«Zhaiyk brаnd fest»: Атырауда ерекше көрме өтті
Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған көрмеге өңір басшысы Серік Шәпкенов қатысып, шеберлермен тілдесті. Атырау тұрғындарына ағаштан, табиғи былғарыдан, киізден жасалған бұйымдар, тігін және тоқыма өнімдері, түрлі пішіндегі мүсіндер ұсынылды, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында сөз алған облыс әкімі Серік Шәпкенов ұлттық өнерді дамытуға әрқашан қолдау көрсететінін айтып, дәстүрлі түрде өткізуді тапсырды.
— Атадан қалған қолөнерді сақтау — басты мақсат. Заман ағымына қарай түрлі техникалар мен материалдар шығарылса да, дәстүрлі өнерді жалғастырып, көз майын тауысар еңбектен қол үзбей келе жатқан шеберлерге алғыс білдіремін. «Әке көрген оқ жонар» демекші, көненің көзін келешек ұрпаққа насихаттап жүрген сіздердің еңбегіңіз ерлікпен пара-пар. Әр қолөнершінің саусағынан туған дүние «қазақ» деген аты мәшһүр халық екенімізді танытып, ұлттық рухты оятады. Осы құндылығымыз жоғалмаса деймін. Мұндай фестивальдің аясын кеңітіп, жыл сайын ұйымдастыруды, әр сала бойынша шеберлік сабағын өткізуді тапсырамын, — деді С.Шәпкенов.
«Zhaiyk brаnd fest» қолөнерді дамыту, өңірдің туристік әлеуетін арттырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылды. Әбілхайыр хан даңғылындағы Көрме залында өтіп жатқан шара 23 қарашаға дейін созылып, бұйымдар ертеңнен бастап сатылымға шығарылады.
Жиын соңында шеберлер келесі бағыттар бойынша марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды:
— Ағаштан жасалған бұйымдар;
— Табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар;
— Ұлттық тоқу өнімдері;
— Ұлттық киізден жасалған бұйымдар;
— Тігін өнімдері;
— Ұлттық тоқыма және кесте өнері;
— Мүсін бұйымдары.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ