар құтылмаған бұл өлімнен,

Белгілі Жанарайдың құтылмасы, – деймін.

Жанарай  ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІІ курс студенті

Сурет: urker.kazgazeta.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button