«Ұлы дала хандары»
Жас ақын-жазушы, «Шабыт» баспасының редакторы Елмұрат Ораздың кезекті туындысы осылай аталды. Жаңа кітаптың таныстырылымы Абай атындағы оқушылар орталығында ғалым-ұстаздардың қатысуымен өтті.
Еркін форматтағы шарада Елмұрат Жақсылықұлы кітаптың мазмұнына тоқталды.
-Барша оқырман қауымға арналған кітапқа қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мұрасы арқау болды. Сондай-ақ 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген Қазақ Ордасының 30 ханына жеке тоқталып, олардың өнегелі өмірін әңгімеледім, — деді кітап авторы.
Отыз ханды қамтыған осынау шығарма Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне тарту етілген. Проза жанрында жазылған кітаптың алғысөзінде Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ профессоры Берекет Кәрібаев, шығыстанушы Төрәлі Қыдыр «сол дәуірді оқырманға паш етіп, жас ұрпақты өр рухпен тәрбиелеу жолында бұл кітаптың пайдасы зор» деп баға беріп, пікір білдірген.
Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова авторды кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, жас қаламгерге құнды еңбектің жалғасын табуына тілекші болды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА