Жарнама
Мәдениет

«Заңғар тұлға»

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында осындай атаумен шығармашылық кеш өтті. Шара Қазақстанға еңбегі сіңген заңгер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеевтің 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған.

????????????????????????????????????

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов мерейгерді құттықтай отырып, жұбайы Ғалия Ақатайқызы екеуінің иығына шапан жапты. Ал, қазақтың тау тұлғалы ардақтылары – қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов пен Амангелді Айталы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Сондай-ақ, кеш барысында «Хабар» арнасы түсірген «Заңғар тұлға» деректі фильмі көрсетілді. Телетуындыда Ирак Қасымұлының қызметтес, үзеңгілес достары, әріптестері және  шәкірттері танымал тұлғаның өнегелі өмірі, атқарған жұмысы жайлы сыр шертеді. Ирак Қасымұлы заң саласындағы қызметін 1977 жылы Маңғышлақ аудандық сотының мүшесі болып бастаған. Содан бері төрт салада аянбай тер төкті. Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты, Мәжіліс аппаратының жетекшісі болды. Ал,  2008 жылы «Жыл адамы» атағын иеленді. Сонымен қатар, бірнеше жыл «Хабар» арнасында «Көзқарас» бағдарламасын жүргізіп, журналистика саласында да қызмет атқарды.

????????????????????????????????????

Салтанатты шара барысында Ирак Елекеевтің «Көзқарас» кітабының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға жол тартты. Кітапта бағдарлама барысында сұхбат алған еліміздің танымал тұлғаларымен қатар, шетелден келген көрнекті саясаткерлердің, беделді сарапшылардың, өнер жұлдыздарының пікірлері ықшамдалып топтастырылған.

– Атыраудың қыран ұлы – Ирак Қасымұлы биліктің төрт тармағының да дәмін татып, төрт салада да абыройлы қызмет атқарды. Әсіресе, оның «Көзқарас» бағдарламасын тікелей эфирде жүргізуі – ерлікпен пара-пар. «Менмін» деген маманның өзі камера алдында тосылып, сөз таба алмай кібіртіктеп қалады. Ал, журналистика саласынан алыс Ирак Қасымұлының бағдарламаның тізгінін бірден ұстауы – көпті елең еткізген жаңалық болды. Ол қарапайым халықтың неге сусап отырғанын жақсы түсінді, қоғамға не керек екенін анық білді. Сондай-ақ, Ирак Қасымұлының сот және әділет салаларында атқарған көптеген игі істері  кейінгі толқынға, әріптестеріне үлгі болары шындық, — деп «Хабар» агенттігі Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев мерейгердің өнегелі өмір жолынан сыр шертті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов «Ирак Қасымұлының еңбегі ең жоғары құрметке лайық» деп оған қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін «Хиуаз Доспанова» медалін табыс етті.

Өз кезегінде танымал өнер жұлдыздары Бағдат Сәмединова, Гүлнұр Оразымбетова және жергілікті әртістер де ән мен жырдан шашу шашып, кештің сәнін келтірді.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА,

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button